Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілегіміз – тату тірлік, мұратымыз – ауызбірлік болсын

Тілегіміз – тату тірлік, мұратымыз – ауызбірлік болсын

Дүйім дүниені дүрліктірген «коронавирус» сөзі «қаржы дағдарысы», «терроризм», «зілзала» және тағы басқа да сөздерден де қорқынышты болып, әлемдік деңгейдегі ең өзекті мәселеге айналып ­барады.
Бұл індет көрші ел Қытайдан шығып бүкіл жер шарына тарап, үлкен қауіп-қатер тудырып жатыр.
Мемлекетіміз бұл вирустың алдын алу шараларына күні бұрын кірісіп, тынымсыз жұмыстар атқарылуда.
Бәрін мемлекет жасайды деп қарап отырмай әрбір тұрғын өзінің қолынан келетін әрекетке мұқият болып, мемлекет тәртібіне бас иіп, заңдарды мүлтіксіз орындауды, санитарлық ережелерді сақтауды парызым деп барлық талапты бұлжытпай орындасақ, бұл індеттен де аман қаларымыз анық.
– Негізгі жұғу жолы – тамшы жолы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде, жақын тұрып сөйлегенде жұғады.
Сондықтан аман болудың төте жолы – әрбір елді мекен, мекеме, отбасы, жеке адам өздеріне бекем болып, үйден шықпай тазалықты қатаң сақтап, қол алыспай, бетпердені киіп кездесудегі ара қашықтықты ұстап, Отандық тағамдарды пайдаланып сақтанса өте тиімді әрі қауіпсіз болары анық.
Қиындықта қол ұшын беру игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет.
Шын жомартқа жолықсаң су орнына бал берер, осындай жомарт қолды қайырымды жандардан үлгі алып, жергілікті кәсіпкерлер де аудандағы тұрмысы төмен, көп балалы тұрғындар мен жалғыз басты, көмекке зәру жандарға қамқорлық жасап, демеп отырса нұр үстіне нұр болар. Сонда көп ұзамай бұл індет пен қиындықтан шығатын күн де туар.
«Тазалық – денсаулықтың кепілі» деп тегін айтылмаған, қай уақытта да аурудың алдын алу қажет.
Жасыратыны жоқ біздің қазақта «Құдай жар болсын» деп жүре беретін әдет бар. Еріншектікті қойып мезгілінде тексеріліп тұруды міндетті түрде орындауымыз керек. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» дегендей, аурудың алдын алып емделуге әдеттенген жөн.
Денсаулықтың бірден бір жолы тазалықты сақтаудан басталатынын мұсылман қауымның бес уақыт намазға жығылу, дәрет алып жуынып-шайынудың мән-мағынасын дұрыс түсінгені бүкіл әлемге белгілі. Намаз – нағыз дене шынықтыру, тазалық, денсаулыққа жол ашу екені ғылыми түрде дәлелденген.
Әлемді жайлап жатқан коронавирус біздің елге де келді. Ол сыртта жүріп, елге жеткендерден жұғып жатыр. Елдің ішінде ол аурумен ауырған адам жоқ. Сондықтан сақтансаң – сақтайды дегендей, әрқайсымыз сақтық шарасына мұқият болайық.
Айналамыз аман, төрт көзіміз түгел болсын десек, біріншіден, мемлекетіміздің заңына бағынып, тәртіпті мұқият сақтайық. Екіншіден, күнделікті тоқтаусыз жариялап жатқан тазалық талаптарын мүлтіксіз орындауға дағдыланайық!
Кір сабынмен жуыну, әзірге көпшілікке бармау, қол алыспау, ара қашықтықты сақтау, қоғамдық тамақтандыру орындарындағы тамақ дайындаудағы санитарлық талаптарды сақтау мен кешкі сағат 22:00-де жабуды, үйден шықпауды, қыдырмауды, үйде той өткізбеуді, тағы басқа келеңсіз жағдайларды осы коронавирустан сақтану жолдарына байланысты өзіміз қор болмай өмір сүргіміз келсе тәртіп пен талапты бұзбауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз халқына деген жанашырлығы миллиардтап қаржы бөліп, жасап жатқан қамқорлығын әрбір азамат дұрыс түсініп, осыншама еңбек пен қамқорлықтың қадірін білуіміз керек ағайын!
Біз қазақ басымыздан талай бұдан да сорақы қиындықтарды кешірген халықпыз. Бірінші Президентіміз Н.Назарбаев халықты бірлікке шақырып қордан көмек бөліп, қалталы азаматтарды халыққа көмек жасауға шақырған үндеуі елді жігерлендіріп, миллиардтаған қаржылар орталық қорға құйылуда. Ол мыңдаған тұрмысы төмен, және көп балалы отбасыларға көмек жасалып таратылуда. Шын батырға жолықсаң, сен үшін жан берер дегендей өз жанын қатерге тігіп күні-түні ажалмен арпалысып жатқан медицина саласы мен тәртіп сақшылары полиция қызметкерлерінің еңбегін бағалап үстемақы төлеуге жұмсалуда.
Елдің бірлігі мен дұрыс түсінігінің белгісі – өзінің елін таныған ер, қасиетті істі қолдаған еріктілер тобы үй аралап дәрі-дәрмек, тамақ, тағы басқа күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті заттарды тұрғындарға апарып беруде. Арамызда тап осындай қиын-қыстау уақытта ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, ­кейбіреулер бетпердені көтере алып, өз халқына қымбатынан сатып оңай олжа табуға арын сатып жүргендер де шығуда.
Осындай жазықтыларды дер кезінде жазалап отырмаса, жаңа қылмыс туындай береді.
Қиындыққа ұшыраған Астана, Алматы қалаларына басқа өңірден медицина қызметкерлері өз еркімен лек-легімен келіп халыққа қызмет ­жасауда.
Бұл деген елдің бірлігі туған жерге, халқына деген мейірімі мен сүйіспеншілігі және нағыз ерлік пен батырлықты көрсетеді.
Дегенмен тұрғындар кейде қауіпсіздік шараларына назар аудара бермейтіні рас.
Мұндай немқұрайлы көзқарас орны толмас жағдайға әкелуі әбден мүмкін.
Сондықтан қай уақытта да сақтық шарасына назар аудару – әрбір азаматтың негізгі міндеті болуы тиіс.
Біздің облыстан да бір коронавирус жұқтырған адам шықты, ақыры қайыр болғай дегенмен де енді біз бұрынғыдан да бетер өзімізге-өзіміз өте сақ, мұқият, жинақы болып ара-қатынасты азайтып, қолдан келгенінше көшеде бетпердесіз жүрмей, тазалықты қатаң сақтайық, қыдыру мен қонақ шақыруды тоқтатқан дұрыс.
Аудан басшылары мекеме, кәсіпорындар арқылы қауіптің алдын алу жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, тұрғындарға қатаң талап қоюда. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде.
Тұрғындардың түсінігі мен талаптарды қабылдауы ойдағыдай.
Ауданның әрбір азаматтары осы қауіпті коронавирустан аман құтылудың жолына өзінің қолынан келетін үлесін қосуда.
Осындай кезеңде сыртқы тазалықпен бірге ішкі көкірек тазалығы мен ақ пейіл де сақталып, бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қарап, қайырымдылық жасап, тәртіп бұзушылыққа қырағы қарап, арандатушылыққа жол бермеуге, елге ақыл-кеңес айтып бірлікті қамтуға, сабырлыққа шақыруға ақсақал ардагерлер, аналар және барлық қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыстар жүргізуге мұрындық болу парыз.
Ата салтын сақтап, біркісінің баласындай, жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек бұл қатерлі қауіптен де аман құтылатынымызға күмән келтірмейік.
Тіл көзден аман болып, Құдайым әрқашанда ақ пейілімізге адал қарағай!

Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
31 наурыз 2020 ж. 1 122 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031