Өткір кездік қын түбінде жатпайды

Өткен тарихымызға үңілсек, төл өнерді төрге оздырып, қасиетті сөз қадірін өз қадіріндей қастерлеген саңлақтар аз емес. Егемендік еншіге тигелі шежіреміздің ұмыт қалған тұсына қайта ұмтылыс жасалып, жаңашыл көзқарас тұрғысынан зерттеліп-зерделенуде.
Сыр топырағында дүниеге келген Алпысбай Сауапұлы – ел арасында өнермен озған, соңында сүбелі ізі қалған жан. Жақында Қызылорда қаласындағы жыраулар үйінде «Әлім Алпысбай молда: таным мен тәлім» кітабының тұсаукесері өтті.
Оқырманға жаңадан жол тартқан жинақта Алпысбай Сауапұлының өмірбаяны мен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығында өмір сүрген сүлейлер шығармашылығының тағылымдық мәні, гуманистік, адамгершілік пен ғибратқа үндейтін өзектілігі баяндалған.
Кітап редакторы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіпов болса, мәліметтерді жинақтап, құрастырып, баспаға әзірлеген ақынның ұрпағы Гүларша Хұсайынқызы.
Кіріспе сөз сөйлеген Берік Жүсіпұлы халық жадынан ұмыт бола бастаған өнер иелерінің жолы, шығармашылығы туралы ізденіс жұмысын қолға алып, ұрпаққа жеткізу – сан жылдар топырақ жасырған көмбені табумен бірдей екенін атап өтіп, жиылғандарды А.Сауапұлының шығармашылық ғұмырбаяны жөнінде кең көлемде мәліметпен таныстырды.
Жауапты шығарушы, ардагер-ұстаз, өлкетанушы Гүларша Хұсайынқызы бұған дейін де бірнеше авторлық кітаптар, ғылыми жұмыстар мен кітап редакциялары құрамында болған. Ол өз кезегінде тақырыпты қолға алуда кездескен қиындықтар мен Алпысбай Сауапұлының халықпен қайта қауышқан мұралары ел өнеріне қосылып отырған үлес екеніне тоқталып, шараны өткізуге түрткі болған азаматарға алғысын айтты. Сондай-ақ ақынның күйшілік өнеріне қатысты мол мұрасы сақталмағанын, ізденіс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Сыр бойындағы эпикалық жыршылық дәстүрдің дамуында өзіндік орны бар, «Алпысбай ақын», «Алпысбай молда» атанған әлім Алпысбай Сауапұлынан бүгінге жеткен туындысы «Әлім Алпысбай молда мен Паналы қыздың айтысынан» «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар мен дәстүрлі әнші Тоғжан Өтенова үзінді орындады.
Айтыскер ақын Нұрмат Мансұров жүргізген кітап тұсаукесеріне арналған рухани шараға Қазақстанның өнер қайраткері Серік Ыдырысов, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Нұрлыбек Мыңжас, «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Жанат Ашанқызы бастаған іргелі еңбекке қызығушылық танытқан рухани сала жанашырлары шоғырланды. Жиналған қауым кітаптың жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді, жаңа еңбек жайындағы пікірлерін ортаға салды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА