Өнер өлкесіндегі өрелі істер

Мәселен, осы жылдың өзінде Бірлік, Кәукей ауылдық клубтарына музыкалық аппаратура, аудандық мәдениет орталығына оркестр киімдері сатып алынған.
Қазіргі таңда облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда Қазалыдағы ауылдық клуб пен мәдениет үйінің барлығында дыбыс күшейткіш аппаратуралары жаңаланып жатыр.
Ал, өткен жылы Жалаңтөс батыр ауылына 150 орындық типтік жобадағы клуб құрылысы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілгені баршаға аян.
Сонымен қатар, биылғы жылы аудан орталығынан 600 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары, Ақсуат ауылынан 150 орындық жаңадан типтік ғимарат салу үшін аудандық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарын дайындауға 7,2 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында мәдениет саласына қарасты кәсіпорындар мен мәдениет ошақтарында қайта жаңғырту тапсырмалары беріліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Жаңа жыл басталғаннан бері Астана қаласының 20 жылдығын, Қызылорда қаласының 200 жылдығын, Қазалы ауданының 90 жылдығын, көршілес Арал, Қармақшы аудандарында Қазалы ауданының мәдениет және өнер күндерін, Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің құрылғанына 50 жыл толуына, КСРО мәдениетінің үздігі, ҚР Мәдениет қайраткері Орақ Баубековтің 70 жасқа толуына орай түрлі деңгейдегі мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылуда.
Жоғарыда айтқан Елбасының бағдарламасына сәйкес «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жалпы халықтық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне Жанкент қалашығы мен Жанқожа батыр мазары енгізілсе, өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне Ғанибай, Нұралы, Қожаназар ишан мешіттері, Ғанибай үйі, Кескен күйік қалашығы, Мүсірәлі әулие кесенесі, Қосым қожа бейіті ұсынылыпты. Бұл да болса, өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені деуге толық негіз бар.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы ескерткіш Ғанибай үйіне республикалық бюджет есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Алдағы уақытта Қазалы ауданында жаңадан салынатын «Мекемелер үйі» алаңында Әйтеке би бабамызға еңселі ескерткіш орнату жоспарланып, тиісті жұмыстары атқарылып жатқанының өзі мәдениет саласына деген үлкен қолдау деп білеміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ