Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйымшыл цехтың қарышты қадамы

Ұйымшыл цехтың қарышты қадамы

Бұрындары қазалылық тұрғын­дар түрлі құрылыс бұйымдарының біразын сырттан тасымалдап әу­реге түсетін. Соңғы жылдары осы бір олқылықтың орны толып, туған өңірімізден де газды бетон-блок, брусчатка, бордюр шығаратын іскер азаматтар көріне бастады. Бұл ретте Әйтеке би кентіндегі «ЖК Елеу» құрылыс өнімдерін шығаруға арналған цехтағы өркенді істер мен қажырлы еңбек ырғағы өзгелерге үлгі етіп айтуға тұрарлық.
Әңгіме арқауына айналып, тіл­ге тиек етіліп отырған ұжымның іргетасын 2015 жылы Қазалы электр қуатымен жабдықтау учаскесінде көп жыл басшылық қызмет атқарған байырғы электрик Кемал Аманов қалады. Өмірден көргені мен түйгені мол еңбекқор жан Ресейдің Барнаул қаласынан «ИИН-тех – 40» маркалы конвейер әкеліп, іске кірісті. Арнайы жасақталған тиісті мамандардың арқасында алғашында ұзындығы 60, биіктігі 30, ені 20 сантиметрлік блоктар шығарылды. Кейін 60х30х10, 60х30х30 пішінді, сонымен бірге тапсырыс берушілердің қалауына сәйкес бұйымдар жасау қолға алынды.
Күнделікті тұрмысымызда тұты­ныла бастаған блоктардың ерекше­лігі туралы Кемал Аманов:
– Газды блоктар осыдан тоқсан жылдай уақытта Еуропада өндіріле бастаған. Қазіргі таңда Канада, Австралия, Араб, Африка сияқты елдерде тұрғын үйлер мен түрлі бағыттағы ғимараттар тұрғызуға пайдаланылып келеді.
Оның жылылықты жібермеу мүмкіндігі қыш кірпіштен үш, күй­дірілген кірпіштен сегіз есе артық. Сонымен бірге жазғы аптап ыстықты бөлмеге өткізе бермейді. Өрілген блоктың сыртынан известь ертіндісі араласқан 2-4 миллиметрлік сылақ жүргізілсе жетіп жатыр, – дейді көкейде жүрген пікірін бүкпесіз жеткізіп.
«Өнегенің өрісі кең» деген. Мезгілінде Кәкеңнің арлы-берлі сабылып, қаншама күш-қайратын жұмсап ашқан шағын өндіріс орны­ның шаңырағы тіктеліп, істері оңғарылды. Бұл күндері әке жолын кенже ұлы Қайрат жалғастыруға бекем бел буған. 2017 жылдың тамыз айынан бері цех басшысы тізгінін ұстаған Қайрат Кемалұлының басты мақсаты – жеке бизнесін берекелі ортаға айналдыру. Мүмкіндігінше екі қолға бір күрек іздеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге атсалысу.
Жақында «ЖК Елеу» аталатын құрылыс бұйымдарын өндіре­тін цехтың тыныс-тіршілігімен таныстық. Сонда аңғарғанымыз, мұндағылардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасалыпты. Еңселі де кең цех іші қысқы мезгілде газбен жылытылады. Блок дайындауға пайдаланылатын құм, цемент автоматты тетіктер арқылы жеткізіліп, су басқа да қажетті химикаттар құрамының мөлшері компьютер арқылы басқарылады.
Цехтың бұған дейінгі түрлі деңгейдегі газды блоктары тұтыну­шылар талғамынан шығып, жүз­деген тұрғындар сұраны­сын өтеді. Бүгіндері өндірісті әртараптандыру бағытында брусатка, бордюрлер құйып, дайындау жұмыстары қарқын алуда.
Күні бойы толас таппайтын қауырт істің үлгілі ұйымдас­тырылуын өндіріс шебері Нұрлан Бұлтаев көзден таса қылмайды. Сантехник, электрик, сварщик мамандығын меңгерген Сағыр Игіліковтің әріптестері ортасын­дағы орны бөлек. Сондай-ақ ортақ шаруаны еңсере тындырып жүрген Жасұлан Найзабеков, Болат Есетов, Айбек Досмамбетов, Нұрлыбек Ідірісов, Бердеш Сайбосынов сияқты жігіттердің де еңбектері ерен, есімдері мақтауға әбден лайық.
Кездесу барысында жеке кәсібін өрге домалатқан Қайрат Аманов:
– Тауар өнімділігін арттыру үшін оның сапасы мықты болуы қажет. Біз осы мәселеге айрықша мән береміз. Сондықтан да шығарылатын заттарға керекті цементті Өскеменнен, басқа да қажетті қоспаларды Шымкент, Алматы қалаларынан алдырамыз, – деп өз міндеттеріне деген жауапкершілігін аңғартты.
Ұйымшыл ұжымның қарышты қадамы ел игілігін еселеп арттыра береріне бек сенімдіміз.

Сахи ҚАПАР

21 тамыз 2018 ж. 1 473 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930