Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Мұқағали – мәңгілік ғұмыр

Аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімнің ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында “Мұқағали – мәңгілік ғұмыр” атты әдеби-сазды поэзиялық кеш болып өтті.
Кешті ұйымдастырудағы басты мақсат – ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың өрісті ой, өшпес көркем мұрасын, жырларын насихаттау, ақын өлеңдерінің мәңгілік жыр қазына екенін ұғындыру, жас оқырмандарға ұлттық, адамгершілік тәрбие беру, мәнерлеп оқу шеберлігін шыңдау.
Қазақ поэзиясының алыбы, өмірі өлең, өлеңі өмірге арналған Мұқағали Мақатаевқа арналған кеш ерекше сезім мен сырға толы болды. Ақын өлеңдерін насихаттау, жастар бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу мақсатында өткізілген кеш Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 мектептің, Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей оқушыларының және Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж студенттерінің қатысуымен өткізілді.
Кеште шығармашыл оқушылар қауымы Мұқағали Мақатаевтың сарқылмайтын шабыт пен сағынышқа толы жырларын тебірене оқыса, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандары бойынша аймақтық тілшісі, «Алтын қалам» иегері Жұмабек Табынбаевтың әлі сиясы кеппеген «Ақынмен ашық сырласу» атты Мұқағали Мақатаевқа арнау өлеңін Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің 11 сынып оқушысы Қани Ескендір асқан шабытпен оқып, көрермен көңілінен шыға білді. Ақын шығармашылығына деген махаббаттарын көрсеткен ақынжанды оқушылар, өз жүректерінен шығарған арнау өлеңдерін де оқыды. Әдеби кеште ақиық ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері тыңдалып, кітап көрмесі мен ақын шығармасы мен өмірбаянынан сыр шертетін слайд-шоу қатысушылар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, заманауи жаңаша бағытта караоке ұйымдастырылып, ақынның әндерін көтеріңкі көңіл-күймен орындады.
Кешке аудандық кітапхананың тұрақты, әрі белсенді оқырманы, білім беру ісінің үздігі Қадірбек Бекетов, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Әшір Нұрбибі, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбішева Жанна, Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жайшылықова Бақыткүл, кітапханашы Ақниязова Элмира, Өркендеу ауылдық кітапхананың кітапханашысы Нұраддин Несібелі, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің кітапханашысы Қожахметова Ақзиялар лирик ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тебірене сөз сөйлеп, ақын шығармашылығын жан-жақты дәріптеу қажеттігін айтып, әдемі әңгіме өрбітті, жылы лебіздерін білдірді.
Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асаубаева Құралай ақын өмірінен сыр шертіп, әдемі әндерінен шашу шашып, оқырмандарды серпілтіп тастады.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова кешке келген қонақтармен ақын жырларын жатқа оқыған жастарға өз алғысын білдіріп,мақтау қағаздарымен сый-сияпаттар табыстады
Кеш соңында жиналған жұртшылық ақынның Е.Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың» әніне жазылған өлеңін караокемен қосыла шырқады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.
12 ақпан 2018 ж. 3 785 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031