«Қазалы Строй Сервистегі» серпіліс
Бүгінгі таңда “Қазалы Строй Сервис” ЖШС-ның құрыш білекті құрылысшылары Қ.Пірімов ауылын абаттандыруды қолға алды. Жалпы аумағы 8 мың шаршы метрге жуық аймақты алып жатқан саябақ қарқынды қимыл құшағында. Құрылыс басына келген бізді жылы шыраймен қарсы алған учаске бастығы Асылбек Әбдіхалықов жасалып жатқан жұмыстың мән-жайымен таныстырды.
– Өздеріңіз көріп тұрғандай мұнда ауыл тұрғындарына арналып демалыс орны ашылады. Саябақтың ішінде, 15х30 метр спорт алаңы мен балалар ойнау кешені, жаздық сахна, Қ.Пірімов ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында қаза тапқан азаматтардың есімі жазылған мемориалдық тақта, мәңгілік алау және арыстан, бүркіт, барыс сияқты аңдардың мүсіндері орнатылады, – дейді учаске бастығы.
Елбасымыздың ауыл тұрмысын көтеру, адамдардың денсаулығын жақсарту, салауатты да саламатты өмір салтын орнықтыру, ауылда білімді, мәдениетті, өнерді дамыту жөніндегі бағдарламаларына сәйкес ауданда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір айқын дәлеліндей болған бұл жұмыстардың басында 25 адам тынымсыз еңбек етуде. Олардың арасынан серіктестік шебері Бақытбек Сердалиев, тракторшы Оралбай Оразымбетов және құрылысшылар Әкім Ұзақбаев пен Әлихан Алпысбаевтардың еңбегін ерекше айтып кетпеске болмайды. Себебі, олар өздеріне жүктелген міндетке ұқыптылықпен қарап, әрбір істі тиянақтылықпен атқарады.
Бизнесті әртараптандыруды көздеген білікті басшы Әділбек Сарабеков бір ғана құрылыс жұмыстарымен айналыспай, өзге де халықтың игілігіне жарайтын кәсіптің түрімен шұғылданғанды жөн көреді. Іскер азамат серіктестік жанынан өткен жылы брусчатка, бардюр шығаратын өндірістік цехты іске қосты. Қазіргі таңда онда 6 түрлі брусчатка, бардюрлар және 50х50 сантиметр болатын бетон плиталары шығарылады. Бір қызығы, бетон плиталарының түсі тапсырыс берушілердің сұранысына сай жасалады. Бұл жұмыстарды өндірістік цехтың меңгерушісі Жасұлан Матығұлов тиімді үйлестіріп отыр. Қарамағындағы Сәбит Нияшов пен Қасқырбек Файзулла, Ораз Сағатдиновтер оның айтқанын екі етпей, тұрғындардың тапсырыстарын уақытылы орындайды.
– Қ.Пірімов ауылындағы саябаққа қажетті брусчаткалар мен бардюрларды сырттан алдырдық. Сырттан әкелген соң шығыны да көбірек. Ал, оны өзіміздің цехта өндіретін болсақ, біраз қаржы үнемдеген болар едік. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алу үшін керекті құжаттарды дайындап жатырмын. Сәтін салып, жоғары сапалы аппаратқа қол жеткізсем, өндірістік аймақтан бөлінген жерге арнайылап ғимарат салатын боламыз. Сонда жұмыс көлемі де ұлғайып, қысы-жазы тапсырыстар қабылданады. Бұл дегеніңіз серіктестік құрылысшылары қазіргідей маусымдық жұмыспен шектелмей, жыл он екі ай айлық алады деген сөз. Біздің негізгі мақсатымыз да осы. Жұмыс болса, қаражат бар. Сонда құрылысшылардың көңілі тоқ, уайымы жоқ болады, – деген Әділбек Серібайұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.
ҚР Құрметті құрылысшысы Әділбек Сарабековтың аудандық мәслихат депутаты ретінде түйткілді мәселелерді көтеріп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларына көмек қолын созып жүргені өз алдына бөлек әңгіме.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, халық игілігі үшін адал қызмет етіп, Қазалының көркеюіне өз қолтаңбасын қалдырып келе жатқан серіктестіктің құрыш білек құрылысшылары қандай ілтипатқа болса да лайық.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ