Жиындағы жай – бақылаусыз қалмайды

Жасыратыны жоқ, қазір елде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны кемімей тұр. Деректерге сүйенсек, жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеледі екен. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық, әлімжеттік, тіпті өз-өзіне қол салу секілді фактілерден тұрады. Аудандағы жай қалай? Жиында осы мәселе талқыға салынды.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерді аша қалсаң, түрлі сұмдыққа қарап, көз сүрінеді. Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу үшін не шара жасалса да, тыйылмай тұрғанына не түрткі? Жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің, кемінде біреуі, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін тәрбиелеу колонияларына жіберіледі екен. Қасірет пе? Біреуі ананы, біреуі баланы жазғырса, енді бірі мектеп пен ұстазды сынға алады. Баладағы сана ше? Жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Қоғамның дертіне айналған мәселенің оң шешімі қандай?
Бұл мәселе ешкімді де бейжай қалдырған емес. Жақында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысының күн тәртібіне екі мәселе ұсынылып, тиісті сала басшылары мен мамандарының баяндамалары тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мархаббат Бегалиева баяндама жасады. Аудандық полиция бөлімі тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жайында айтып өтті.
Мархаббат Төлепбергенқызы 2024 жылдың 12 айындағы және 2025 жылдың 2 айындағы кәмелетке толмағандар жасалған және оларға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарлама жасады. 2025 жылдың 2 айында аудан көлемінде кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің ата-аналары немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз, түнгі мерзімде жүру бойынша 67 дерек анықталып, олардың заңды өкілдеріне ескертулер жасалған. Сондай-ақ есепті мерзімде құқық бұзушылық жасағандары үшін аудандық полиция бөліміне 90 кәмелетке толмаған жас жеткізіліп, тиісті шара көрілген.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алмасұлы комиссия жұмысының басты міндеті кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына жасөспірімдердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықты болдырмау, алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту керек екенін жеткізді.
Айнұр ӘЛИ