Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген
Талай жанның балалық шағын, біреудің анасын, енді бірінің өмірін жалмаған адамзат тарихындағы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 76 жыл. Жеңіс күні – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілікке есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі мереке. Соғыс деген сөз өшті – оқ дауысы жойылды.
Майдан туралы мағыналы әндер де, тарихи шығармалар да көп. Соның ішінде «Тарлан тобы» орындайтын «Бейбіт күн тілегі» деген әннің тарихына тоқталмақпыз. Жұмекен мен Шәмші! Қос тұлға тамылжыған тамыз айында Алматыда танысып, табысқан. Қазақтың екі ұлы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға бір мезгілде түседі де, халқына әсем ән сыйлау осылай басталады.
Қаламгер Марат Азбанбаев: «2003-2005 жылдары Жұмекен жыры мен өмірін зерттеу барысында ол оқыған консерваторияға соғудың бір реті келмеді. Әр нәрсенің өз сәті болмай ма, ойда жүрген іс 2007 жылы орындалды. Жаз. Консерваторияда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ресми түрде Шәмші мен Жұмекеннің студенттік жеке істеріне сұрау бердім. Мұрағаттан тек Жұмекеннің жеке ісі ғана табылды. Ішінде Жұмекеннің консерваторияға түсердегі емтихандық нөмірі үшінші парақшасы шықты. Бірінші хаттама, 1956 жылдың 20 шілдесінде толтырылған. Жұмекен Қарағандыдан Алматыға 5 шілдеде пойызбен жеткен-тұғын. Алғашқы емтиханды 5 тамыз күні бекітілген бағдарлама бойынша домбырадан беске, өте үздік тапсырып, табиғи дарындылығы жақсы бағаланған. Орыс тілі мен әдебиеті және тарихтан бағасы төрт. Бірі тамыздың 12-сі күні, екіншісі 20-сында өткен. Бұл құжаттан шахтер ақынның консерваторияға өте жақсы дайындықпен келгенін көреміз», – дейді.
1956 жылы Жұмекен шахта азабынан құтылып, азат өнер әлеміне енеді. 21 жастағы ішкі қуаты айналасына төгіліп тұратын жас жігіт. Соғыс бітіп, ел ішіне мамыражай бейбітшілік орнаған. Өзіне таланты теңдес дос тапқан. Көңілін кернеген ән бар. «Бейбіт күн тілегі» боп кеуделерде қанат қаққан музыка қазақ даласына жараса кетеді. Әуені – Шәмшінікі, сөзі – Жұмекендікі.
Кел, достарым, ән бастадым.
Көтеріп жаңғырық!
Данасын дала, баласын ана,
Жоқтамасын мәңгілік!
Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын!
Көктесін жас ағаш одан әрі,
Өткен күн қайтадан жанбайды.
Сұлудың кестелі орамалы,
Сүртсін тек тершіген маңдайды.
Қайғыны білмесін ана жаны,
Қазіргі адамда арман сол.
Әлемнің бар сәби балалары,
Оянсын ұйқысы қанған соң.
Тыныштықты, сәбидің ұйқысын, ана мен баланы құрметтеуге шақырған тілекке кім қосылмас?! Бұл – достардың, қазақтың әні емес, адамзаттық ән.
Дина БӨКЕБАЙ