Кеудесін оққа тосқан

Әлемге үстемдік ету үшін басталған екінші дүниежүзілік соғыс ең бір зұлматты соғыс ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстаннан да жүздеген мың адам қолына қару алып, қанды майданда отан үшін жанын пида етті. Тарихи деректерде шабуыл жасаспау жайлы Кеңес Одағымен құжатталған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзған. Олар соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.
Германия мен Италия және Жапония тарапынан басталған соғысқа 61 мемлекет, дүние халқының 80 проценті қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 миллион адам әскерге алынды. Соның 50-55 миллионы қаза болды.
Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіті Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Еуропа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуге атсалысты. Солардың қатарындағы Жұмат Рашев екі бірдей сұрапыл соғысқа қатысып, қос жеңісті көрген куәгер. Ол – фашистерге қарсы қиян-кескі ұрыстан аман шығып, Жапониядағы соғыстың бел ортасынан мерейі үстем болып қайтқан ардагердің бірі.
Жұмат Рашұлы 1924 жылы 9 мамырда Әйтеке би кентінде бұрынғы Жаңа Қазалы поселкесінде дүниеге келген. Отбасында алты бала болған. Төрт ер бала, екі қыз баланың ортасында өскен. Үлкен ағасы – Жабағин қанды шайқас ортасында болып, елге оралмаған. Әкесі Раш зергерлік бұйымдарды әзірлеумен ел алдында құрметке бөленген. Анасы – Барша алаша тоқып, киіз басып өнерімен жұртты тәнті еткен.
Жұмат Рашев 7 сыныптық білім алған. Ол 1942 жылы әскерге алынып, 1943 жылдың қыркүйек айына дейін Ашхабатта болған. Бұдан кейін 6 ай кіші лейтенант курсына жіберілген. Онда ержүрек қазалылыққа жасқа лейтенант атағы беріліп, соғысқа аттандырады.
Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіті соғысқан. Белоруссияның әртүрлі аудандарында шайқасқан 65 партизандық бригада мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандық болған. 1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды. 1945 жылғы 8 мамыр – фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойылды. 1945 жылғы 9 мамыр – Қызыл әскер жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғыс аяқталды.
1945 жылғы 9 тамыз – одақтастық міндеттемелерге сәйкес соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы соғыс басталды. Қиыр шығыста Жапонияға қарсы соғысқа аттанған әскери бөлімдер арасында қазақстандық жауынгерлері де болды.
Тағдырдың жазуымен әскери тапсырма алған Жұмат Рашұлы 1945 жылы Жапонияға аттанды. Мұнда да аса қайсарлықпен бостандықты қорғау жолында жан аямай шайқасқан. От пен оқтың арасында Маньчжуриядан бастап, жаяу әскер қатарында үш жарым айдай соғысты. Майдан шебінен жеңіспен Байкал өңіріне қайта оралған. Қолбасшы, маршал Малиновскийдің дивизиясында соғысқан.
Жұмат ата Жапонияда болған ұрыста өжет, іс-қимыл танытып, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Әскери міндетін абыроймен атқарып, батырлық көрсеткен Жұмат Рашов 1947 жылы елге оралған.
Қаншама жауынгер жерлестері мен замандастарының жан-жақтан зулаған оққа ұшырап, жер жастанып, ажал құшқанын көру өте ауыр болған. Соғыстың сұрапыл күндерін жиі еске алып, терең күрсіне балаларына баяндап беруді парыз санады. Себебі ешкім де, ешқашан ұмытылмауы тиіс деп өсиет ететін. Оның омырауындағы «Жеңістің 30, 40, 50 жылдығы», «СССР қарулы күштеріне – 60 жыл» мерекелік медальдары отты жылдардан жеткен естелік іспеттес еді.
Ол елге аман-есен оралған соң 1949 жылы өмірлік жары Назирамен көңіл қосып, отбасын құрған. 1965-1984 жылдары Локомотив депосында машинист болып, жұмысын абыроймен атқарған. Бір жерде тапжылмай адал қызмет етіп, сол жерден 1985 жылы зейнетке шықты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА