Кәсіпкер әйелдер бизнес форумы
Бүгінде «әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қайраткер» деген ұғымдар кеңінен қолданылуда. Қазақстандық әйелдер билік пен бизнесте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілеттерімен танылуда. Сондықтан да қоғам өмірін нәзік жандылардың еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Бұл туралы «Алтын ана» мейрамханасында ұйымдастырылған кәсіпкер әйелдер бизнес форумына төрағалық еткен Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Совет Бабанаев мәлімдеген болатын.
Басқосуда С.Кеңесұлы форумға қатысушылар мен кәсіпкер ханымдарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Оның айтуынша, әйелдер кез келген саланы ұршықша иіріп, оны нығайтуға қосқан елеулі үлесімен көпшілік құрметіне бөленіп келеді. Сонымен бірге, экономиканы қалыптастырудың өтпелі кезеңдерінде ауданда кәсіпкерліктің өрістеуіне әйел азаматшалардың негіз қалағандығын алға тартты. Аудан экономикасының дамуына ықпал етіп отырған шағын және орта кәсіпкерлікті дамытушылар саны 4 мыңнан асса, оның 2 мыңға жуығы қыз-келіншектер. Бұл – гендерлік стратегияның жемісі, оның жүзеге асып жатқандығының нағыз белгісі. Алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібін ашып, қосымша мамандық аламын деген азаматшаларға қолдау көрсетуге әрдайым әзір екендігін жеткізді.
Форумда жобалар мен міндет-жоспарларды нәтижеге жеткізу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму басқармалары, қаржы институттары мен жергілікті атқарушы органдарының өкілдері бірлесе талқылап, ойларын ортаға салды.
Айта кету керек, осы күні аудан бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 20 пайызында әйелдер жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 12 жоба жүзеге асырылса, оның ішінде 6 кәсіпкер әйел 103,5 млн. теңге несие алып, өз істерін жүзеге асыруда.
Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру аясында 6,2 млн.теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болған бес кәсіпкердің де үшеуі нәзікжандылар.
Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өткен қатысушылардың 43,2 пайызын арулар құрап отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.