Көлеңкедегі күрес немесе төзім мен таңдау арасы
фото: Жасанды интеллектАйжан бұл түні тағы көз ілмеді. Дөңбекшіп, күрсініп шыққан түніне себеп жоқ емес. Інісінің басындағы мәселе жүрегін тырналап, маза бермей қойған. Негізі, бұл бір ғана жағдай емес. Үйдің бар салмағы мен уайымы соңғы жылдары жалғыз Айжанның иығына артылғандай.
Үш жыл бұрын інісі үлкен қаржылық қиындыққа тап болып, қомақты қарызға кіріп кеткен еді. Сол кезде Айжан барын салып, шапқылап жүріп, оны сол тығырықтан алып шыққан. Бірақ өкініштісі, араға уақыт салып, сол жағдай тағы қайталанды. Інісі бұрынғы қателігінен сабақ алмағандай.
Айжан үшін бұл ауыр соққы болды. Бірақ сыр бермейді. Таң ата салысымен өзін әзер жинап, жұмысқа бет алды. Кешке үйге қайта оралғанда да жүзінде түк болмағандай кейіп танытып жүр. Өмір сүру керек. Тістеніп жүріп, бәріне шыдап келе жатқанының себебі де сол.
Үй мен жұмыс арасында күнделікті күйбеңмен арпалысып жүріп, кейде өзінен-өзі: «Мүмкін, осы жүктің бәрін көтеру – менің өмірлік миссиям шығар» деп ойлайды. Сол ойымен өзін жұбататындай.
Бұл күн де сол әдетпен басталды. Түн ұйқысы төрт бөлінген бойда жұмысына әрең жетті. Түскі үзіліс кезінде: «Үйге барып, сәл тынығып алайын» деген. Бірақ ол ойы да жүзеге аспады. Тынығуға мүмкіндік тағы берілмеді.
Айжан анасының сөзін ести сала, жүрегінің бір түкпіріне қадалған шаншу қайта қозғандай болды. Бойындағы әлсіздікті жасырып, сыртқа ештеңе білдіртпеуге тырысқанымен, қабағының арасындағы жыбыр еніп кеткен мұңды тоқтата алмады.
«Бүгін несиенің күні» деген анасының дауысы қайта-қайта құлағында жаңғырып тұр. Ол төсектен асығыс тұрып, сөмкесін қолына алды. Түскі үзілістің бітуіне әлі уақыт бар еді, бірақ басын тауға да, тасқа да соғып жүргендей күй кешкен Айжанға бәрібір уақыттың еш маңызы қалмаған. Үйден шыққанымен, көліктердің шуын, желдің ысылын, адамдардың асығыс қадамдарын сезбей, бейнебір санаулы минуттарға өз әлеміне кіріп кеткендей жүрді.
Жұмысқа қайта жеткенде әріптестерінің әдеттегі дауыстары, компьютерлердің тықылы оған ауыр жаңғырық болып тиді. Бәрінің өмірі жеңіл, бәрі өз ретімен сияқты көрінді. Ал өзінің өмірі… Қашаннан бері үзіліп кетуге шақ тұрған жіңішке жіпке ұқсайды. Кеңседе отырғанша, бір сәт демалуға тырысып, терезе жаққа барып тірелді. Сырттағы жел кілт соққанда, күн сәулесі терезеден әлсіз ғана жылылық болып өтіп, оның жүзіне түсті.
«Осылай жалғаса бере ме? Мен қай кезден бастап өз өмірімді емес, тек басқалардың өмірін құтқарумен айналысып кеттім?» Бұл ойдың салмағы өзіне де ауыр еді. Бірақ соған қарамастан, оның қолынан әдеттегі әрекеті «бәріне тірек болу» баяғыда-ақ дағдыға айналған-ды.
Жұмыстан шыққан соң, ол үйге қарай емес, жолдың қарсы бетіндегі саябаққа бет бұрды. Бұрын соңды онша бармайтын, бірақ бүгін... Бүгін жүрек тыныштық сұрағандай. Қараша айының салқын желі бетіне тиіп, шашын желбіретіп өтті. Адам аз. Орындықтардың біріне отырды.
Кенет телефоны дір етті. Інісінен хабарлама келіп түсті. Хаттың мазмұны мынадай.
«Айжан, сенде ақша бар ма? Болса, жіберші. Керек болып тұр. Тек бүгін ғана. Ертең қайтарамын».
Айжан телефон экранына ұзақ қарап қалды. Осы сөздерді ол бұрын да оқыды. Ертең, ертең... Бірақ сол «ертең» ешқашан өзгерген емес.
Қолындағы телефонды қыса ұстап, төмен салбыратып қойды. Бір сәт әлсіз ғана күліп жіберді. Өзіне деген аяныш пен ащы мысқылдың араласқан күлкісі.
Сол кезде саябақтың арғы жағында бір топ бала асыр салып жүгіріп жүргенін көрді. Шырылдаған күлкі, бейқам көңіл, таза қуаныш. Бір кезде өзі де сондай болған. Ешкімге борышсыз, ешкімге тірек болуға міндетті емес, шынайы бақыттың иесі.
«Мен де өмір сүргім келеді ғой…» деді ішінен. Сол ойды айтқан сайын, көкірегіндегі бір түйін босап бара жатқандай болды.
Сәлден соң Айжан телефонын қайта қолына алды. Інісінің жазғанын өшірмеді, бірақ жауап та жазбады. Бір сәтке көзін жұмып, терең тыныс алды. Бәлкім, дәл қазір ол шешім қабылдаудың шегінде тұрған шығар. Өз өмірін өзгерту туралы. Басқалардың өмірін емес. Өзінікін. Ол орнынан баяу тұрды. Кеудесіндегі тыныс әлдеқайда жеңілдей бастағандай. Үйге қайтпай, алдымен біраз жүріп, ой түйгісі келді. Тек бір-ақ нәрсе анық еді. Бәрін бұрынғы қалпында жалғастыра беру – оны түбінде жұтып қоюы мүмкін.
Күн көкжиекке таяған. Қараңғылық түсе бастағанда, Айжан өзіне ең алғаш рет маңызды сұрақты қойды. «Мен өз өмірімнің ауырлығын көтеріп қана жүре берем бе, әлде бір күні шынымен өзімді құтқаруды таңдаймын ба?».
Арайлым ЖҮСІПОВА














