Қайсар жүректі рота командирі
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 73 жыл. Бұл Кеңес Одағы халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Өзге ұлттармен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да лайықты үлесін қосты. Қиян-кескі ұрысқа қатысқан қайсар жүректі жауынгерлердің қатарында менің атам Төлеу Айтжанов та болған.
Төлеу Айтжанов 1923 жылы Қазалы ауданының Октябрь селосында туған. 1942 жылдың наурыз айында әскерге шақырылып, Ашхабад қаласындағы жаяу әскерлер училищесін бітіріп, Орынбор қаласында жасақталған №9 атқыштар дивизиясының құрамында Калинин бағытындағы Великие луки, Ржев қалалары үшін болған шайқасқа қатысқан. Осы ұрыста жарылған снарядтың жарқыншағынан қабырға тұсынан жараланған. Жарақаты жазылған соң, 1943 жылы майданға қайта араласқан. Москва түбіндегі Вязьма қаласы үшін қан майданда ерлігімен көзге түскен взвод командирінің көмекшісі, аға сержант Айтжанов 6 айлық курсқа жіберіледі. Одан кіші лейтенант атағымен өз дивизиясына взвод командирі болып тағайындалады. Бұдан кейін Смоленск түбіндегі Ярцево-Каменько теміржол станциясы үшін болған кескілескен шайқаста аяғынан жараланады. Госпитальдан емделіп шыққан оны дивизиясына рота командирі етіп бекітеді. №82 дивизия құрамындағы рота командирі Т.Айтжановтың жауынгерлері Орша, Витебск, Могилев, Брест, Брянск үшін болған шайқаста жауға күйрете соққы берген. Брянскіде Айтжанов тағы да қолынан жарақаттанып, госпитальда емделеді. Ол Минск, Речица қаласы мен Жлобин, Варонобин, Бобруйск стансаларын да жаудан азат етуге қатысты. Осы ерліктері ескеріліп, 1944 жылы оған аға лейтенант шені беріледі.
Рота командирі Айтжановтың ерлігі жайлы деректер майдандық газеттерде бірнеше мәрте жарияланып, әскери кітаптарда да жазылған. Жазушы генерал И.Ф.Абрамовтың 1973 жылы шыққан «82-я Ярцевская» атты кітабының 99 бетінде Новоселский селосы үшін болған ұрыста Айтжанов ротасының ерлігі сипатталған. Яғни: «Оң қанатта 210-атқыштар полкінің майоры М.Т.Ершов басқаратын бірінші батальоны жаумен шайқасқа шықты. Осы батальонның екінші ротасының командирі лейтенант Төлеу Айтжановтың жасағы жаудың негізгі күшіне қарсы шабуылда аямай соққы берді. Сөйтіп, қырыққа жуық фашистті жайратты. Солдаттар К.А.Чироткин мен А.М.Красилов танкке қарсы қолданатын қарумен үш танкіны жойды» делінген.
Сондай-ақ, Александр Глуховтың 1991 жылы шыққан «Ты помнишь товарищ» атты деректі шығармасында лейтенант Т.Айтжанов басқарған екінші рота жауынгерлерінің неміс офицерінің көзін жойып, құнды құжатты батальон штабына әкелгендігі және полк командирі майор К.Б. Боричевскийдің Төлеуге «Ерлігі үшін» медалін өз қолымен тапсырғандығы баяндалады.
Ұлы Отан соғысында үш рет жараланған Төлеу Айтжанов Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» ордені, I-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені және көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін туған елге оралысымен Қарағанды қаласындағы Тау-кен өндірісі техникумын бітіріп, Қарағанды қаласында «Ленин – уголь» шахтасында жұмыс атқарған. Кейінгі жылдары Орынбор-Алматы теміржолында ревизор болып, 1964-1984 жылдары Қазалы стансасында вокзал бастығы болып қызмет атқарған. Зайыбы Жанзира екеуі екі ұл тәрбиелеп, өсірді. Отан үшін от кешкен соғыс ардагерінің есімі жерлестерінің жадында мәңгі сақталады.
Рита АРАЛБАЕВА