Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Фото: pinterest.com
Ұлттық спорт-әрбір халықтың ұлттық санасын қалыптастыруда ең маңызды факторлардың бірі. Негізінен қазақ халқының өзіне тән бай тарихы және мәдениетімен қатар ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрлері бар.
Жалпы дәстүрлі ұлттық ойындар-бұл тек дене шынықтырудың бір түрі ғана емес, сонымен бірге ұлттық рухтың, салт-дәстүрдің, тарихтың көрінісі десе де болады.
Ұлттық спорт түрлерінің тарихы терең тамырға бойлайды. Олар қазақ халқының көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Ат үстінде өскен қазақ баласы бала кезінен-ақ ат жалын тартып, садақ атып, күресіп өскен. Ұлттық ойындардың пайдасы сонша денені шынықтырып қоймай, ақыл-ойды дамытып, ерік-жігерді нығайтады.
Халқымыздың ұлттық спортының көптеген түрлері бар. Соның ішінде танымал спорт түрлері: бәйге, көкпар, қазақ күресі, аударыспақ, тоғызқұмалақ.

Бәйге-бұл тек жарыс емес, халқымыздың мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан бұл дәстүр, ата-бабаларымыздан бізге жеткен бағалы мұра.
Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, бәйге өзбектерде «пайга», қырғыздарда «чабыш» деп аталады екен.
Жалпы бәйге құнан, дөнен, аламан деген түрлерге бөлінеді. Олардың қашықтыққа байланысты өзіне тән ерекшеліктері бар.

Қазақша күрес- ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрі. Бұл арқылы жастар батырлыққа, ерлікке, достыққа және бірлікке үйренеді. Қазақша күрестен әдістердің көптүрлілігін, күш пен шеберліктің үйлесімін ерекше байқауға болады. Бұрын қазақша күрес салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Сонымен бірге күрестің жүйеленген ережесіде болмаған. Деседе бұл күш сынасатын ойын түрі алдынғы дәуірлерде тойларда жиі өткізіліп тұрған екен.

Көкпар-көрермендер және қатысушылар саны бойынша да көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі.
Орта Азия халықтары арасында кең тараған. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ойындар басқа Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кеңінен тараған «бузавиш» ойыны – көкпарға өте ұқсас және Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ойыны болған.
Көкпар жаппай және дода тартыс деп екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысса, ал дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» депте атайды.
Халқымыздың көшпелі өмір салты жылқымен тығыз байланысты болған. Ат үстіндегі ұрыстар мен жарыстар қазақ батырларының күнделікті өмірінің бір бөлгі болған деседі. Ал көкпар осы дәстүрлердің жалғасы болып саналады.

Аударыспақ-бұл спорт түрі ат үстіндегі 2 жауынгердің бір-бірін аттан аударып алуға тырысуына негізделген. Бұл спортшылардан күштілікті, батылдықты, ептілікті талап етеді. Сайысқа қатысушылар үш салмақ дәрежесіне бөлінеді. Аударыспақта салмақ дәрежесіне бөлудің мақсаты – қатысушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты.

Тоғызқұмалақ-әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын ұлттық спорттың зияткерлік түрі. Бұл ойын түрі арнайы тақтада 2 адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданады.
Дәстүрлі ойынның бұл түрі тікелей ақыл-ойды дамытуға арналған.

Қазақ халқының байырғы заманнан бастау алып, әлі күнге құндылығын жоймаған ұлттық спорт түрлері өте көп. Мен тек ең танымал спорт түрлерін атап өттім. Одан бөлек асық ату, теңге ілу, арқан тартыс, жамбы ату секілді қызықты ойындар жетерлік.
Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінен жыл сайын жоғары денгейде жарыстар өткізіліп тұрады. Ең қызығы бұл жарыстарға жастардың қызығушылығы артып келеді. Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін үлкен жұмыстар атқарылуда. Мұның бәрі де ұлттық спорттың болашағы жарқын екенін көрсетеді.

Тоғжан ШОРА
31 наурыз 2025 ж. 480 0

Сенбідегі серпін

01 сәуір 2025 ж. 182

Сыр перзенті

01 сәуір 2025 ж. 168

Кеудесін оққа тосқан

01 сәуір 2025 ж. 161

Tik-Tok тәлім бере ме?

01 сәуір 2025 ж. 172

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930