Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шындық – адалдықта емес, заңда

Шындық – адалдықта емес, заңда

Елімізде қазіргі таңда сот органдары қызметінде демократия үрдісін жоғарылатып, сот төрелігінің жариялылығы, ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Сот жүйесінің бүгінгі жай-күйі мен ондағы оң өзгерістер туралы Қазалы аудандық сотының төрағасы Дидар Мұратбекұлына жолыққан едік...
– Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Республика азаматтарының сенім шекарасы, түйінді түйіткілдерде оң нәтиже, оңтайлы шешімге бастайтын сот жүйесіне мемлекет тарапынан қандай бетбұрыс бар?
– Елімізде соттардың қызметін әрі қарай дамыту, Конституция мен заң­дардың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы және сот жүйесінің қалыптасуын ерекше назарда ұстау азаматтардың ел болашағына деген сенімін арттырады. Сот қауым­дастығының рөлін көтеру турасында нақты жүктеген тапсырмалардың оңтайлы жүзеге асырылуы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге үлес қосып, Қазақстанның өркениетті құқықтық мемлекет ретінде халықаралық беделін биіктетуге бағытталып отыр.
Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауында да құқық қорғау саласын назардан тыс қалдырмай келеді. Өздеріңізге белгілі, соңғы кезде көптеген сотқа жүгінетін істер категориялары алынып тасталуда. Мәселен, салықтық, кедендік істер бізге келмейді. Салық төлеуде адамдардың міндеттілігі Конституциямен бекітілген. Коммуналдық шығындарды, басқа да түсімдерді төлеуді нотариустарға алып беріп жатыр. Бұның себебі – бұл жерде дау жоқ. Сот – қос тарапта дау туындағанда ғана жүгінетін орын.
– Дәстүрлі істі қараумен бірге жүзеге асып жатқан заманауи үрдіс «Виртуалды сот», «Түнгі сот» жоба жаңалығы қандай?
– Соттың заманауи үлгілері қағазбас­тылықтан арылтып, «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ қылмыс пен заң бұзушылықтың анықталу деңгейін жоғарылатады.
Сингапур тәжірибесінде тиімділігін көрсеткен «Түнгі сот» қанатқақты жобасының мақсаты – азаматтардың сұраны­сына сай істерді тез шешу, судья­лардың жүктемесін азайту. «Сот төрелі­гінің 7 түйіні» бағдарламасы арқылы іске асқан жоба ережелеріне сәйкес, егер жол көлік оқиғасы орын алып, тараптар мойындап, жылдамырақ сот шешімін қажет етсе, бұл әкімшілік істі «Түнгі сот» бағдарламасымен қарауға болады.
Екі тарап та жұмыста болып қалады. Уақыт үнемдеу қажет. Оңтайландыру мақсатында тараптар келіссе, дереу сол күні қарауға мүмкіндігіміз бар. Содан соң іс бойынша қабылданған сот актісі он күн ішінде заңды күшіне еніп, «Төрелік» бағдарламасына тиісті мәліметтер енгізіледі.
Мұндайда жай сот екі жаққа да қолайлы әрі оңтайлы. Тараптар жұмыс­тан үзілмей, 15-20 күнде жұмысын шеше алады.
ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың жоғарыда аталған «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Е-сот» сот жүйесінде IT технологияларды кеңірек қолдануға бағытталған «Виртуалды сот» жобасы жүзеге асырылды.
«TrueConf» атты бағдарлама бар. Смарт телефондар арқылы аталмыш бағдарламаны жүктеп, сол арқылы ұзақтағы тараптың сотқа қатысуын қамтамасыз ету мүмкіндігіміз бар. Талап қоюшы осы жақта, жауапкер басқа жерде болса, келіп, кету оңай емес. Мұндайда виртуалды байланыс арқылы жауап ала аламыз. Сотқа келген талап-арыз бойынша жазылған хабарламаға тараптардың осындай құқықтары барын көрсетеміз.
– «Виртуалды сот» азаматтардың Заң алдындағы жауапкершілігін төмендетпей ме? Соттың бұл түрі тек азаматтық істерде қолданылады ма?
– Талапкер Дубайда жүріп процес­ке қатысқаны тәжірибеде бар. Мәселе қашықтық емес, құқықтың қорғалуында. Ол да тікелей қатысуға саналады. Әдетте егер талапкер не жауапкер басқа жерде болып «Сот отырысы менің қатысуыммен өтсін» деп тілек білдірсе, біз істі қарауды жүзеге асыра алмайтын едік. Ал, «Виртуалды сот» арқылы осы мәселе өз шешім тапты. Сот «Виртуалды сот» арқылы істің барлық түрін қарай алады. Былтыр қаралған үш істің екеуі азаматтық болса, бірі қылмыстық іс.
– «Елдестірмек – елшіден». Көпші­лік қоғамдық негіздегі медиатор жұмы­сынан хабардар. Ал татуласты­рушы-судьяның атқаратын қызметі қандай?
– Елбасының біздің алдымызға қойып отырған мәселесі – адамдардың әуре-сарсаңға түспей, өзара, тату-тәтті өмір сүруі.
Кәсіпқой медиатор да пилоттық жоба аясында жұмыс істеп жатқан маман. Бізге азаматтық істер келгенде, бітістіру мүмкіндігін қарауға бітістіруші-судьяға береміз. Ол 5 жұмыс күнінің ішінде тараптарды бітістірудің тиімді жақтарын жүргізеді. Қолданыстағы жаңа азаматтық процестік кодекстің алдында тараптар теңдігі бұзылады деп татуласу туралы айта алмайтынбыз. Қазір оны міндеттеп қойды. Бітістіруші-судьяға сотқа деген сенімді арттыруда жауапкерді де, талапкерді бірдей бітістіреді. Мәселен, қарыз болса, бөліп беруге, отбасы болса, өз еркімен келісуге мүмкіндік тудырады.
Кез келген іске бейжай қарауға болмайды. Бір ғана әлеуметтік жайдың артында үлкен мемлекеттік мәселе тұр. Бір отбасы ажырасса, бала-шаға күнделікті ата-ананың қамқорлығынсыз қалады. Алимент дауы туындайды. Төленбесе, қылмыстық іс орын алады. Қылмыскерді қамауда ұстау да қаражатты талап етеді. Мұндайда арнайы санатқа енген жандардың әлеуметтік проблемасы туындайды. Асырау қаражаты жетпей, аналар отбасына табыс кіргізу мақсатында көп жүктемемен жұмыс істеп, балаларына дұрыс көңіл бөле алмай жатады. Қоғамда тәртіпсіздік тудыратын жастардың дені осындайдан шығуы мүмкін.
Өмірді белгілі бір цикл арқылы жүзеге асатын шынжыр деп қарасақ, оның бір жерінің үзілуі айналымды өзгеріске ұшыратады. Сондықтан үзікті дер кезінде жалғап, мәселені қиындатпай, барынша ертерек атсалыссақ, нәтиже болары сөзсіз. Жыл сайын аудандық сотқа шамамен 200-дей отбасы ажырасу дауымен келеді. Оның 100-ін сақтап қалсақ, үлкен көрсеткіш. Бүгінгі бейжайлық болашаққа батпандай ауырлық әкеледі.
Жақында отбасылық дауларға араласатын халықтық тәжірибедегі «Билер кеңесін» қайта қолға алып, жаңғырту үрдісін енгізбекпіз.
– «Билер кеңесі» халыққа не береді? Бұл сіздер ұсынған ұсыныс па әлде мемлекет маңыз берген мәселе ме?
– Тарихқа жүгінсек, билер жергілікті атқарушы орган қызметінде әкімдіктің кейбір функцияларын атқарған. Бітістіруші, сот ретінде де ел ішіндегі дау-дамайды ушықтырмай, ауызбіршілікпен шешілуіне күш салған.
1820 жылы шыққан Григорий Спасскийдің «Сибирский вестник» деген кітабында билердің жердің бөлінісіне де араласқандығы көрсетілген.
Еліміздің түкпір-түкпірінде елге абыройлы қызмет еткен, көпке сөзін тыңдата білетін, көкірегіне түйгені мол азаматтар бар. Солардың бай тәжірибесін қоғамдық жұмысқа тартып, неге ел мүддесінде жұмылдырмасқа. Ауылдағы ағайын араздастығын сотқа дейін жеткізбей, сол кісілер арқылы шешімін тапса, елдің ішіндегі проблеманы азайтады.
– Жұмыс үстеліңізден ежелгі грек әпсанасындағы әділеттілік құдайы – Фемиданың ескеркіш мүсіншесін көзіміз көрді. Халық арасында «Соттар заңды өздеріне ыңғайлы етіп өзгертіп алады» деген қоғамдық пікір бар. Шыншылдық пен Заңдылық. Таразы басында қайсысы үстем болуы керек?
– Соттың мақсаты соттау, барлық адамды жазаға тарту емес, тек істің ақ, қарасын анықтап, заңның үстемдігін көрсету. «Заңды соттар өздеріне ыңғайлайды» деген пікір бары анық. Заңды шығаратын сот емес, Парламент.
Тәжірибеде мынандай жайт жиі кездеседі. Үйді сатып алғанда оның құжаты жасалып, нотариалдық кеңседе заңдастырылып, жаңа иесіне өтуі қажет. Сату-сатып алу келісімшартын келісуі міндетті. Біреу ақшасын төлеп алады, коммуналдық шығындарын өтеп, сонда тұрып жатады. Екінші тарап мүлік өзінікі екенін құжаттар арқылы дәлелдейді. Шындық адалдықта емес, шындық заңда. Заң болмағанда, анархия орын алады. Бауыр­жан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген. Бәріміз заңға бағынуымыз керек. Заңның әр сөзі дәлме-дәл түсінуді қажет етеді. Біздің міндетіміз түсінуге ауыр ұғымдарды ұғынықты етіп жеткізу. Оның өзі дау-дамайды азайтады.
Н.Назарбаевтың: «Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ бол­уы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, дау­герлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді…
…Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам», – деген сөзі бар. Мемлекет ұсынып отырған жол да, біз іске асырып отырған жүйе де осыған тоғысуы тиіс.
– Уақыт бөліп, толыққанды жауап бергеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
05 ақпан 2019 ж. 1 568 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930