Әлемнің ажары – ана
Ойбай,
Ойбай!...
Бола берсін көп мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді» – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай әлемді әлдиімен тербеткен әйел жаны қырық шырақты емес пе? Иә, сымбатты да, әсем арулар қай кезде де елді өзіне ерекше еліктіретіні мәлім. Сондықтан да табиғаты тылсым сырға толы қыздар қауымының құпиясы таусылмас сірә. Десек те, сұлулығымен қатар арын да таза ұстап, ерінің алдында адал қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың қатары ортамызда аз кездеспейді.
Кезінде данагөй ана болып, әйелдік міндетін мінсіз атқарған Құнанбайдың жары Ұлжан мен шешесі Зеренің бойындағы асыл қасиеттер ұмытылмайды. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінің бірі Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриямды айтпай кету мүмкін емес. Күйеуін балаша күтіп, ас-суын үзбей әзірлеп, қас-қабағын қадағалап, тіпті ақыл керек кезінде кеңес те берген. Міне, даналық пен махаббат деген осы емес пе?! Осындай алтын ана мен дана келіндер бұл күнде саусақпен санарлықтай.
Әйел бақыты неде деген сауалға әркім әрқалай пікір білдіреді. Бірі, бала сүйіп отбасын құру десе, екіншісі, күйеуінің қалтасы қалың болып, қалағанына қол жеткізуді бақыт деп түсінетіндер де бар. Шын мәнінде әйелдің бақыты – күйеуінің разылығында. Жарың разы болса әйел о дүниеде мәңгілік жаннаттық деген Құранда. Еріңнің құрметіне бөленіп, өмір бойы адал болып өтсең міне, бақыт.
Ертеде бір жігіт отау құрып, тойы біткеннен кейін ұзақ сапарға аттанып кетіпті. Үйінде жаңа түскен келін елегзіп қала береді. Бірде әкесі қатты науқастанып, жан-жақтан балаларын жинап жатыр деген суық хабар келеді. Қыз барғысы келсе де, күйеуінің рұқсатынсыз үйден шыға алмайтынын айтып, әкесіне жете алмайды. Әкесі қызының келуін күтіп жатып, бақилық болыпты. Сонда ол өкініп, әкесін еске ала жылай береді. Сол күні қызының түсіне еніп: «Сенің келмегеніңе мен ренжімедім, керісінше, сендей қызды өсіріп, тәрбиелегенім үшін жұмақтамын!» – деп ризашылығын білдіреді. Бұл мысалдан да бақыт деген ұғымның қасиеті неде екенін түсінуге болады.
Айсұлу НАСЫР,
№182 орта мектеп тәлімгері