Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс жолындағы жанқиярлық

Жеңіс жолындағы жанқиярлық

Қазақстан КП ОК 5 пленумы еліміздің еңбеккерлерін тез арада барлық жұмыс бағытын әскери жағдайға бейімдеуге, сөйтіп бәрін басты мақсат – жауды жеңу мен Отан қорғауға жұмсауға шақырды. Бұл 1941 жылдың 25-26 маусымында шұғыл қабылданған шешім еді. Осылайша «Барлығы майдан үшін!» деген ұранмен Одақ бойынша өндірісті соғыс жағдайына жұмылдыруда И.В.Сталиннің 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы сөйлеген сөзі басшылыққа алынды. Сол кездегі КСРО Ғылым Академиясының академигі болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қозыбаевтың естелігінде: «Ұлы Отан соғысында әрбір төртінші қазақстандық Отан қорғауға аттанды» деп топшыланады.
Игі істен қазалылықтар да шет қалмады. Ұлы Жеңісті жақындату үшін аянбай тер төкті. Оқ пен оттың ортасында жүрген солдаттарға қамқорлық жасады. Кеңес Одағы басшылығы тылдағы облыстар мен аудандарды соғыс жағдайына бейімдеуге көшті. Өндіріс ошақтарын шайқас болып жатқан аймақтардан басқа республикаларға эвакуациялады. Деректер бойынша 1941 жылдың соңына қарай сырттан елге көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда облысына келді. Сыр өңіріне орналастырылған мекемелер қатарында Украина университеті, Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру және Қырым медицина институттары болды. Бұл оқу орындарының облысқа келуі нәтижесінде қысқа мерзімде 1000-ға жуық біліктілігі жоғары маман даярланды. Олар аймақ экономикасының өсуіне айрықша серпін берді. Бірқатар кәсіпорын соғыс қаруларын дайындауға көшті. Қызылордамен қатар Қазалы теміржол депосына мина мен қол гранаталарын жасау жүктелді. Ауыл шаруашылығы саласы да қуатты қарқын алып, соғысқа дейінгіден де жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Майданға көмек ретінде «Отан қорғау халықтық қоры» құрылды. Қазалы тұрғындары жауынгерлерге барынша қолдау көрсетуге ұмтылды. Тылдағылар тегіс майдан қажеттерін өтеуге күштерін жұмылдырды. Жастар мен үлкендер әскерге жәрдем беруге біркісідей атсалысты. Олар құнды заттар жинаумен, киім-кешектер дайындаумен айналысты. Облигациялар сатып алды. Жаңадан құрылған ұлттық әскери құрамдарға мундирлер тікті, танк колонналарын жасауға қаражат жинады, тағы басқа да қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сол кездегі облыстық «Ленинский путь» газетінің Қазалыдағы меншікті тілшісі П.Утебаевтың мәліметінше, қорға сельхозартелінің Ә.Сардыбаев, Елкеев деген мүшелері жеке ірі қара малдарын өткізген. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» атты ұранның аясында соғыс шебіне материалдық-қаржылай көмек акциясы аудан колхозшылары мен жұмысшылары тарапынан ерекше қолдау тауып, олар аракідік бір күндік жалақыларын қорға аударып тұрды.
1942 жылы Қазалы ауданы 87 мың центнер астық тапсырды. 1942-1943 жылдары майданға аудан бойынша 1 миллион 572 мың 922 сом ақша, 11 мың 345 центнер астық, 29 тонна азық-түлік, 50 мыңнан аса киім жіберілді.
1941-1944 жылдарда ауданда 58 колхоз болған. Сол кезде барлық колхоздар мемлекетке ет өткізу жоспарын облыс бойынша озаттардың қатарында 117 процентке артық орындаған.
Қазалы ауданы соғыста жүрген майдангерлерге тікелей көмек көрсетуде үлгі бола білді. Соның нәтижесінде жауынгерлерге 71 мың жылы киім, 17 вагон ақ күріш, ірімшік, құрт, қауынқақ, балық және басқа да азық-түлік жіберілді. Бұдан бөлек аудан халқы танк колоннасын, самолет жасау қорына 16 миллион сом ақша және 11 миллион сомның облигациясын берді.
Қазалы балық зауыты соғыстың алдында 9 мың центнер балық өнімін өндірсе, сұрапыл жылдары 10-11 мың центнерге дейін өнімін көбейтті. Өндіріс комбинаты бейбіт шақта 9 түрлі зат шығарып келсе, соғыс басталғанда одан екі есе артық өндіруге қол жеткізді. Көптеген балық артелінің жұмысшылары жылдық межеден тыс мемлекеттік жоспарды асыра орындаған.
Міне, қазалылықтардың қиын-қыстау кездегі басқа түскен ауыр жағдайды еліміздің басқа аудандарымен қатар еңсергендігін, майдан мен тылда бірігіп еңбектену мен темірдей тәртіптің арқасында жеңіске жеткендігін деректер дәлелдейді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВ
05 мамыр 2020 ж. 1 090 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 269

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 157

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031