Мәжілісте межелі міндеттер айқындалды
Өткен сәрсенбіде аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент, қала және ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.Күн тәртібінде 2025 жылдың алғашқы он айындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуы, жылу беру маусымының өту барысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары, ветеринария саласындағы жұмыстар және күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанының жай-күйі сияқты маңызды мәселелер қаралды. Әр мәселе бойынша жауапты бөлім және басқарма басшылары есеп беріп, аталған бағыттарда алда атқарылуы тиіс нақты міндеттер айқындалды.
Кеңейтілген мәжіліс барысында 2025 жылдың есепті кезеңіндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жан-жақты сараланды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов биылғы жылдың алғашқы он айында аудан экономикасында тұрақты өсім мен оң динамика сақталғанын атап өтті.
Атап айтқанда, аудан бойынша барлық негізгі макроэкономикалық салаларда өсім байқалып отыр. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 115,7%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 116,0% көрсеткішке жеткен. Бұл көрсеткіштер өндіріс әлеуетінің артып келе жатқанын және өңдеу саласында нақты ілгерілеушілікті білдіреді.
Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады. Саланың жалпы өнімі 103,0% деңгейінде орындалған. Бұл аграрлық секторда өнім көлемі мен сапасы сақталып, жоспарлы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ бөлшек сауда айналымы – 101,1%, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі – 114,8%, құрылыс жұмыстарының көлемі – 121,9%, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі – 103,6% болып отыр. Бұл көрсеткіштер – аудан экономикасының түрлі салаларында үйлесімді даму бар екенін және мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалардың тиімді іске асып жатқанын айғақтайды. Аудан басшысы бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, жыл соңына дейін қарқынды жұмысты жалғастырып, жоспарланған межелерге толық қол жеткізу қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ әрбір сала бойынша жоспарлы көрсеткіштердің 100 пайыздық межеге жеткізілуі – ортақ мақсат екенін айтып, бұл бағытта барлық жауапты құрылымдардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде тиімді салық саясатын жүргізу, аудан бюджетінің кіріс бөлігін толық орындау, қаржының мақсатты түрде және уақтылы жоспарлануы мен игерілуі – басты назарда болу қажет екені баса айтылды.
Әсіресе бюджет қаражатын игеру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстарда ешқандай кідіріс пен олқылыққа жол берілмеуі тиіс екенін ескертіп, жауапты бөлім басшылары мен сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар қаржы тәртібін сақтау, заң талаптарын қатаң ұстану, және жоспарланған жобаларды уақытында әрі сапалы жүзеге асыру қажеттігі айтылып, жыл қорытындысына дейін барынша ширақ әрі үйлесімді жұмыс істеу міндеті қойылды. Аудан әкімі бұл талаптар тек көрсеткіш үшін емес, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қойылып отырғанын тілге тиек етті.
Мәжіліс барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов алдағы қысқы кезеңнің маңыздылығын ескере отырып, жылу беру маусымының тұрақты әрі еш кедергісіз өтуін қамтамасыз етуді тиісті мекемелерге нақты тапсырды. Атап айтқанда, коммуналдық шаруашылық, төтенше жағдайлар бөлімі және басқа да жауапты құрылымдар жылыту маусымы кезінде тұрақты жұмыс режимін сақтап, кез келген жағдайға жедел әрекет ету жүйесін жолға қоюы тиіс.
Аудан басшысы тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен білім беру мекемелерінің толық жылыту жүйесіне қосылуын, жылу көздерінің техникалық ахуалын, апаттық жағдайлардың алдын алуды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар жылыту маусымында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, пеш пен жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану туралы нұсқаулық беру және оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу міндеттелді.
Тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігі мен баға тұрақтылығы баса назар аударылды. Аудан әкімі бұл тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін, қоймадағы қор көлемін, нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар мен сауда субъектілері арасындағы өзара үйлесімді жұмыс, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру мақсатында қажет жағдайда интервенциялық шараларды қолдану қажет екені айтылды.
Талқыланған келесі маңызды мәселелердің бірі – ветеринария саласындағы жұмыстар. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бұл бағыттың ауыл шаруашылығы мен қоғамдық қауіпсіздік үшін маңыздылығын айта отырып, сала басшылығына нақты міндеттер жүктеді.
Атап айтқанда, иесіз иттер мен мысықтар санының артуы – елді мекендерде қауіп тудыратын күрделі мәселелердің бірі ретінде көтерілді. Осыған байланысты иесіз және қаңғыбас жануарларды аулау, оқшаулау және олардың санын азайту бағытында кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар аудан әкімі төрт түлік малға ветеринариялық-профилактикалық шараларды дер кезінде және толық көлемде жүргізу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алу, ветеринариялық пункттердің санитарлық жағдайын күшейту және мал қорымдарының талапқа сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде бағаланып отыр. Аудан басшысы сала басшылығына барлық тапсырмаларды жүйелі, нақты және нәтижелі түрде орындауды міндеттеді.
Мәжіліс барысында күзгі мерзімді әскерге шақыру науқаны да күн тәртібінен тыс қалмады. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, шақырылушыларды медициналық тексеруден дер кезінде өткізу, шақыру процесін заң талаптарына сай жоғары деңгейде ұйымдастыру, әскерден жалтаруға бейім азаматтарды анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдау және бұл жұмыстарды уақытында әрі жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі баса айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізу мәселесіне де тоқталды. Кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне өз аймақтарында көгалдандыру, көшелер мен аула аумақтарын тазалау, тұрмыстық қалдықтарды жинау және жою жұмыстарын үйлестіру, сондай-ақ қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын бақылауға алу бойынша тапсырмалар берілді. Әкім бұл жұмыстар тек акция аясында емес, тұрақты түрде жүргізілуі керек екенін, бұл халықтың өмір сүру сапасы мен экологиялық мәдениетін арттырудың бірден-бір жолы екенін атап өтті.
Қорытынды сөзінде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов барлық салада тәртіп пен жауапкершілікті күшейту, берілген тапсырмалардың орындалуын нақты бақылауда ұстау, және жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, жыл соңына дейін барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажет екенін қадап айтты.
Арайлым ЖҮСІПОВА














