Танымал туынды талқыланды
Аудандық балалар кітапханасында балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 95 жылдығына орай кітап оқушылар конференциясы өтті. Онда Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің 5 сынып оқушылары автордың «Менің атым Қожа» повесін кеңінен талқылап, шығармаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. «Өмірден оқыған жазушы» тақырыбындағы көрмемен танысты.
Кітапхана қызметкерлері Айна Айтжанова мен Перуза Ниязымбетованың ұйымдастыруымен өткен танымдық шараға Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рабиға Орынбаеваның шәкірттері белсене араласты. Шәкірттер «Менің атым Қожа» повесі кімдерге арналған шығарма?, «Повестің ¬басты кейіпкері Қожа қандай бала?», «Жанар қандай оқушы, ол Қожаға несімен ұнайды?», «Қожаның қателіктерге ұрына беруінің себебі не, қалай ойлайсыздар?», Қожа Майханова мұғалімді не үшін жек көрді?», «Қожа кімнің тәрбиесінде болды?», «Қазірде Сұлтан, Қожа секілді балалар бар ма?» және тағы басқа көптеген сауалдарға жауап беріп, шығарманың мазмұнын аша түсті.
Ең алғаш рет Мәскеудегі «Детская литература» баспасында орыс тілінде басылып шыққан «Менің атым Қожа» кітабы оқырман қауымының қызығушылығын туғызды. Одан кейін екінші болып француздар өз тілдеріне аударды. Бірден 30 шақты тілге аударылып шартарапқа жайылды.Содан кейін ғана өз елі Б.Соқпақбаевты мойындады. Повесть 1957 жылы қазақ тілінде жарық көріп, жазушыны бірден оқырманына кеңінен танытты.
Қазақтелевизиясының көркем туындысына айналған «Менің атым Қожа» Абдолла Қарсақбаевтың алғашқы көркем фильмі еді. Экранға шыққан сәттен-ақ көрерменді баурап, ыстық ықыласқа бөленді. Тіпті шетелдіктердің өзі қайран қалып жатты. Бұл туынды сол кезде 37 жаста болған режиссерді әлемге танытты. 1967 жылы Францияның атақты Канн халықаралық фестивалінде режиссерлік шеберлігі үшін бас жүлдені жеңіп алды. Бұл қазақ киносының сол кездегі үлкен жетістігі болды.Бұған дейін қазақ киногерлері мұндай үлкен бәйгеге ие болмаған. Фильм Орта Азия бойынша екінші дәрежелі дипломға ие болды. Қазақ кино өнерінің майталманы, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінің жарыққа шықққанына биыл 56 жыл, арада қанша жыл өтсе де көрерменнің сүйікті фильмдерінің бірі. Тәртіпсіз, қиялшыл әрі ұтқыр ойлы Қожа арқылы берілген қарапайым ауыл баласының бейнесі көрерменді бір жағынан күлкіге кенелтсе, екіншіден кездейсоқ оқиғалардан жолын тауып шығып кетуге болатын құйтырқы әрекетімен көрерменге тартымды болды. Фильмде Қожа рөлінде басты кейіпкерді Нұрлан Сегізбаев ойнаған.
Жас оқырмандар конференциясына қатысқан қонақтар ҚР Білім беру ісінің үздігі, кітапхананың тұрақты оқырманы Қадырбек Бекетов, №234 мектеп кітапханашысы Мира Садық және №70 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Көмекбаева озық шығарма туралы пікір білдірді.
Тағылымға толы шара соңында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Зоя Мұстафаева белсенді шәкірттер мен оларды кітап оқуға баулыған ұстаздары Рабиға Орынбаеваға «Алғыс хат» тапсырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА