Одан асқан шежіре жоқ, одан асқан жоқ дана
Әр ұлттың өзін даралайтын құндылықтары болады. Сондай қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар мәдени, материалдық байлығының бірі – домбыра. Кең тараған музыкалық аспаптың тарихы іргелі, тамыры терең.
Кең далада мал бағып, көшпенді тірлік кешкен бабаларымыз өнерді тылсым әлеммен байланыстыратын құрал санап, сиқырлық сипаты бар деп ұғынған. Дәл осы домбыра жайындағы аңыздарды көпшілік жақсы біледі.
Алғашқысы ертеде үлкен шежіреші қарттың өмірімен байланысты тарқатылады.
Қарт жыршы дәм-тұзы таусылар шақта ел-жұртын жиып, өсиет қалдырыпты. Онда: «Уа, жарандарым, қазір менің көкірегімде тоғыз тараудың шежіресі қаттаулы. Ел есінде қалар шаруаны өзіммен бірге жасасып, бірге қартайған осы бір ескі домбырамның көмегімен үлкен-кішіге паш етіп келдім. Көз жұмар шақта білгенімді кімге қалдырам деп жүз ойланып, мың толғанып, шешімін таппадым. Ендігісін өздерің біліңдер»,– деген екен.
Жұртшылық жырау домбырасының шанағына құю керек деп шешкен екен. Сонда осынша байлық оның қуыс мойнынан шығып кетпесін, hәм тоғыз тараудың белгісі болсын деп бүкіл ел болып домбыраға тоғыз тосқаулы перне, ал қарт жыраудың құрметіне аспаптың бетіне екінші ішек таққан екен. Осыдан барып оның шанағы кеңейіп, мойны ұзарып, шежірелі сыр шертетін халық мұрасы – алтын домбыра болып сол заманнан қалған екен.
Бұл аңызда домбыраның екінші ішегі, тоғыз пернесінің қалай пайда болғандығы да әңгімеленеді. Яғни, домбыраның мойны ұзарып, қос ішекті болып жетілдірілгені таңбаланған. Мұнда домбыра бұрыннан бар, тек оның пернелері мен екінші ішегінің пайда болу тарихы айтылады.
Келесі дерек қос ішектің пайда болу сырын «Тауқұдірет» күйімен байланыстырады.
Тауқұдірет – құс атауы. Ол бір күні бір қанаты жарақаттанып, көкке самғай алмай, қатты қиналады. Осындайда ол келесі бір сыңар қанат тауқұдіретпен құшақтасып, екеуі бірін-бірі демеп, аспанға көтеріліпті. Жұптардың бірі ұрғашы, келесісі еркек екен. Олардан қос қанатты балапан туылады. Бұл берекелі тірлікті көрген күйші домбыраға қос ішек тағып, шығарған деседі.
Домбыраның қалай пайда болғандығы туралы тағы бір әпсана былай дейді.
Ертеде, қылышынан қан тамған қаhарлы бір ханның жалғыз қызы кедей жігітке ғашық болады. Мұны естіген хан жігітті дарға астырады. Жігіт өмірден өткен соң қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады.
Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа апарып іліп кетеді. Нәрестелердің көз-жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін доғарады. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап діңкесі қатқан қыз әбден қуарып, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса ән салып тұрған қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл - қыздың екі баласынан қалған жұрнақ дейді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал, шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үн жүрегіне жағып, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «қызым – Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен...
Бұл аңызда домбыраның алғаш рет қалай пайда болғандығы баяндалған. Яғни, қос нәресте рухының ағаш домбыра кейпінде «қайта тірілгендігі» туралы ишара бар. Домбыраның үстіңгі бостау ішегі Мұңлық ұлдан, төменгі қатты ішегі Зарлық қыздан пайда болып аңыздалуы – байырғы дуалистік танымның әсері екендігі айқын.
Бүгінге жеткен ауыз әдебиетінде «Ақсақ құлан» күйінің шығуын да домбырамен байланыстарады.
Әртүрлі ескерткіш, сондай-ақ этнографиялық еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.
Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл сайтанның ісі болды ғой»,— деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.
Домбыра – ең ежелгі аспаптардың бірі. Алматы облысында билеп жүрген адамдардың тасқа қашалып салынған суреті және қазіргі домбыраға ұқсайтын аспаптың суреті табылған. Суреттер ниолит дәуіріне жатады. Бұл домбыраның төрт мың жылдық тарихы барлығын байқатады.
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби домбыра аспабында ойнаған.
Ақын Қадыр Мырзалиев:
Білгің келсе біздің жайды,
Содан сұра тек қана:
Одан асқан шежіре жоқ,
Одан асқан жоқ дана, – деп жырлағандай, қазақтың өткенінен сыр шертіп, бүгіні мен болашағын жалғайтын дәстүрлі рухани мұра туралы қызықты деректер көптеп кездеседі. Оны насихаттап, болашаққа жеткізуде байыптылық керек.
Дайындаған Айару БАҒЛАН