Қамшының қасиеті
Қазақ қасиет тұтқан бұйымның бірі – қамшы. Біраз шаңырақтың төрінен орын тапқан қамшының ата-баба өмірінде алған орны ерекше. Бүгінде оның қадір-қасиеті мен тәрбиелік мәнін барлығы бірдей білмейді. Осы орайда ұлттың байлығына баланған бұйым туралы сөз етпекпіз. Қамшы ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық әрі қорғануға, қарсыласын ұрып-жығуға арналған суық қару.
Ескіден қалған есті сөздерге зер салсақ, қазақта тіл жете бермейтін немесе айтуға ауыз бармайтын сөздердің орнына қамшыны қолданатын әдет болған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Мәселен, қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген. Жалпы үйге келген кісі қамшысын ала кірмейтін болған. Егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдіреді, ортаға тастаса, бітімге келуге шақырғаны.
Қамшының сүндет, бәйге, көкпар, дойыр, неке, соп, үйір, ноғай, баптау, аңшы, барымта және бәсіре деген түрлері бар. Оны үшеуден бастап қырық өрім қылып өретін болған. Үш не төрт өрімдісі қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы. Сегіз өрім, төрт қырлысы бұл мал айдауға ыңғайлы. Он екі өрім – сәндікке лайықты қамшыда әспеттеледі. Қырық өрімге тарамыс қолданылады. Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық өрімді де жасағандар болған. Бұйым негізгі үлкен екі бөліктен тұрады. Олар өрімі және сабы. Содан кейін бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншек, бунақ, бауыр, шашақ өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек деп бөлінеді. Сабы көбінесе 4-7 тұтам тобылғыдан, еліктің сирағынан, киіктің мүйізінен жасалып, барынша әсемделеді. Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі – тұтамы, оған тесіліп өткізген қайыс таспа – бүлдіргісі деп аталады. Кітап беттерінде: «Шеберлер қамшының сабына ерекше көңіл бөліп, оны жез бауырлап, мойнақтап, темір не жезбен, былғарымен, қайыспен орап тастайтындығы жазылады. Қамшы өрімі алақанынан саптық мойынға бүркеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүркемелеу арқылы жалғайды. Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырып, оны сапқа ұзына бойы «бауырлақ» етіп, сыртынан таспаны орайды. Өрім мен алақанның қосылған жері – шемежей. Оның үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағып қояды. Елік, киік сирағынан темір, жез, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте сәнді де бағалы болады», – деп жазылған.
Көшпелі тірлік салтына байланысты қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қамшы ұстаған, ат-көлік мінетін. Әркімнің өзіне лайық қамшысы болады.
Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді. Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ тіпті тізенің астында жатады. Қамшы сыйлау – құрметтің белгісі. Өзінен кіші болса сол қолымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан. Елуге дейін тобылғы сапты қамшы сыйға тартса, елуден асқан соң тұяқ басты қамшы сыйлаған. Ал емші-балгерлердің қамшысы саудаға салынбаған. Өйткені жын-шайтанды қуатын қасиеті бар қамшы өте құнды, оның бағасы жоқ деп есептеген. Сондықтан бата берген адамға ризашылықпен сыйлаған.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА