Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Есеймеген ересек – еліне сын

Есеймеген ересек – еліне сын

«Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса, сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға тұт» деп қазақ халқы ұрпағын ешқашан биологиялық жасы бойынша есептемеген. Өсіп келе жатқан өскіннің қалыптасуына ерекше мән беріп, оның ақыл-парасаты мен зердесін үлкендерге сынататын дағды осының айғағы. Абай айтқан «толық» һәм «кемел адам» – ұлт ұстыны.
Соңғы жылдары «Есеймеген ересектер» деген ұғым көпке таныс бола бастады.
Есею деген не? Психологиялық тұрғыдан «есейген адам» деген кім? Эмоцияны тану қаншалықты маңызды? Сауалдарға жауап іздедік...
Анықтама немесе алғашқы сипат
Қазір қоғамды алаңдатқан жай туралы сипаттама ғылымға қалай енді. Бұл туралы психолог Лиля Арзахметовадан сұрадық.
«Есеймеген ересектер» анығы «Инфантильді ересектер» ұғымы – психология, педагогика, әлеуметтану және поп-мәдениетте табиғи түрде қалыптасқан жасы ересек болса да, мінезі, жауапкершілігі, эмоциялық реттелуі балалық деңгейде қалған адамдарды сипаттайтын көпсалалы термин. ұғымы ғылыми әдебиетте бұрыннан кездеседі. Ақпараттарға жүгінсек, ХХ ғасырдың ортасынан бастап психология мен әлеуметтануда кең ұғымға ие бола бастаған. Шығуы туралы бірнеше негізгі бастауды даралап атуға болады.
Алғашқысы – психоанализ. Фрейд, Эриксон, Юнг мектебі. Онан кейінгідер: педагогика мен кеңестік психология, қазіргі заманғы әлеуметтану, поп-мәдениет», – дейді.
Психологтың айтуынша, адамның психикалық дамуы кезең-кезеңмен жүретінін жүйелеп көрсеткен Зигмунд Фрейдтен кейін Эрик Эриксон, кей адамдардың дамудың белгілі бір кезеңінде «қалып» қоятынын айтып, оған «психологиялық инфантилизм» деген атау берген. Ересек жасқа жетсе де, адам эмоциялық немесе әлеуметтік тұрғыда балалық мінез-құлықтан арыла алмайды.
Кеңес дәуірі де «инфантилизм», «әлеуметтік жетілмеу» деген терминдеріне ерекше мән берді. Бұл ұғым адамдардың жауапкершіліктен қашу, өзі істейтін істің шешімін өзге адамнан күту, тұрақсыздық, эмоцияны бақылаудың әлсіздігі сияқты белгілерді сипаттау үшін қолданылған.
«Ересек» болудың өлшемдері өзгерген кез XX–XXI ғасыр. Бұл тұста отбасын кеш құру, ұзақ оқу, экономикалық қиындықтар, әлеуметтік рөлдердің кеш қалыптасуы көрініс тапты. Бұл құбылысты батыс әлеуметтанушылары «kidult, adultescence» деген. Сипаты – жасы ересек болғанымен, өмір салты жасөспірімге ұқсас адамдар.
ХХІ ғасыр басында «есеймеген ересек» бейнесі кинода, шығармаларда көрсетіліп, интернетте, психологиялық блогтарда жиі талқылану арқылы халық арасында кең тараған.
Дәстүрден жаңылмаған – адаспайды
Есеймеген ересектік таңсық ұғым емес. Қазақ ең ауыр «ез», «тексіз» деген сөзді естімеуге тырысқан. Ұл ата жолын, ұрпақты жалғаушы болса, қыз – өрісті өрістетіп, өнегені дарытатын алтын көпір. Олардың өмірден өз орнын табу үшін жақын-жуық, көрші, ауылдастың барлығы атсалысқан. Өзіне сенім артқан елдің аманатын арқалауда жастар да жөн жүріп, әр ісіне жауапкершілікпен қараған.
Нұрбибі Әшірдің пікірі бізге осыны ұғындырды.
««Қазақтың түбірі – тілінде» деген жолдар тіркес емес. Бір ауыз сөзге терең түйін сыйдырған ұлтымыздың қолданысынадағы мақалдар жеткілікті. «Өз үйіне ие бола алмаған, елге ие бола алмас», «Тағыдан туған тазы болмас», «Жүгін өзі арқаламаған еркектің жұлдызы жанбайды», «Өзгенің ісін өзің істесең – өзіңе жау табасың», «Өз ағасын ағаламаған, біреуді жағалар» деген сияқты тағылымды тәмсілдердің әрбірі мазмұнды мағынаға ие.
Аңыз, ертегілерде де баланы жастан ересек болуға ұтылдырған мысалдар жеткілікті.
«Жігіттің жеті жұрты» туралы аңыздағы жігіт өз тегін, жеті атасын, жеті жұртын айта алмай қиналғанда, оны халық ақылсыз, тәртіпсіз, жауапсыз деп сынайды. «Жігіттің үш сынағы» аңызында абыз ақсақал жігітті ашуға берілмеу, байлыққа қызықпау, нәпсіге ермеу сынды үш түрлі сынақтан өткізеді.
«Аяз би» ертегісінің даналығы – ер жігіттің мәні – сабыры, ақылы, қарапайымдылығында екенін ұғындырса, Қобыланды батырды Құртқа атты тану, мінезді тану, дұрыс шешім қабылдай білуімен ұнатады. Айтайын дегенім, ұлтын таныған, ұтылмайды, тілін білген, тура жолдан таймайды, дәстүрден жаңылмаған, адаспайды», – дейді ардагер-ұстаз.
Орындары алмасқан отбасылар
42 жастағы Жанар Құрманәлі жолдасының анасынан ажырамағанына шағымданады.
«Жоғары білімді, жақсы жалақы алатын, жұрт қызығатын жігітке тұрмысқа шықтым. Қиындық кейін басталды. Алғашында аңғармап едім, отбасы ұстанымы өмірімізге салмағын салды. Орта жасқа жақындап қалған күйеуім отбасы, бала-шағасы бола тұра, өз қаржысын жұмсауға қорқады. Бұл үйдегі барлық табыс, бөлек тұрсақ та, енемнің еншісінде болуы керек екен. Ол кісі менің де айлық жалақы, балалар үшін төленетін ақымды өзіне беруі туралы ұсынысты бірнеше рет жасаған. Басқа келіндерге де таныс жағдай. Ешкім ата-анасын жек көрмейді. Бізге өмір сыйлаған жандарды қуанту – парыз. Сыйлық беру, киімін алып беру, жолақысын төлеу, мереке, басқа да себепті жағдайда қуанту, керек кезде ақша тауып беру – әр бала үшін жазылмаған заң. Бірақ бүтін қаржыны басқа адамның билеуі, бөлек тұрсақ да «кіндігін кеспеу» қалыпты жағдай емес. Он жылдан аса уақыт шыдамдылық таныттым. Балаларым өсіп келеді. Олар да жаңа киім кигісі, тәтті тағам жегісі келеді. Тұрмысымыз да оңалған жоқ. Жүйкем тозып кетті. Абысын-ажындарыммен араласып тұрамын. Жағдай еш өзгермеген. Ұл-қыздарының барлығы әлі анасына «тасынумен» күй кешіп жатыр», – дейді жалғызбасты ана.
«Көршіміз бар. Ерлі -зайыптылар ұрысып қалса, келіншегі балаларын ұрып тастайды. Кикілжің туса: «Тұқымы оңбаған», «Осыған өмірімді қор қылғанша, ажырасуым керек еді, мына балаларды ойлаймын», – деп шағымданады. Күйеуі де соған ұқсас сөздерді үнемі айтады. Балаларының жүйкесі тозған, болмашыға тұтығып, жылап кетеді. Тағы бір туысымның келіні жасқа толмаған баланы екінші сыныпқа барған қызына тастап, кафелетіп кете береді», – дейді Әлия Ғабитқызы.
«Менің енем баласына «күйеуге тиіп алған» дегенді айтады Заида Мұхтар есімді жазылманымыз. Сырын тарқатуын сұрадық.
«Қайын атам бар, бірақ жоқ сияқты. Үйдегі «билік» енемнің қолында. Анасы балаларына атамды үнемі жамандап отырады. Қандай жағдай болса да, барлығына атам мен оның туыстарын кінәлі етеді. Қайын атамның арақ ішкені, аз табыс тапқаны, көп балалы болудың қиындығын енем өзі тартқанын тіпті жолдасының көзінше де айта береді. Өзін «құрбан» бейнесінде көрсетіп, балаларының еркелетуін, барлық жағдай жасауын талап етеді. Киім, азығымен қамтамасыз етуден бөлек, жеке көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, ата-анасы атқаратын жауапкершілікті арқалау – күйеуімнің міндеті. 24/7 телефонда отырып, барлық көңіл-күйін айтып жатады. Жақын ретінде қанша жақындауға ұмтылғаныммен, оның ешқайсысы нәтижесіз болып шықты. Мен ғана емес, күйеу балалары, келіндердің бәрі оған жат», – дейді ол.
Жоғарыдағы жағдайларға психолог Жанар Қуанышбай мынандай сипаттама береді.
«Отбасы мүшелерінің, әсіресе, ата-анының өз міндетін дұрыс атқармай, жауапкершіліктен жалтаруы немесе салғырттығы рөлдердің ауысып кетуіне алып келіп жатады. Мәселен, әкесі ішетін тұңғыш баланың тізгінді қолға алуы, жұмыс істейтін ананың қыздары анасы сияқты есеюге мәжбүр болуы, жалғызбасты аналар мен әкелердің бірінің жоқтығын ата-аналары немесе балалары толықтырамын деп әрекеттенуі. Мұны психологияда «парентификация» деп атайды», – дейді.
Халқымыздың «Баланы аясаң, аяма» деген ұстанымның бұл жерге қатысы бар-жоғын сұрадық.
«Әрине, жауапкершілікті ерте сезіну, еңбектенудің маңызы зор. Алайда ата-ананың рөлін ерте алған балалар өз отбасын құруда қиындыққа тап келіп жатады. Бала есею сатысында ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтауы маңызды. Өз ата-анасынан қажетті махаббатты, эмоциялық ресурсты ала алмаған жан оларды баласынан алуға тырысады. Ойын ашық айта алмай, кездескен проблемаға мойнсұнғыш, өзін соңғы орынға қоятын, құнсызданған адам болып қалыптасады. Қолда барын ортақ деп сезінетін түсініктер де осындайда пайда болады», – дейді.
Дамыған елдерде есеюге асықпайтын буын қатары қалыңдап келе жатқанына әлеуметтанушылар алаң білдіріп, дабыл қағуда.
«Твикстерлер — 20–30 жас шамасындағы, бірақ әлі толықтай ересек өмірге тұрақты жұмыс, жеке үй, отбасылық жауапкершілік өтпеген жастар. Оларды мынандай негізгі белгілері арқылы ажыратуға болады. 20– 40 жас аралығындағы адамның қаржылық және әлеуметтік тұрақтылыққа толық жетпеген, жиі мамандық ауыстыруы немесе жұмысын ұзақ таба алмауы, кәмелетке толған, бірақ толық «ересек» өмірге енбеген өтпелі кезеңде жүруі.
Батыс мәдениетінде белең алған көріністе ересек адамдар жасөспірім секілді киінеді, тұрақты жұмысы жоқ әрі бірнеше досымен бірге пәтер жалдап тұрады. Қоғамда оларды «parasite single», яғни «жалғызбасты паразиттер» деп атады», – дейді психолог Гүлзира Құлтанова.
Олардан келетін негізгі зиян түрлері туралы білдік.
Есеймеген ересек шешімдерді серіктесіне жүктейді, қаржы, жұмыс, үй шаруасына қатысты міндеттерді атқармайды, қиын жағдайларда «балаша» әрекет етеді. Салдарынан серіктестеріне шамадан тыс ауыртпалық түседі, реніш пен шаршау жиналады.
Инфантильді ересектер сынға немесе қиындыққа төзгісі келмей, эмоциялық манипуляцияға жиі барады.
Жұбайы, жары, баласы немесе ата-анасына шамадан тыс сүйенеді.
Ересектің жетілмеуі – сын қабылдамау, өз кінәсін мойындамау, ештеңеге міндетті еместігін сездірген ұстанымын аңғартады.
Егер отбасында бала болса, оған «енжарлық», жауапкершіліксіздік үлгісін көреді.
Шешім қабылдауды созу, тұрақты жұмыс істемеу, артық тарту — отбасының материалдық жағдайына зияндық келтіреді.
Есеймеген ересек отбасыдағы жағдай созылмалы болса, оның мүшелерінің эмоциялық қашықтау, күйзеліс, тіпті ажырасу қаупі пайда болады.
Ажырасуға асықпа...
Есеймеген ересекпен қарым-қатынас жасауда ажырасуға асықпай, тиімді тәсілдер қолданылса, жағдайды тұрақтандыруға болатынын жеткізді психолог Гүлзира Жарылқапова.
«Инфантильді адам шекараны сезінбей өседі. Сондықтан оған: «Мен сенің көңіл күйіңе жауапты емеспін», «Бұл жұмысты өзің жасауың керек», «Мен сені тыңдаймын, бірақ маған айқайлауың жақсылыққа апармайды» деген сынды анық, қысқа және эмоциясыз көзқарас айтылуы тиіс.
«Жауапкершілік ал» деп мәжбүрлеу нәтиже бермейді. Оның орнына:«Мен үлгермей жатырмын, үйді жинауға көмектесші», «Уақыттарың сай келеді, баланы таңертең өзіңмен бірге балабақшаға ала кет» деген сияқты анық құрылым болғанда ғана жақсырақ әрекет етеді.
Сіздің ұсыныңызға өкпелеу, үндемеу, жалтару, өзін «құрбан» қылу сияқты тәсілдер қолданса, өзіңізге эмоцияға емес, фактке жауап беруіңізді қадағалаңыз. Инфантильдің әрекетіне көшіп, айқайлап, кінәлау — оларды әдеттегі «бала» режиміне қайта енгізеді. Сондықтан сабырлы, нақты ережелі, қысқа сөйлемдерменқарым-қатынас жасау тиімді.
Көріп отырғаныңыздай, талап ету – нәтижесіз. Еркелету жағдайды нашарлатады. Дұрысы, өз әрекетінен нәтиже шығарып: «Қазір саған ауыр екенін білемін, бірақ сенің шешімің мәселені шешіп тұр», «Сен қалай ойлайсың?» – деу адамды ересек рөлге қайтарады.
Біздің қыз-келіншектер жол беретін қателік – оның жасамағанын өзі істеп кету. Бұл жағдайды реттемейді, керісінше инфантилизмді күшейтеді. Жүгіре бермей, салдарын сезіндіру қажет. Қажет болса, маманға жүгініңіз.
«Аналарынан ажырамаған ересектер инфантильді болып санала ма?» деген сұрақты да қойдық.
Бұл туралы кәсіби маманның жауабы төмендегіше өрбіді.
«Анасымен жақын қарым-қатынас – инфантильді деген сөз емес. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау менталитетімізге тән, адамдық сипат. Егер еріңіз не келішегіңіз шешімді өзі қабылдай алмай, анасының ықпалына шамадан тыс бағынышты, отбасының ішкі мәселесіне анасын араластыру, серіктестен гөрі анасының сөзін тыңдау, эмоционалды тәуелділік бар, шекара қоюдан қорқу белгілері көрініс берсе ғана «есеймеген» деп айтуға болады. Ал жақсы араласып, бірақ жеке өмірі, шекарасы, дербестігі бар болса – ол қалыпты жағдай», – дейді.
Камила МАҚҰЛБЕК
Кейіпкерлердің аты, өз өтініштерімен, өзгертіліп берілді

22 қараша 2025 ж. 14 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930