Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар
Біз көп жағдайда бұрынғы бабалардан келе жатқан қазақы салт-дәстүрді босаңсытып алдық. Соның ішінде соңғы кезде құда түсудің де маңыздылығы төмендеп кеткен сияқты.
Өйткені екі жақ бір-бірімен етене танысып білісудің орнына «Сен мынаны әкелесің, мен мынаны қайтарамын» деген келіссөздер жүргізіледі. Құдандалы болғалы жатқандар жастардың келешегін емес, келіп-кеткен қонақтардың көзіне «киттердің» керемет болғанын қалайды.
Ежелгі қалыптасқан дәстүр бойынша, қазақ жұртында отау тігудің бірден-бір жолы – құда түсіп, қалыңмал төленген.
Сондай-ақ, екі жастың көңілдері жарасса, жігіт сүйгенін алып-қашып үйленуі де ертеден келе жатқан үрдістің бірі. Мұндай жағдайда жігіт жағының ақ сақалдары кешірімге айып төлеп көп шығынға батады.
Жігіт үйленер алдында, әуелі өзіне ұнайтын, теңін іздестірген. Бұл дәстүр – «Қыз көру», «Жар таңдау» деп аталған. Онда ең бірінші қалыңдықтың тектілігіне мән берілген. Халық аузындағы: «Тегіне қарап қызын ал», «Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық» дейтін даналық сөздер осыдан қалған.
«Шешеге қарап қыз өсер» дегендей қыздың ибалығын туған анасының мінезі, үлгі-өнегесі және берген тәлімі мен тәрбиесі айқындайды. Сол себепті бұрынғылар «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деген.
Қалыптасқан шарт бойынша қыз көрушілер айттырар қыздың тектілігін түрлі жолмен сынаған. Мысалы, олар көздеген бойжеткеннің көшкен жұртына зер салып, үй орнының шашылып жатқанын көрсе, онда оған құда түсу, түспеуді ойласады. Қыз шешесін «салақ» санаған айттырушылар бойжеткенге сөз салмастан-ақ аттанып кеткен. Екіншіден, қалыңдықтың ақылдылығына назар аударылған.
«Жасаулы деп, малды деп
байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба,
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан
ғапыл қалма»,
– деп Абай айтқандай қыз көрушілер оның ақыл-парасатын да сын елегінен өткізуді ұмытпаған.
Қазақ отбасында қыз баланы «үй құты» деп бағалаған. Балиғатқа толған қыз бала үй ішінде жүргенде басына жұқа қызыл орамал тартса, түзде қарқаралы тоны немесе қарқаралы тақия киген. Осыған сәйкес бойжеткен қыздар «қарқаралы қыз», «қызыл орамалды қыз» атанған.
Басы бос бойжеткенді киген киімінен бірден таныған қыз көрушілер қызының ұнағанын оның әке-шешесіне сөз емеурінімен сездіреді. Қыз шешесі: «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды. Қызымның ұнағаны рас болса, бір белгі тастап кет», – дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, «құдалықтың басы осы болсын, қызыңның қарғы бауына» деп бір жорға байлайды. «Ұнатқан қызыңа сыйла» деп шешесі аманат қылған үкілі тақия, сырға, сақиналарын жігіт бойжеткенге ұсынады. Осындай жоралғылардан кейін ол үйдің қызы «үкілі қыз», «сақиналы қыз» атанады да «қыздың басы бос емес, біреудің қалыңдығы» деп танылады.
Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір, бір жарым жыл жігіт үйінен жаушы күтеді (жаушы-қыз айттыруға баратын өкіл). Осы шамада жігіт жағынан ешқандай хабар болмаса, қыз үйі жігіт әкесінің қамшысын кері қайтарады. Бұл «қамшы қайтару» деп аталады да, «қызымның басын босаттым» деген ишараны білдіреді.
Жаушы – жөн-жосықты білгіш, сөзге шешен, әзілге жүйрік адам болуы шарт. Міндеті – қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құдалыққа келер күнді белгілеп қайту. Жаушы ауылдан аттанарда шалбарының бір балағын етігінің қонышының сыртына шығарып, екінші балағын қонышқа сұғындырып қояды. Бұл – сапары сәтті болу үшін істелетін ырым. Сондай-ақ «жолым ақ болсын» деген ниетпен әрі арнайы құдалық жолымен жүргенін білдіру үшін ол астына ақ түсті ат мініп келеді. Егер қызының басы бос және елшіні ұнатса, қыз әкесі бір жақын туысын, болмаса ержеткен ұлын шақыртып «Кәне, бір мал әкеліп сой!» деп бұйырады. Отағасының бұл ісі – «құда түсуге келген кісіні қарсы аламын» деген мақұлы. Сыбағалы табақ тартылып, дастарқан жиналған соң келген қонақ тарапынан «Сізде лашын бар, бізде сұңқар бар. Сол лашынды сұңқарыма ілдірейін деп едім» дегендей тұспалданған сөздер айтыла бастайды.
«...Екі тектің баласын,
Ептемекке келгенмін.
Елдестірмек елшіден,
Жауластырмақ жаушыдан,
Құсқа салған аңшымын.
Сізде қыз бар, бізде ұл.
Қызыңа келген жаушымын...» – секілді сөз саптау үлігісі ең көне жырлардың бірі – «Алпамыс батырда» сақталған.
Ата-анасы қарсы болмаса жаушының өтінішін қабыл алып қыз үйі жаушыға «шеге шапан» аталатын жағалы шапан кигізеді. Жаушыны риза қылып, «құда-құдағи келіп бір малдың етін жеп кетсін. Сәлем айт» деп аттандырып салады. Бұл – жігіт жағы енді құдалыққа келе беруіне болады деген келісімнің белгісі. Жаушы келген соң, жігіт жағындағылар құдалыққа барудың қамына кіріседі.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген. Рухани жаңғыру тұсында құда түсудегі ескі салттың жағымды тұстарын жадымызға түйе жүргеннің зияны болмас.
Кемал КӨПЖАСАР,
Әйтеке би кентінің тұрғыны