Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алимент емес әлди керек балаға

Алимент емес әлди керек балаға


Үштік статус: жалғызбасты ана, баладан безінген әке, екі ортада жалтақтаған бала. Қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесінің бірі – осы. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды». Дәл осы сөз қазір күшіне қайта енген. Бұрынғыдай бәріне көну, төзу жоқ. Екі жас жараспаса, екі жаққа кете алады. Ал ортада қалған бала ше? Әрине, әркімде жай әрқалай. Отбасым деп ажал құшқан қазақ әйелдері аз емес. Қош. Бұл ретте алименттің де әлегі көп екенін айта кеткен жөн. Бүгінгі мәселе осы жайлы болмақ.
Ел Консти­туциясының 27-бабы бо­йынша неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Бірақ бүгінгі мақала отбасындағы баянды тіршілік пен бақытты балалық шақ жайында емес. Сол баланың әкесіз не шешесіз өскен, жарты отбасында тәрбиеленген жайы хақында. Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаң алиментке қарсы әкелердің қарасы көбейген. «Ай са­йын айлығымның пәленше проценті төленді. Қайда жұмсалып жатыр?» немесе «Менің төлеген алиментіммен күн көріп жүр» деген безбүйрек әкелер анасынан «чек» талап етеді. Қазір 20-30 мыңға күн көретін заман ба? Дүкенге баланың бір жегісі келгенін алуға кірсең кемі 10 мың теңгенің басына су құясың. Ал оны тәрбиелеп, күн сайын керегін әперіп, оқытып, киіндіріп, керек асын алып, бар жағдайын жасап отырған ананың жайы оларды алаңдатпайтыны өкінішті.

Заң бар. Бағынатын кім?

Алимент – балалардың немесе отбасындағы басқа да асырауды қажет ететін адамдардың, яғни жұбайы немесе басқа отбасы мүшелері үшін қаржылай көмек көрсетуді көздейтін заңды міндеттеме. Қазақстандағы алимент жүйесі азаматтардың құқықтарын қорғауды, олардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Алайда алимент төлеу мәселесі әлі де көптеген әлеуметтік және заңдық сұрақтарды туындатып отыр. Елімізде алимент төлеу жөніндегі заңдар мен ережелердің негізі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Алименттер туралы заңдарында айқындалған. Бұл заңдарға сәйкес, алимент төлеу міндеті әдетте ажырасқан ата-аналардың балаларына немесе өзге де отбасылық жағдайларға байланысты белгі­ленеді.
Ата-аналар балаларының қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыруы тиіс. Егер ата-аналардың бірі екінші тараптан моральдық немесе физикалық тұрғыдан көмек сұраса, алимент төлеу осы мақсатта беріледі. Алимент төлеу көлемі мен оның мөлшері Қазақстандағы заңға сәйкес анықталады. Әдетте алименттің көлемі баланың қажеттіліктері мен ата-ананың қаржылық жағдайына қарай белгіленеді. Алименттің мөлшері баланың жасына, денсаулығына және басқа да жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Әдетте, алименттің сомасы ай сайынғы табыстың бір бөлігін (25-50 процент) құрайды.
Қазір алимент төлеуден бас тартатын немесе төлемеуді әдейі созатын азаматтар көбейіп келеді. Бұл жағдай балаларына қажетті қаржылық көмек алмайтын ата-аналар мен олардың балалары үшін үлкен проб­лема болып отыр. Қазақстанда алименттен жалтарғандарға қарсы қолданылатын жаза жүйесі бар болғанымен, оны жүзеге асыру қиынға соғады. Бір қызығы, заңды жүзеге асырудың қиындықтары бар. Мәселен, алимент төлеуден бас тартушыларды жауапқа тарту қиын. Кейде олар жұмыссыз болып немесе табысын жасырған жағдайда, соттың шешімін орындау күрделі болады. Сондай-ақ табысы ресми түрде тіркелмеген адамдар үшін нақты соманы анықтау қиын.
Қазақстанда алимент төлеу мәселесін шешуге бағытталған бірқатар өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізілуде. Мысалы, алимент төлеудің мәжбүрлі тәсілдері бар. Қазақстанда алимент төлеуден бас тартқандарға қатысты мәжбүрлеу шаралары қолға алынды. Бұл шаралар алимент төлемеу жағдайын қатаң бақылауға алуға бағытталған. Сот арқылы алимент төлеуден бас тартқан азаматтардан төлемдерді өндіріп алу механизмі жетілдірілуде. Соттар мен құқық қорғау органдары баланың жасына, денсаулығына және басқа да факторларға байланысты алименттің мөлшерін қайта қарап, баланың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауда.
Алимент төлеу жүйесін жеңілдету бар. Қазақстанның заңнамасы алимент төлеу процесін жеңілдету мақсатында электронды платформалар мен мобильді қосымшаларды енгізуді қарастыруда. Бұл қадам алимент төлеу мен алу үрдісін тездетуге көмектеседі.
Алимент төлеу тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік аспектіні де қамтиды. Бұл жүйенің дұрыс жұмыс істеуі баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Егер алименттер уақытында төленбесе, баланың білім алу, денсаулығына қажетті қызметтер алу және жалпы өмір сүру деңгейі төмендеуі мүмкін.

Қарызы бар қазақстандықтар

Елімізде 288 мың адамның алимент бо­йынша қарызы бар. Олардың 277 мыңы ерлер болса, 11 мыңнан астамы әйелдер. Қазір 143 мың адамнан алимент уақытылы өндіріліп жатыр, яғни борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы тиісті төлемдер ұсталынып келеді. Ал проблемалық алименттердің саны 12 мыңды құрап отыр, олар бойынша берешектің ортақ сомасы 17 миллиард теңгені құрайды. Бұл азаматтар өз қарыздарын мүлдем өтемей жатыр.
Жалпы алимент бойынша өндіріп алынған берешек сомасы 7 миллиард теңгеден асады. Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындау шараларынан басқа, сот орындаушылары ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, борышкерлердің автокөліктерін арнайы айыппұл тұрағында ұстау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Сосын ол техникалық құралдар бағаланып, сатуға шығарылады. Сондай-ақ борышкерлердің алимент бойынша берешегін өндіріп алу үшін олардың жасырын кірістерін анықтау жұмыстары да жүргізіліп келеді.
Ал борышкердің тұрақты жұмыс орнының не табысының болмауына байланысты проблемалық мәселелерді шешу мақсатында қарызы бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша шаралар өткізіледі. Сондай-ақ сот орындаушылары атқарушылық құжаттарды орындамаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапгершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдауда.

Алимент төлеуді ұмытпашы, әке!

Борышкер әке болсын, ана болсын, алимент төлерде, алдымен, оны өз ұрпағына, өз баласына беріп жатқанын ойлағаны абзал. Айлығының бірер процентімен байып, қалтасын томпайтқан асыраушыны көрдіңіз бе? Қазір бір баланың қажетіне кететін ақшаның жалпы сомасын шығарсақ, көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың жай-күйін бағамдай беріңіз.
– Жалғызбасты анамын. Тиран күйеудің қорлығына талай жыл шыдап, ақыр соңы ажырасып тындым. Қазір сондай күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдердің көптігіне қарап шошынамын. Өмірім барда балам үшін бөлек кетейін деп қазір жалғыз асыраушы болып жүргеніме 3 жыл толады. Әрине жалғыз бала болғанымен, оны асырау оңай емес. Бір өзіне қажетті киімі, ішіп-жегісі, қыдырғысы бар. Телефоны, тариф деген дүниені де қажет етеді. Қатарынан қалғысы келмейді. Әке жоқ болған соң көңілі жарым. Орнын толтыру үшін күні-түні жұмыс істеп, ақша тауып, болашағы үшін еңбек етіп келемін. Ал әкесінен түсетін алимент ай сайын 23 мың теңге ғана. Былайынша айлығы тым жақсы. Көп қаражат алады. Алайда маған тек осы ақша түседі. Соның өзінде «менің ақшаммен күн көріп жүрсіңдер» деген айыбын да тағады. Әбден миым шаршаған соң: «Иә, сенің түскен 23 мың теңге алиментіңмен Дубайға ұшқалы жатырмын», – деймін. Сол алименттің баласы үшін түсіп тұрғанын ойланбайды. Ойлаңызшы, бір айға жиырма үш мың теңге. Мұндай ақшаға баланы қыдырта да алмайсың ғой, – дейді жалғызбасты ана Айгүл (аты-жөні өзгертілген).

Түйін: Қасиетті Құранда: «Әйел мен ер, олар бірдей құқыққа ие, алайда жауапкершілік жағынан ер адам бір саты жоғары тұрады» делінген. Осыдан-ақ отбасындағы əкелердің орны мен міндетінің жоғары екені аңғарылады. Алайда арамызда өз қанынан жаратылған ұрпағын тірі жетім етіп, «көкек əке» атанғандар аз емес. Соның кесірінен бүгінгі қоғамда алимент алуға мәжбүр болған бала мен сот орындаушыларын жағалаған аналардың саны арта түскен. Әке деген асқар тау өз баласын өзектен тепсе, басқасынан не қайыр? Ал алименттен жалтарған ана жайында айтуға тіпті ауыз бармайды...

Айнұр ӘЛИ

01 сәуір 2025 ж. 187 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930