Дариядан келер қауіп жоқ
Қызылорда облысы аумағынан ағып жатқан Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Оның 625 шақырымында дария деңгейіне қойылған қорғаныс бекеттері бар.
2020 жылдың 15 қаңтарында облысымызға секундына 480 текше метр, Қызылорда қаласына 340 текше метр су келіп түсуде. Бұл қалыпты жағдай болып саналады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов мәлімдеді.
«Облыс бойынша 56 су басу аймағы орналасқан. Оларға 126 мекеме жауапты болып бекітілді. Су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар толық жасақталған. Су тасқыны кезеңінде халықты көшіруге арналған 84 эвакуациялық жинақтау және 101 қабылдау пункіттері дайындыққа келтірілген»,-деді Асылбек Өмірбекұлы.
«Үстіміздегі жылдың 27 қаңтарынан бастап Жаңақорған ауданы мен Арал аудандары арасында дария деңгейін бақылауда ұстауға байланысты оқу-жаттығу өткізіледі. Қысқы-көктемгі маусымдағы дария деңгейін бақылауда ұстап тұруға 1081 адам, 361 техника, 75 су сору техникасы, 2 тікұшақ дайындалған.» – деді Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев
.
Мамандардың айтуы бойынша Сырдария өзенінің қауіпті саналатын су деңгейінің шекті көлемі 1 метр 40 см құрайтын болса, қазіргі уақытта 97-77 см шекті көлемде. Сондықтан да дариядан келер қауіп жоқ. Өзендегі ахуал сала мамандарының қырағы бақылауында.