Байлаулы кіндігім саған
Бүгінде өмірден түйгені талай, білгені батпан қаламы қарымды жазушылар саны артып келеді. Бұған Сейхундария бойындағы жұрттың оқуға құмарлығы, интелектке жақынды дем беретін секілді. Бұл көштен ақындар да қалыс қалмай, өздерінің жыр-жинақтарын поэзиямен сусындайтын оқырман қауымға тарту етуде.
Бірер күн бұрын қазалылық ақын Ғабит Кәдірбай да «Байлаулы кіндігім саған» атты төл туындысын жарыққа шығарды. Бес жүз таралыммен басылып шыққан кітап бірқатар тұтынушының кітап сөресінен орын алып үлгерді.
Туындының «Туған жер тіл қатса» деп аталатын бөлімінде азаматтық, патриоттық өлеңдер қамтылған. «Махаббат – мәңгі музамсың» деген келесі бөлім ақынның лирика хақындағы жыр жолдарына арналған. Үшінші тарауына «Арнаулар арнасы» деген атау теліген. Ғабит Кәдірбай 2011 жылдан бергі он жылдық шимайдың бір кітапта тоғысқан жинағы екенін айтты.
– Алғашқы туындым Қызылорда қалсындағы «Тұмар» баспасында жарық көрді. Мұның өңірдегі ата басылым «Сыр бойы» газетінің журналисі, ҚР ақпарат саласының үзігі Дүйсенбек Аяшұлының корректорлығынан өткенін де айтпай кетуге болмас. Арғысөзді де осы кісден алғанды жөн көрдім. Оқырман көңілінен шығады деген үмітім басым, – дейді автор.
Ал жаңа кітаптың алғысөзінде Д.Аяшұлы: «Ғабит осыдан бес-алты жыл бұрын ауылында жүріп, сыртымыздан білетін бізге хат жазып, хабарласуының өзімен-ақ өлеңге деген ерекше көзқарасын танытып еді. Содан бері мен оның поэзиядағы қадамдарын қалт жібермеуге тырыстым. Дегенмен, әр жерде – мүшәйраларда, кездесулерде оқылатын өлеңдері арқылы ғана бағалап келген сияқтымын. Оған осы жинағының қолжазбасын оқып шыққанымда көз жеткіздім.
... Ақын оқырманның психологиялық тұрғыдан өзіне үйіріп қаратады, бұл – сөз жоқ, оның шеберлігі.
Ей, қазақтың жастары, батыр ең сен,
Меңдегенше санаңды соқыр өлшем.
Замананың бұл да бір залалы ма?
Әйткенмен де, жақсыға мақұл ерсең.
Бір хикая айтайын, тыңдайсың ба,
Тіпті, тыңдағаныңа ақы берсем? – Ақынның осылай басталатын «Тек пен кек» балладасын бас алмай оқып шығасыз.
Жыр тұнған жүрегіңнің сәулесі әр қазақтың ой санасын жарықтандырсын», – деп тілек білдірген. Соған қарағанда айтары бар ақынның осылай басталатын отты өлеңдерін кітаптан көптеп кездестіруге болатын секілді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ