Аудан әкімі Қазалы теміржол ауруханасының жұмысымен танысты
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы теміржол ауруханасына барып, денсаулық сақтау мекемесінің тыныс-тіршілігімен, қызмет сапасымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.Аурухананы аралау барысында аудан басшысы қабылдау бөлімі, емхана, зертхана, жансақтау, хирургия, және диагностикалық бөлімдеріндегі жұмыс барысын көріп, мекеме ұжымымен кездесті. «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Құбыл Ршымбетов аурухананың қазіргі жағдайы, көрсетілетін қызмет түрлері, жабдықталуы және кадрлық әлеуеті туралы жан-жақты баяндап берді.
Аудан әкімі медициналық қызметтің сапасына ерекше назар аударып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекті үздіксіз қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, науқастардың жағдайын жеңілдетуге бағытталған барлық жұмысты жүйелі жүргізу қажеттігін айтты.
Аурухана ұжымына жауапты қызметтері үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да тұрғындардың саулығы жолында адал еңбек ете берулеріне тілектестігін білдірді.
Қазалы теміржол ауруханасы - ХХ ғасырдың басында, яғни 1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ретінде ашылып, онда ең әуелі фельдшер және акушер жұмыс істеген. Ал, Ұлы отан соғысы кезінде теміржол ауруханасы госпитальге айналған, яғни әртүрлі жарақатпен түскен солдаттарды қабылдап ем жасаған, осылайша аурухана Ұлы Отан cоғысындағы жеңіске өз үлесін қосқан. Ғасырдан астам тарихы бар теміржол ауруханасы заманына сай атауын өзгертіп отырды. 2018 жылдан бастап «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС болып өзгертілген. Ғасырдан астам тарихы бар мекемеде бүгінде 450-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды. Аурухана толық қажетті медицина саласындағы заманауи озық үлгідегі аппаратуралармен жабдықталған.














