Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Дария жағасында дамыған мәдениет

Дария жағасында дамыған мәдениет

Шежірелі шаһарлар бой түзеп, отырықшылық мәдениет пен өнеркәсіптің өркендеген ошағына айналған Сыр бойындағы қалалардың тарихы кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Қойнауы терең, тұмса тарихқа тұнған мекендегі бір кездегі өркениет өресінен сыр шертетін көмбедей көмілген құнды жәдігерлер бүгінде өткеннен хабар беріп, рухани кеңістігіміздің кеңеюіне өлшеусіз үлесін қосуда.
Ел арасынан жеткен аңызға ұқсас мына бір мысал желісіне ден қойсақ, дария жағасына орналасқан шаһарлы мекендердің көптігі соншалық, Шыназадан шыққан мысық күмбезді шатырдан-шатырға секіріп отырып, Арал теңізіне дейін жетеді екен. Деректерге зер салсақ, Сырдария өзенінің қос қанатында қала мәдениетінің қалыптасқандығын айғақтайды.
Археологиялық еңбектер бұл жерді адамдар неолит пен қола дәуірінде-ақ меңгергенін меңзейді. Ал қарқынды түрде б.з.д. I мыңжылдық пен б.з. I мыңжылдығында игерілгендігін алға тартады.
Б.з.д. VІ ғасырға дейінгі Геродот, Плиний, Страбон мен Птоломейдің алғашқы мәліметтерінде Сырдарияны бактрийліктер «Яксарт», Александр Македонский «Танаид», Арал теңізін «Оксий қоспасы» деген. Бұл кезең қазақ жері мен оны мекендеген халықтар жайлы алғашқы мағлұматтардың пайда болуымен сипатталады.
Ал Беляевтың хабарламасында Шірік-Рабат, Орынбай қала, Сырлытам кесенесі, Жетіасар ескерткіштері, Жанкент, Жент қалалары мен Қорқыт ата кесенесі жайлы біршама деректер жиналған. Ғалым А.И.Левшиннің Сыр бойындағы Жанкент, Жетіқала (Жетіасар), Құмқала, Көбенқала, Құлшұқтам, Сырлытам, Күйіктам ескерткіштеріне сипаттама бере отырып, Сырдария жағасында ешқашан тіршілік тоқтамағандығын жазған.
1946 жылдан бастап С.П.Толстовтың басшылығымен Хорезмдік археологиялық-этнографиялық экспедициясы Шығыс Арал жағалауына археологиялық жұмыстарын бастайды. Бұл 1992 жылға дейін жалғасады. Осы кезеңде зерттеу нысанына айналған орыннан неолит дәуірінен ХVII-ХVIII ғасырға дейінгі тұрақ, қоныс, жерлеу құрылыстары табылған. Кейінірек бұл жерде жергілікті сақтар және кейбір оңтүстік орта Азия алқабының мәдениетінің ықпалымен суландыру жүйесі, жоғары дамыған сәулет өнері, монументальды ескерткіштердің құрылыстары және алты қамал қалдырған шірік мәдениеті түзіледі.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Сыр – Алаштың анасы» деген сөзі бүгінде фразеологизмге айналған. Бұл ұлт көсемінің өзен бойында орналасқан өңірдің өткеніне мейлінше қанық екенін байқатады. Себебі Сыр бо­йында әр кезеңде төрт астана болған. Соның бірі – Шірік-Рабат қаласы еді.
Бұл жерде өркениет б.з.д. II-IV ғасырларда қанатын жайып, Шірік-Рабат қаласы Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының астанасы болып белгіленген. Қала жұрты алғашында тайпа көсемдері, әскери қолбасшылары өмір сүріп және осында жерленетін бекініс қызметін атқарып, кейіннен үлкен мекенге айналған.
Б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларда Шығыс Арал жазығында Шірік-Рабат мәдениеті өз өмір сүруін тоқтатады.
Аймақтың географиялық орналасуы көші-қон жолдары, Ұлы Жібек жолының солтүстікке әсерін тигізіп, б.з.д. І м.ж. және б.з. І мың жылдығында халықтар мен мәдениеттер арасында Жетіасар дамып, Орта Азия және Қазақстан мәдениеттерінен өзіндік қасиетімен ерекшеленеді.
Орналасу тәртібі, архитектурасы, құрылыс техникасы, жекелеген үйлер мен тұрақтар бекіністері мықты қалалар көбінесе өзен жағалауы мен су көздерінің маңында қоныстанған. Олар сонымен бірге айналдыра бейіттер және жүздеген қорғандар орналасуымен ерекшеленеді.
Сырдария маңында жетіасарлықтарға туыс тайпалар өмір сүрген. Мұнда жетіасар мәдениетінің иелері қоныс тепкеннен кейін, осы маң Кескен-Күйік қала, Күйік қала, Жанкент сынды «балшық қыстақтар» (б.з.д VII) деген атпен гүлденіп көркейеді.
Ортағасырлық Жанкент қаласы – IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы. Ол – республикалық санаттағы ірі археологиялық ескерткіштердің бірі. Өзі өмір сүрген кездегі араб деректерінде қала Карьят әл-Хадисма, әл-Мадина ал-Джадида деп аталса, парсы жазбаларында Дих-и-Нау, түркі тілінде жазылған еңбектерде Янгикент атауларымен кездеседі. Қазақша аудармасында барлық атаулар «жаңа қала», «жаңа қоныс» мағынасын береді.
Парсы тарихшысы Гардизидің жазбаларында Ертіс өзенінің бойын жайлаған қимақтарға апаратын сауда жолының Жанкент арқылы өткендігі жайлы дерек сақталған. XIV ғасыр тарихшылары оны «Шехркент» деп атаса, Махмуд Қашқари мен араб географы Абульфеданың шығармаларында «Янгикент» деп кез­деседі.
ХІV ғасырдан кейін қыстақтар мен қоныстар саны күрт азайып, тек Жент, Асанас, Жанкент сияқты ірі негізгі қалалар ғана өмір сүруін жалғастырады.
ХІІІ-XIV ғасырларда Сырдария бойы қалаларындағы өмір сүрген қаңлы және қыпшақ жасақтары Хорезмшахтар тәуелділігінен моңғолдардың билігіне мойынсұнды. XIV ғасырдың 30-жылдарында Хорезм қайта көтеріліп, 1391 жылы Ақсақ Темір жаулауынан кейін Хорезм мемлекеті тоқтатып, кейін XV ғасырдан Алтын Орданың құрамында болған. Ортағасырлық кезеңінде мәдени-экономикалық, тауар-ақша мен халықаралық қатынастары тұрғысынан Хорезм, Алтын Орда және Түркістан атаулы үш даму аймақтарының ықпалында болған.
Жалағаш ауданы аймағындағы ертедегі Жент қаласы Жаңақаланың орнына сәйкес келеді. Осы мәселеге байланысты Ә.Марғұлан да Қызқаланы-Баршынкент, екенін нақтылайды. Тағы бір дерек шаһардың түркі халықтарына ортақ «Алпамыс батыр» лиро-эпостық жырындағы батырдың жары Баршын сұлудың есімімен байланыс­тарды.
Жент – қалдығы жақсы сақталған сырбойылық қала. Қаланың басты даңғылға ұқсас жолдарын, одан жан-жаққа тараған қысқа көшелерін анық аңғаруға болады. Солтүстік-батыс бұрышта үлкен үйлер болған. Ішкі қамалдың шаршы түріндегі төбешігі қазір де бар.
Моңғол шапқыншылығына дейін Жент алдымен оғыздардың, кейіннен қыпшақтардың астанасы болған.
1219 жылы моңғол әскерлері Сығанақ, Баршынкент, Ашнас, Жент, Янгикент қалаларын бағындырды.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Жент қайта жанданып, Арал маңындағы ірі орталыққа айналады.
Жаңадарияның оңтүстік жағалауында Құмқала атты ежелгі шаһар орын тепкен.
Ал ертедегі Асанас (Ашнас, Эшнас) қаласын В.А.Каллауыр суы тартылған Асанасөзек арнасының бойында екенін дәл тапқан.
Жент пен Баршыкенттің сауда аймағында XIV ғасырда Еділ бойы қалалары Алтын Орданың экономикалық белдеуінде өз орнын белгілеген. Жент тиындары XIV ғасырда да Орта Азия мен Түркістанды байланыстырушы рөл атқарған.
Түркістанның шеткі аймағындағы ертедегі Сығанақ қаласының орны – Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылының маңында. Оның атағы XIV ғасырда күшті саяси бірлестік, қазақтың алғашқы мемлекетінің бас қаласы, Ақ орданың астанасы болған кезеңде шықты.
Қала алғаш «Сунақ» атауымен белгілі болған. Ежелгі түрік тілінде «қамал», «қорған» деген мағына беретін мекен Шығыс қыпшақ даласындағы гүлденген өлкенің біріне айналады. Жазбалар Сығанақ диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таратылғаны туралы мағлұмат қалдырған.
Сығанақтың ең бір дәуірлеген кезеңі – Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның билік құрған уақытына сай келеді.
XIV ғасырдың екінші жартысында Орыс ханның дәл осы жерге хан сарайын салдыруында үлкен астар бар еді.
Жаңақорған ауданының маңындағы Өзкенттің де өзіндік тарихы бар.
Жазба деректерде Аққорған қаласына қатысты бірге айтылады. Ғалымдардың Отырар алқабын байланыстырушы аудан ретінде қаралған зерттеулерінде Өзкент қаласы көп бұрышты төбе бейнесімен сипатталған. Мұнаралы қабырғалар солтүстіктен оңтүстікке қарай 250-300 метр және жұмыр бұрышты 50-70 метр кесінділер орны бар. Олардың қиылысқан жерлері де дөңгелене нығайтылған. Мұнаралардың саны – 15. Тегеуірінді қорғаныс мұнаралары әсіресе шығыс, батыс, оңтүстік жақтағы бұрыштарда тұрғызылған. Кірер ауыздан басталатын орталық көше көлденең кесіп өтеді, батыс жағында су қоймасы болса, құрылыстардың орындары дуалдарға жақын орналасқан. Сондай-ақ бау-бақша, су жүйелері, шеберхана және көше іздері кездеседі.
Сейхун өзенінің шығысындағы Фараб әлемге даңқты перзенті Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен және қоры бай кітапханасымен таныс. Кейінгі жазбаларда Отырар деп аталған үлкен қаланы қорғайтын 70 мың жауынгері тұрған деседі. Мұнда үлкен мешіт және базар жұмыс істеген.
Тарихшылар Отырардан солтүстікке біркүндік жол алатын Шауағир қаласы жайлы айтқанда, оның Яссы, яғни Түркістан қаласы болуы мүмкін деген пікірді алға тартады. Яссының түркі халықтарының атақты адамдары жерленген ірі мәдениет пен сауда ошағына айналғаны туралы ақпараттар мен жазбалар жеткілікті.
Шауағирдан солтүстікке бет алған бағытта Сауран қаласы орын тепкен. Әл-Мақдиси бұл қаланың бірін-бірі қоршаған 7 дуалы болғандығын жазады. Оның орталығында үлкен мешіт орналасқан. Әли әл-Язиди Әмір Темірдің жорықтары кезінде қаланың «Сабран» деп аталғандығын жазады.
Исбижабтың солтүстік шығысында Тараз қаласының орны бар.
Қарлұқ түріктерінен құралған мұсылмандардың сауда қаласы жөніндегі деректерде оның өте үлкен әрі әдемі, бау-бақшалы, ғимараттарының терезелері көп екендігі айтылады. Қаланың 4 қақпасы, сыртында үлкен ор, кіреберісінде көлемді өзен, ішінде базар және мешіт болған.
Тараздың шығысындағы Берке (Меркі) қаласының қоршаулары да көпті қызықтырған. Бұрын қалада христиандардың шіркеуі салынып, кейін ол мешітке айналған. Бұл мәліметтер Христиан діні бұл жерлерге Исламнан бұрын келгендігін білдіреді.
Мерке маңындағы Құлан елді мекені бар. Бұл да Сыр бойындағы ежелгі қоныстардың біріне баланады. Құлан да қорғанды үлкен ауыл. Орталығында мешіт жұмыс істеген.
Қашғарға жақын орналасқан Баласағұн қаласы туралы зерттеу жұмыстары толыққанды жетпегендіктен, ол туралы әзірге болжам арқылы ғана білеміз.
Бірнеше мемлекетті тоғыстыратын өзен бойындағы Шаш, Ош сынды атақы қалалар да тарихта өз таңбасымен қалған. Біз тек қазақ жеріндегі Сырдария жағалауындағы ежелгі қалалар туралы айтуды жөн санадық. Қолда бар материалдар негізінде әзірленген мақаланы жариялаудағы мақсатымыз – жаңалық ашу емес, өлкетану тақырыбына қызыққан жандарға бетбұрыс жасау болатын.
Дайындаған
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
19 қаңтар 2020 ж. 1 532 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930