Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күймен өрілген өнеге: Тәттімбетке тағзым

Күймен өрілген өнеге: Тәттімбетке тағзым

Қазақ халқының киелі күй өнері – ұлт рухының тереңінен сыр тартып, тарихтың үнін, елдің мұң-мұқтажы мен қуанышын шерткен дара құбылыс. Осы ұлттық мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіріп, оны шебер орындаушылар арқылы дәріптеу мақсатында жуырда Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен күйші-композитор, қазақ күй өнерінің ірі өкілі Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 210 жыл толуына орай «Тарт күйіңді, домбыра» атты аудандық жас күйшілер сайысы өтті.
Шараның шымылдығын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Раиса Батырханқызы ашып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде күй өнерінің қазақ мәдениетіндегі орны мен рухани тәрбиедегі маңызын атап өтіп, осындай шығармашылық сындар жас ұрпақты өнерге баулып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге жол ашатынын жеткізді.
10-16 жас аралығындағы 13 үміткер бақ сынаған өнер додасында жас домбырашылар қос ішектен төгілген күй арқылы өз шеберліктерін паш етті. Олар ұлттық рух пен дәстүрлі саздың терең иірімдерін сезіндіре отырып, Тәттімбеттің бір туындысы мен еркін таңдаған шығармаларын орындап, шеберліктерін көрсетті.
Байқаудың әділ бағасын Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының әдіскері Балқыз Өмірзақ пен Қорқыт ата атындағы музыка мектебінің тәжірибелі оқытушылары Анар Өтемісова және Гүлайым Нұралиева берді.
Қазылар алқасы жас орындаушылардың техникалық шеберлігіне, күйдің мазмұнын сезініп жеткізуіне, сахнада өзін ұстау мәнері мен орындаушылық мәдениетіне ерекше назар аударды. Домбыраның үні арқылы көрерменге жүрек тебірентер әсер қалдырғандар оза шапты.
Қорытынды кезеңде күйдің көркемдік иірімдерін нақышына келтіре орындаған Бибіайым Қожахмет шеберлігімен ерекшеленіп, топ жарып, бас жүлдені қанжығалады. Ал Бекзат Әбдімұраттың талғампаз орындау мәнері оған бірінші орынды сыйлады. Екінші орын алған Дулат Бурханадин де өз даралығымен көзге түссе, Ернұр Дауылбай мен Әлихан Кемелбай үшінші орынға ие болып, көрермен ықыласына бөленді.
Ұлттық мұраның алтын арқауы – күй өнерін дәріптеуге арналған осындай рухани шаралар жас ұрпақтың бойында өнерге деген сүйіспеншілікті арттырып, домбыраның қадір-қасиетін терең сезінуге жол ашады. Тәттімбет сынды тарихи тұлғалардың өнегелі жолы – бүгінгі өнерпаз жас буынға шабыт көзі, ал бұл өнер додасы – сол рухани сабақтастықтың жарқын үлгісі болмақ.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
22 қараша 2025 ж. 12 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930