Өзің бермейсің, берсем, жемейсің
Аранды ауылында өмір сүрген елге беделді, от ауыз, орақ тілді Дошымбет Көрұғлұлы деген кісі бірде жолаушылап жүріп, қазіргі Ү.Түктібаев ауылындағы Кенжебай деген кісінің үйіне аялдапты. Барса, үйдегілер быламық көже жеп отыр екен. Көжені қонаққа да ұсыныпты. Дошекең табағын алдына алып, былғап-былғап, қайта орнына қойыпты.
Арада біраз уақыт өтпей замандасы, халық ақыны Байназар Өтеповтің үйінде үлкен ас беріледі. Сол тойға барған Дошымбет қайтарында: «Байназар, үйге келіп, қонақасы жеп кет. Анау Кенжебай да қалмасын», – деп атына мініп, кете барыпты.
Межелі кез жеткенде екі-үш адам Дошекеңнің үйіне барып, өздеріне арнайы сойылған үлкен қойдың майлы етіне әбден қарындары тойыпты. Үй иесі «алдырыңдар, алдырыңдар!» деп қолқалағанымен, меймандар асқа тойғанын айтып, ризалығын білдіреді. Осы кезде Дошымбет қолына дырау қамшысын алып: «Өзің бермейсің, берсем жемейсің», – деп Байназардың арқасын осып-осып жіберіпті.
Әп-сәтте не болғанын түсінбеген Байназар: «Ау, ағайын, менің не жазығым бар?», – десе, «Ұялған тек тұрмас» дегендей, әңгімеге Кенжебай араласып: «Байеке, бұл сенің емес, менің арқама тиген қамшы. Кешіріңіз», – деп ат-тон айыбын өтеп, мал сойып Дошымбет бастаған бір топ адамды күтіп, қонақ еткен деседі.
Алтын МЕЙІРХАНОВА