Төрт түлікке "сәуле шағылыстырғыш" тағылуда
Қазалы ауданы территориясының біраз бөлігін қамтитын «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар автомобиль тас жолы бойында шаруа қожалығы иелері мен тұрғындардың жеке малдарының жолды кесіп өтуінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында біршама игі жұмыстар атқарылуда.
Төрт түлік малдың автомобиль жолына шығып кету себебінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылады, оның ішінде адам денсаулығы мен материалдық шығындар орын алуы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда жергілікті тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау туралы түсініктеме беріліп, автомобиль жолы бағытында жайылатын малдардың мойынына түнгі мезгілде жарыққа шағылысатын "Сәуле шағылыстырғыш" белбеу тағу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы «КазАвтоДор» АҚ тарапынан Ақсуат маңайына 80, 60, 40 шақырым қашықтық жылдамдығын тежеуге арнайы жол белгісі және №99 бекет «Еңбекшіқазақ» тұсына автокөліктің жылдамдығын өлшеу құралы орнатылған.