Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Автокөлік лизингі: халық үшін мүмкіндік пе, әлде жаңа несие түрі ме?

Автокөлік лизингі: халық үшін мүмкіндік пе, әлде жаңа несие түрі ме?

Бұл – әлеуметтік бастама емес, керісінше, банктердің пайдасына жұмыс істейтін жаңа тетікке айналуының белгісі.
Фото: PixabayФото: Pixabay

2025 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы іске қосылмақ. Үкімет бұл бастаманы көлік алуды жеңілдететін жаңа қаржылық құрал ретінде ұсынып отыр. Алайда, Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков бұл жүйенің мәні бұрмаланып, лизингтің орнына халыққа тағы да «жаңа атаумен» автонесие ұсынылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Президенттің тапсырмасы – халық үшін, есеп үшін емес»
Олжас Құсбеков бұл бастаманы алғаш 2023 жылы көтерген. Оның айтуынша, идеяның түпкі мақсаты – халыққа жоғары пайызсыз, бастапқы жарнасыз, ауыр несие жүгінсіз көлік алу мүмкіндігін жасау болған. Бірақ қазіргі әзірленіп жатқан тетіктер бұл ұстанымнан алыстап бара жатқанға ұқсайды.
«Президент нақты тапсырма берді: лизингті халық игілігі үшін енгізу. Ал біз не көріп отырмыз? Қағазда бәрі әдемі, бірақ мазмұны баяғы автонесиеден еш айырмашылығы жоқ. Бұл – тапсырманың мәнін бұрмалау»  – деді депутат.
Оның сөзінше, ресми түсіндірмелерде лизинг құны шамамен 45 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін екені айтылған. Бұл – әлеуметтік бастама емес, керісінше, банктердің пайдасына жұмыс істейтін жаңа тетікке айналуының белгісі.
«Мен такси жүргізушілерімен жиі сөйлесемін. Олардың көбі көлікті жалдап, күніне 12 сағат жұмыс істейді. Сол адамдар үшін бұл лизинг үміт болған еді. Ал егер біз сол үмітті қайтадан пайыздық қақпанға айналдырсақ, онда бұл реформаның не қажеті бар?» – дейді Құсбеков.
Қаржы тетігі ме, әлде жаңа қаптағы ескі несие ме?
Мамандардың айтуынша, лизинг пен автонесиенің арасындағы басты айырмашылық – меншік құқығында. Несие кезінде көлік бірден сатып алушының атына өтеді, бірақ банк кепілінде болады. Ал лизингте көлік лизингтік компанияның меншігінде қалады. Тұтынушы тек пайдалануға ақы төлейді, ал мерзім соңында көлікті сатып алуға не қайтаруға құқылы.
Автонарық сарапшысы Артур Мискарян бұл жүйенің бірден нарыққа әсер етпейтінін айтады.
«Бұл бағдарлама тек жаңа көліктерге арналған. Сондықтан ол қолданылған көліктер нарығына әсер етпейді. Бағаға әсер ететін негізгі фактор – инфляция мен валюта бағамы. Бірақ жаңа құралдың пайда болуы көлік алудың балама жолын ұсынады» – деді ол.
Мамандардың пікірінше, лизинг тиімді болу үшін оның ай сайынғы төлемі автонесиеден едәуір төмен болуы қажет. Себебі лизингтің мәні – тұтынушы көліктің толық құнын емес, оны пайдаланған мерзімдегі тозу құнын ғана төлейді. Егер бұл айырмашылық байқалмаса, халық үшін лизингтің еш артықшылығы қалмайды.
Әлем не істеп отыр?
Бұл тетік дамыған елдерде әлдеқашан қалыптасқан. Мәселен, АҚШ-та жаңа көліктердің ширегі лизинг арқылы рәсімделеді, ал электромобильдерде бұл көрсеткіш тіпті жартысына жетеді. Германия мен Жапонияда лизинг – автонарықтың табиғи бөлігі.
Автоэксперт Эдуард Эдоков осы тәжірибеге сүйене отырып, лизингтің табысты болуы үш факторға тәуелді дейді:
«Біріншісі - ай сайынғы төлемнің нақты төмен болуы. Екіншісі - қызметтің толық қамтылуы: сақтандыру, техникалық қызмет, салық бәрі бір пакетке кіруі керек. Үшіншісі - ашықтық. Әр азамат калькулятор арқылы нақты төлем мен қалдық құнын алдын ала көруі тиіс,  - деді Эдоков.
Оның айтуынша, көптеген елде лизинг - көлікті жиі ауыстыратын азаматтар үшін ыңғайлы шешім. Бірақ Қазақстан жағдайында бұл формат бірқатар қауіп тудырады.
«Лизинг шартында жылдық жүріс шегі болады. Мысалы, 10–15 мың шақырымнан асса, айыппұл салынады. Ал такси жүргізушілері үшін бұл тиімсіз. Бұған қоса, қалдық құнның есептелуі ашық көрсетілмесе, клиент көлікті қайта сатып алуда ұтылады» – дейді сарапшы.
Әлеуметтік бағдарлама ма, бизнес жоба ма?
Олжас Құсбековтің айтуынша, бұл бағдарлама әлеуметтік сипатта болуы тиіс.
«Лизинг банктердің емес, халықтың мүддесіне жұмыс істеуі керек. Егер бұл жүйе бастапқы жарнамен, жоғары пайызбен жүзеге асса – онда бұл реформа емес, жай ғана атауы өзгерген автонесие» – деді депутат.
Сарапшылар да бұл пікірмен келіседі. Бағдарламаның шын мәнінде қолжетімді болуы үшін мемлекет тарапынан субсидия мен арзан қаржы көздері қажет. Себебі егер лизингтік компаниялар банктер сияқты қымбат несие алса, онда ешқандай жеңілдік болмайды.
Бір қарағанда, автолизинг - заман талабына сай қадам. Ол азаматтарға көлік алу үшін жаңа мүмкіндік береді. Алайда нақты тетіктері белгісіз. Ережелер, пайыз мөлшерлемесі мен төлем шарттары жарияланбай тұрғанда, халық бұл бастаманы сеніммен қабылдай алмайды. Бүгінгі таңда қоғам күтіп отырған нәрсе – қағаздағы әдемі уәде емес, нақты нәтиже. Егер жаңа бағдарлама халықтың емес, қаржы институттарының мүддесіне қызмет етсе, онда ол реформаның мәні жойылады. Шын мәнінде, бұл бастама ел азаматтарына көлікке қол жеткізудің әділ әрі жеңіл жолын ұсынуы керек. Әйтпесе, атауы жаңа болғанымен, мазмұны ескі несие жүйесінен алыс кете алмайды.

07 қараша 2025 ж. 117 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930