Сыр перзенті
Сол көктем ерте келген еді. Жалпы Сыр өңірінің қазақ даласының көп аймағына қарағанда көктеммен ерте қауышатыны белгілі. Жер дүниені тітіреткен алапат соғыстың біткеніне он жыл толса да, ел әлі қоңторғай күйде еді, содан болар, қыстың ерте шыққанына қуана шаруашылыққа кіріскен тұста Қожамберлі отағасы шаңырағы үлкен қуанышқа кенелген-ді. Жарық дүниеге ұл келіп, ауыл ақсақалдары бір күн қауқылдаса келе, сәбиге жақсы тілектер айтты. Бірі – батыр болар, бірі ақын болар деді, не керек сәбиге Баймырза деп ат қойып тарқасты. Бұл 1955 жылдың 20 – наурызы еді. Талай батыр, талай ақынды әлдилеген Қазалы топырағы бұл баланың кім боларынан бейхабар болатын. Ол болса Майдакөлдің өзі қатар балаларымен бірге жаз шығысымен етегін шалбар ішіне сала киген көйлектің ішіне құрт, асық, рогатка сынды керектерін салып алып, ойынның шырайын шығарды. Жасы оннан аса жұрттың «Ал айта қойшы, өскенде кім боласың?» дейтіні басталмай ма, бір құрдастары – мілитса, бір құрдастары райком боламыз деп жатады, бұл үндемейді. Ойы әлгілердің біріне де байырқамайды, тек құлағында әкесінің «Балам! Елге адал қызмет ету керек. Абырой сонда ғана келеді», – дегені. Ауылдастарының осы топырақтан шыққан пәлсапашы ғалым Мұстафа Матайұлы есімін мақтанышмен атап отыратыны да ойда. «Бұл өзі не жұмыс екен», – деп қояды ішінен. Алайда, мақал – мәтелге, қанатты сөздерге ынтасы ерек, оңашада әлгілерді бір қайталап, «Қалай қиыстырады, ә! Тошны айтады ғой», – деген әке сөзін еске түсіреді. Осылайша ауыл ақсақалдары айтқан ойлы әңгімелер, жас кезінен тыңдап өскен насихат, ғақлиялық жыр-термелер, халық даналығы жасөспірімді қызықтыра берді. Майдакөл сегіз жылдық мектебін бітіргесін, оқуын Қызылорда қаласындағы №4 орта мектепті жалғастырған ол мектепті 1972 жылы бітіре салысымен, Алматы қаласына аттанды. Алтын медальға бітіре алмады дегені болмаса үздіктер қатарында болған ол гуманитарлық бағытты таңдайды. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне философия мамандығы бойынша құжат тапсырды. Түсу емтихандарын «өте жақсы» және «жақсы» деген бағаларға тапсырғанмен, бұл жолы конкурстан өте алмады. Оның да себебін сол кезде білді. Бұл мамандыққа түсуде, негізінен, әскерден оралғандар мен екі жылдан кем емес еңбек өтілі барларға, партия ұйымдары жолдамасымен келгендерге басымдық беріледі екен. Ауылға келе еңбекке араласты, сонан соң Кеңес әскері қатарына шақырылды. 1975 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып келісімен тағы да сол ҚазМУ – ге, философия мамандығына құжат тапсырып, студент атанды.
Арқаға беталыс...
Қызығы мен қиындығы қабат өрілер студенттік кез де бітіп, оған жолдама Қарағанды қаласындағы Е.Букетов атындағы мемлекеттік университетке берілді. 1980 жылы «Философия» кафедрасында оқытушылық қызметке кіріскен Баймырза ҚазМУ–дың жатақханасынан шыға сала ҚарМУ жатақханасына орналасты. Жас маман жаңа ортаға тез үйреністі, дегенмен көңілде Алматы. Кей түндері сұлу Алатау түске енеді, КазГУ-градта жүреді. Сосын курстастарын ойлайды. Пәлсапашы ғалым студенттік кез туралы әңгімелей отырып: «Біздің студенттік тобымыз Қазақстанның әр жерінен жиналған оқуға құштар, білім қуып келген талапты жастардан құралды. Соның нәтижесі шығар, біз оқыған топтан 6 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты шығыпты. Бұл оқу тобының тең жартысы ғалымдар деген сөз. Бірге оқыған достарым Ғ.Телебаев, Ғ.Нұрышова, М.Ныдоров және өзгелерін құрмет тұтамын және олармен әлі де тығыз байланыстамын», – дейді.
Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қызмет еткен жылдар оның ұстаз, ғалым ретінде қалыптасу жылдары болды. «Бұл менің өмірімдегі айтулы кезеңдердің бірі. Кафедра оқытушылары – сол кездегі одақтың әр тұсынан жиналған мықты, дайындығы мол, нағыз кәсіби философтар болды. Р.Килещова, Т.Абжанов, В.Батурин, Д.Жалилов сияқты философ-оқытушылармен арадағы әріптестік байланыс кейін отбасы достығына ұласты. Осындай үлкен тұлғалар ұстаздық, ғалымдық қалыптасуыма ғана емес, адами өсуіме де үлкен әсер тигізді. Әсіресе, кафедра меңгерушісі Р.А.Клещованың рөлі ерекше болды. Ол Баймырза мінезімдегі кейде ашуға тез берілетін асаулығына да кешіріммен қарап, болашағыма жол сілтей білді. Төлеуғазы Әбжанов інісіндей көрді. Арқаға, тіпті, республика, одаққа белгілі ғалымдармен, өнер адамдарымен танысып, араласуына сол ағаның арқасы еді. Көптеген әріптестермен достық байланыста болды. Қазіргі филология ғылымдарының докторлары, профессорлар А.Жартыбаев, Ж.Смағұлов, Ш.Жалмахановтармен университет жатақханасында бірге тұрып, өмірдің қызығы мен шыжығына талай куә болып, бірге қызмет жасадық», – деп еске алады философия ғылымдарының докторы, профессор Б.Қожамберлиев Арқадағы жылдар туралы. Ол осы қызметте жүріп отбасы құрды, бала-шағалы болды. ҚарМУ философия кафедрасында оқытушы, онан соң аға оқытушы, кейіннен доцент, университет кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған ол 1992 жылы Алматы қаласындағы ҰҒА Философия институтының Ғылыми диссертациялық кеңесінде философия ғылымдарының докторы, профессор Р.А.Клещеваның ғылыми жетекшілігімен «Формирование политического сознания тружеников села» тақырыбында диссертация қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атанды.
Сағыныш сазы – туған жер...
Бірте – бірте Алматы сағынышы басыла бастады, алайда туған жерге – Сыр бойына аңсары ауды да тұрды. Қызметі де жақсы, кең пәтері де бар, абыройлы, ұжымға сыйлы, алайда «Елге оралсам» – деген ой санасында темірқазыққа айналды. Ақыры сол сағыныш жеңді, 22 жылдан соң ол Сыр бойына оралып, 1997 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ «философия және экономика» кафедрасының доценті қызметіне орналасты. Бір жыл доцент болған ол 1998-2007 жылдар аралығында «Философия және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, университет оқытушылары мен қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, 2007-2011 жылдары «Филология, тарих және құқық» факультетінің деканы қызметтерін атқарды.
Ол 2005 жылы 23 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті жанындағы докторлық диссертациялық Кеңесте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор М.С.Аженовтің ғылыми кеңесшілігімен «Рухани және әлеуметтік болмыс дамуының ара қатынасы» тақырыбында диссертация қорғап, ғылым докторы атанды. Еңбек ғылыми ортаның қызығушылығын туғызып, 2005-2010 жылдары аралығында ол Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті жанындағы докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі болды. Кожамберлиев Баймырза «Мәдениеттану әлемі», «Саяси сана», «Болмыс философиясы» тақырыбында монографиялық еңбектер мен ғылыми-саяси танымдық «Үлкен Саясат: Тұлғалар мен тағдырлар», «Сталиннен Горбачевқа дейін» (авторлармен бірлесіп) еңбектердің және әлеуметтік философия, мәдениеттану, дінтану саласы бойынша жазылған 200-ден астам ғылыми, әдістемелік мақалалардың авторы, көптеген халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда жасаған баяндамалары ғалымдар назарын аударуда. Оның еңбегі ел тарапынан да, басшылық тарапынан да бағалануда. 2020 жылдан бастап, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде философия және мәдениеттану кафедрасының профессоры қызметін атқаратын Кожамберлиев Баймырза «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Ресупбликасы тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың Алғыс хаттарымен, «НұрОтан» партиясының «Белсенді қызмет үшін» медалімен, Республикалық «Аманат» партиясының төрағасы А.Ж.Қошановтың Алғыс хатымен марапатталды. Ол Қызылорда облысы әкімінің 2006 жылы ғылым, мәдениет саласына тағайындаған стипендиасының және Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орнының «Үздік оқытушысы – 2009» грантының иегері. Қала, облыс деңгейіндегі мәдени, рухани және саяси іс-шараларға белсене қатысып келе жатқан Кожамберлиев Баймырза облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, «Аманат» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы қызметтерін қоғамдық негізде атқаруда. Ол Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері, Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі. Ұжымда беделді ғалым-ұстаз.
Ойтүйін... Сыр бойына тағы да көктем келді. Әр жерден қылтиып көк көріне бастады. Бұл ұстаз-ғалым, азамат Баймырзы Қожамберлиевтің 70-ші көктемі. Елі үшін еңбек етуді, қазақ ғылымының дамуына үлес қосуды, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алып, мемлекетіміздің келешегі болуы жолында тер төгуде мақсат еткен Сыр перзенті, міне, 70 жасқа абыройлы жетіп отыр. Бұл – ол өмірге келгенде бір күн дуылдасып, жас сәбиге ат қойып, бата берген ақсақалдар тілегінің қабыл болғаны.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері
ҚР Журналистер одағының мүшесі.