Алып кранды тізгіндеген ана
Қазалы стансасындағы «LCI-MK» ЖШС жылына он мың текше метр темір-бетон бұйымдарын және конструкцияларды өндіре алатын іргелі кәсіпорынның бірі. Соңғы жылдары оған тапсырыс берушілер қатары да көбеюде.
Соның арқасында ауданның экономикалық жағдайын біршама жақсартуға қомақты үлес қосып келеді. Құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізу мақсатында заманауи технологиямен 18, 21, 24 метрлік автомобиль көпірі құрылысына қажетті бетон балкалар, құбырлар, жоғары кернеулі желіге арналған ВЛ10кВ бағаналар, сондай-ақ үй тұрғызуға пайдаланылатын бұйымдар жасалады. Өндіріс орнында 400-ге жуық өнім түрі шығарылады.
Мұнда құрыш білекті ерлермен қатар нәзік жанды арулар да екінің бірі атқара бермейтін ауыр істі еңсеріп жүр. Сондай жанның қатарында Мейрамкүл Рафашқызы да бар. Ол серіктестікте жиырма жылға жуық уақыттан бері көпір кранының машинисті болып еңбек етеді. Күн сайын 10-20 тонналық темір-бетонды заттарды арнайы камераға құйып қояды. Кепкен соң қалыптан шығарып жүк тиейтін арбаға салып, далаға шығарады.
Өз ісіне мығым Мейрамкүл әріптестерінің арасында сыйлы. Әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын оның еңбегі еленіп, Құрылысшылар күнінде басшылық тарапынан Алғыс хатпен марапатталған. Атаулы күндері сый-сияпаттар ұсынылып, Алматыдағы "Маралсай" демалыс орнына жолдама алған.
– Күнделікті шаруаға кіріспес бұрын таңертең атқарылатын шаруалар белгіленеді. Жұмыс ережелері, қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Зауытта барлығы сегіз кран жұмыс істейді. Әрқайсысы түрлі қызмет көрсетеді. Бірі сыртта ашық аспан астында орналасса, екіншілері жабық цех ішіндегі тірлікті атқарады. Жуырда ұзындығы 32 метрлік әрқайсысы 20 тонна жүк көтеретін екі кран құрылды. Бу қазандығы цехына көгілдір отынды тұтыну, яғни газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Қазір экологияға, адам денсаулығына нұқсан келтіретін көмірдің орнына газ жағамыз. Сол арқылы булау камерасында тапсырыстағы бұйымдар дайындалады, – дейді краншы келіншек.
Мейрамкүлдің айтуынша, жалпы зауытта 80-нен астам адам жұмыс істейді. Өндірістік тапсырмалардың іркіліссіз жүруі үшін зауыттың жұмысшы-қызметкерлеріне бар жағдай жасалған. Олар арнайы жаздық және қыстық жұмыс киімдерімен қамтамасыз етіледі. Күнбе-күн белгіленген мөлшерге сәйкес зиянды цехтағы еңбеккерлерге сүт беріледі. Тапсырыс пен сұранысқа сәйкес жұмыс атқару қазіргі кезде заман талабы болып саналады. Көктемнің жаймашуақ мезгілінде тойланатын Халықаралық әйелдер күніне көтеріңкі көңіл-күймен жеткен еңбекқор жан барша қазалылық аруларға ана бақытын тіледі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА