Көпір құрылысы қалай жүріп жатыр?
Бүгінгі таңда Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Олардың қатарында «Әлсейіт» өткеліндегі Сырдария өзені үстінен салынатын көпірдің орны айрықша. Себебі, бұл көпір арқылы Қазалы мен көршілес Арал ауданының 13 елді мекенінен 15 мыңға жуық тұрғын қатынап, жол азабын тартып жүр. Бір-екі жылдың көлемінде бұл ауыртпашылықтың барлығы да артта қалады.
Расында, аудан тұрғындары үшін «Әлсейіт» өткелінен салынатын темірбетон көпірдің маңызы ерекше. Себебі, осы күнге дейін арғы беттегі ағайындар абыржының кезінде Басықара көпірі арқылы айналма жолмен қатынап, әбігерге түсетін. Мұны көпірдің құрылысының іргетасын қалау рәсімі кезінде тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі де баса айтқан болатын.
Көпір құрылысы басталғалы бір айдың жүзі болды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізіп жатқан «КА-Строй ЛТД» серіктестігінің құрылысшылары электр желісін тарту жұмыстарымен айналысуда. Бүгінгі күні жоспар бойынша орнатылуы тиіс 149 бағанының 146-сы орнатылды. Бір аптаның көлемінде жарық жеткізу жұмыстары аяқталады.
Халықтың игілігіне салынып жатқан көпір негізгі 7 бөліктен тұрады. Әр бөлікте 12 тірек бағаналары бар. Құрылысшылар 1 тірек бағанасының бетонын құйып, 5 бағанның каркасын тоқып қойды. Серіктестік жұмысшылары жыл аяғына дейін негізгі 2 бөліктің бағаларын құйып қоюды жоспарлап отыр.
«Жол азабын жүрген біледі». Көпір құрылысының басталғанына дарияның арғы бетінде тұратын ағайындардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі Майдакөл ауылының тұрғыны Қуаныш Ерімбетов.
– Бергі беттегі тұрғындар үшін қалқымалы көпірден өту, күз бен қыс мезгілдерінде аудан орталығына бару қияметтің өзі болатын. Амал жоқтықтан сонау Басықара жақпен жүруімізге туралы келеді. Ал, ол жолдың ой-шұқыры көп, үнемі балшық иленіп жатады. Көпір құрылысы басталғанына өте қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, Сырдария өзеніне салынатын көпірдің ұзындығы – 219,45 метр, ал ені 12 метр болмақ. Автокөлік жүретін жүріс бөлігі екі жолақты. Өту бөлігінің ені – 7 метр, ал, қозғалыс жолағының ені 3,5 метр болады. Көпірдің жүк көтерілімдігі А14, НК-120, НК-180, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың ені – 0,75 метр. Амандық болса, көпір 2019 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.