Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке болу – мәртебе ме, міндет пе?

Әке болу – мәртебе ме, міндет пе?

Фото: ашық дереккөзден алынды
Соңғы уақытта отбасы құндылықтарының әлсіреуі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің бірі ретінде қарастырыла бастады. Қоғамның көптеген мүшелері үшін отбасылық міндеттер мен жауапкершілік кейде елеусіз, ал кейде мүлде назардан тыс қалуда.
«Отбасы» ұғымының да аясы тарыла бастағандай. Бір кездері баланың, ана мен әкенің арасындағы терең байланыс басты құндылық болып саналса, бүгінде әлеуметтік желілер мен интернет мәдениетінің әсерінен «жеке бақыт» мен «жеке кеңістік» ұғымдары көбірек насихатталуда. Бұл тенденциялар, әрине, ер-азаматтардың жауапкершіліктеріне де өз әсерін тигізді.
Қазіргі қоғамда әке рөлі біршама өзгеріске ұшырады. Әке болу тек баланы материалдық қамтамасыз ету деп түсініледі. Бірақ баланың тәрбиесінде эмоционалдық және психологиялық қолдаудың маңызы зор. Әкенің рөлі тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар рухани жетекшілік, балалардың әлемге деген көзқарасын қалыптастыру, олардың тұлғалық дамуына ықпал ету болуы керек. Көптеген ер-азаматтар үшін бұл міндеттер тым ауыр болып көрінеді, сондықтан олар қиындықтарды шешудің орнына, отбасыдан бас тартуға тырысады.
Психологтар бүгінгі таңда ер-азаматтар арасында «эмоционалдық инфантилизм» деген феноменнің көбейіп келе жатқанын айтып отыр. Бұл – ересек адамның өз эмоциясын басқарудағы қабілетсіздігі және жауапкершілік жүктелгенде балалық санаға жүгінуі. Бұл күйде болған ер-азаматтар өздерінің міндеттерін орындаудан бас тартады және балаларын «жүктеме» ретінде қабылдайды.
Қазақстанда әрбір ата-ана баласының алдындағы міндетін заңды түрде орындауға міндетті. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексі бойынша әрбір ата-ана баласын тәрбиелеу және қамқорлық көрсету үшін жауапты. Егер әке алимент төлеуден бас тартса, бұл әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл заңның орындалуы әрине маңызды, алайда кейбір жағдайларда осы заңды жүзеге асыру қиынға соғып жатқаны жасырын емес.
Алимент өндіру процесі, әсіресе көлеңкелі табысы бар, заңнан жалтаруға тырысатын адамдар үшін күрделі мәселе болып отыр. Ал мұндай жағдайлардың көбейюі отбасылардағы дағдарысқа әкеліп соғуда.
Егер алимент төлемеу жағдайы тұрақты түрде жалғасатын болса, елімізде атқарушылық іс қозғалып, борышкердің шетелге шығуына тыйым салынады. Бірақ шетелде тұрақты түрде тұратын, көлеңкелі табыс табатын адамдардан алимент өндіруді қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.
АҚШ пен Еуропа елдерінде алимент төлемеудің салдары өте ауыр. Мәселен, АҚШ-та алимент төлемейтін әкелерге айыппұл салынуы немесе тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әкелердің алимент төлеу жауапкершілігін қатаң бақылау мақсатында арнайы жүйелер құрылған. Еуропа елдерінде ортақ қамқорлық моделін енгізу арқылы әке мен ананың тең жауапкершілігі қамтамасыз етіледі. Мұндай тәсілдер әлеуметтік қызметтердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
Оңтүстік Кореяның тәжірибесі де қызықты. Бұл елде алимент төлемейтін әкелердің төлқұжаттары тоқтатылып, тіпті шетелге шығуға да шектеулер қойылады. Ал біздің елімізде дәл осындай тәжірибелерді кезең-кезеңімен енгізу қоғамдағы жауапкершілікті күшейтуге ықпал етер еді.
Баланың бақыты мен болашағы тек ата-анасының қолында. Әкенің рөлі баланың тәрбие алуында маңызды болғанымен, қазіргі қоғамда көп жағдайда әкелер өз жауапкершіліктерінен қашып, балаларынан алыстап жатыр. Жанар сияқты аналардың күресі тек балалар үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін маңызды. Себебі әрбір баланың өмірінде әкенің үлесі орасан зор.
Балалармен бірге өмір сүріп, олардың болашағына үлес қосу әрбір әкенің міндеті. Қазіргі қоғамда ер-азаматтардың жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгерту, оларды өз рөлдерін толыққанды орындауға шақыру маңызды. Әкелік жауапкершілікті арттыру – тек заңның ғана емес, қоғамның да міндеті.Әкелік мәртебе – ол күш, құдірет, мейірім мен парасаттың үйлесімі. Әкенің баласына деген қамқорлығы, оны тәрбиелеу, онымен бірге уақыт өткізу – бұл тек материалдық жауапкершілік емес, рухани мәні зор үлкен міндет. Егер әке өз міндеттерін толыққанды орындамаса, бұл балалардың психологиясына да, қоғамға да әсер етеді. Сондықтан әрбір әке өзінің міндетін терең түсініп, жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Түйін: Отбасының берік болуы, қоғамның тұрақты әрі дамыған болуының басты негізі болып табылады. Әке мен ананың өз міндеттерін адал атқаруы, болашақ ұрпаққа сапалы тәрбие беру – еліміздің өркендеуі үшін маңызды фактор.
Бекзат АСАН
22 қараша 2025 ж. 13 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930