Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тылда тер төккендер

Тылда тер төккендер

Адамзат тарихында үлкенді-кішілі он бес мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құрбандықтары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі екінші дүниежүзілік атанған – Ұлы Отан соғысы болды.
Қазақ халқының қиян-кескі ұрыста жеңіске жету мақсатында қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. “Барлығы майдан үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Сондықтан да тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі зор. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, Отанға деген адалдық үлгісін көрсетті.
Майдандағы жеңіске тыл еңбеккерлері ерекше ықпал етті деп айтуға негіз бар. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға шақырылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткен.
Ерлікпен пара-пар қыз-келіншектер мен аналардың еңбегі өлшеусіз болатын. Тылда ауыр жұмысты еңсеріп, жанқиярлықтың үлгісін көрсеткендер қатарында қазалылық Ханшайым Жоламанқызы да бар. Биыл 93 жасқа аяқ басқан тыл ардагерінің өткен күндер жайлы айтар естелігі мол.
– Қостанай қаласында туып-өскен менің де балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Қабырғамыз қатаймай ­жатып, беліміз бүгіле жүріп ауыр жұмысты атқардық. Күндіз күлкі, түн ұйқымыз шала бола жүріп, майдангерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге аянбай тер төктік. Сұрапыл жылдар қасіреті енді қайтып келмесін. Бүгінгі ұрпақтар ондай жамандықты көрмей, бақытты өмір сүрсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын! – дейді көпті көрген кейуана толқи сөйлеп.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
16 мамыр 2020 ж. 1 986 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930