Арда жырдың алдаспаны
Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде М.Әуезов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың, Қызылорда облысы әкімнің жастар сыйлығының лауреаты, ақын Абдолла Сапарды еске алуға арналған «Алдаспан ақын – Абдолла» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.
Мәдени шараға жиналғандар алдымен мектеп-лицейдегі Абдолла Сапарға арналған кабинетпен танысты. Онда жалындап өткен жас ғұмыр иесі Абдолла ақынның өлеңдері, фотосуреттері мен қол жеткізген жетістіктері қойылған. Өткір тіл, қайсар мінез, өр рухты ақынның жансыз бейнесіне қарап, туған-туыс, әріптес, дос-жаранның жанарына жас үйірілді. Үлкенді аға деп сыйлап, кішіге іні деп ізеттілік танытқан ақын туралы айтылар әңгіме де, жазылар жыр да жетерлік. Оған дәлел ақындар мүшәйрасы. Қара сөздің қаймағын қалқып ішіп, көп күлгенді ар тұтқан Абдолланың ізін жалғаушы жас ақындардың жүректен шыққан жырларынан ағаны аңсау анық аңғарылып тұрды.
Мүшәйраға облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмабек Табынбаев, Алмагүл Қаржаубаева қазылық жасап, ақындардың өнерін саралады.
Ақын рухына арнап, арнау өлеңін оқыған Ақтан батыр ауылының тумасы Ақжол Түменбай бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал, Қызылорда қаласынан келген ақын Ғабит Кәдірбаев бірінші орынды иеленді. Шиелілік Бекжан Ержігітке екінші, қызылордалық Ұлықбек Тәңірбергеновке үшінші орын бұйырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА