Tik-Tok тәлім бере ме?

Ащы да болса шындық, бүгінде бала тәрбиені ата-анадан емес, телмірткен телефоннан алуда. Тіпті қолындағы құрылғыға байланғаны соншалық, досты айналадан емес айдаладан, жасырып қайтеміз әлеуметтік желіден іздейді. Соның ішінде балалардың басым бөлігі Tik-Tok-ты көп қолданады. «Бала көргенін істейді» демекші, сондағы сайқымазақтардың ісінен тәлім алып, кейбірі өсудің орнына өшіп бара жатқаны қынжылтады. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған да осы – Tik-Tok. Аталған әлеужеліден көз алмаған бала нендей тәрбие алуда? Саралап көрелік...
Осы бір көкейкесті мәселені Мемлекет басшысы да қозғады. Президент: «Ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», – деді Қазақстан Президенті.
Бала, ең алдымен, көргенін айнытпай қайталауға құмар, яғни ол бәрінен бұрын ата-анасының, үйдегі үлкендердің әрекетін «көшіреді». «Бала айтқаныңды емес, істегеніңді істейді», – дейді отбасылық психолог Аружан Әбдірахман.
– Бала расымен айтқанды емес, үлкеннің, ата-ананың істегенін істейді. Бұл – қазақ тәмсілі. Иә, қазір екінің бірі смартфонға байлаулы. Жұмыс, күйбең тіршілік, отбасынан алшақтап, кейде әлеужеліге кіріп, сонда уақыттың қалай зымырап өткенін де байқамай қаламыз. Әсіресе ата-аналар. Бала жылай қалса, тек қолына смартфонды ұстата салады. Бұл негізінен әке-шешенің жауапкершіліктен жалтаруы болып саналады. Себебі бала әлеужеліден тек теріс білім алады. Ол 2-3 жасынан желіде көргенін дұрыс деп таныса, өсе келе баланың тұлғасы соған сай қалыптасады. Сол үшін телефон берер алдында әбден ойланған жөн. Керісінше баланы әртүрлі қырынан дамыту қажет. Мәселен, қабырғаны қаламсаппен сызатын балалар болады. Ондай балғыннан келешекте мықты суретші-дизайнер шығуы мүмкін. Тек смартфон орнына сурет салатын тақта мен бояғыш заттар алып берсеңіз, қалғанын бала өзі әкетеді. Міне, осы секілді бала бағын ашу, оң жол, дұрыс тәрбие беру телефоннан емес, ата-анадан, – дейді психолог.
Мақалада көтеріп отырған қоғамдық мәселенің өткірлігі соншалық өткен жылы Сенатор Алишер Сатвалдиев «Tik-Tok» алаңында жағымсыз көріністердің таралып жатқаны туралы мәселе көтерген еді.
Депутаттың айтуынша, 13-тен бастап 24 жасқа дейінгі жастардың 75 проценті осы платформаны пайдаланады екен. 4-5 жастағы балалар Tik-Tokта күніне орта есеппен 75 минутын өткізетін болып шықты. Ондағы мазмұн да әртүрлі, оның ішінде толық қалыптасып үлгермеген балалар мен жасөспірімдердің сана-сезіміне зиян тигізуі мүмкін.
Сенатор әр ел бұл құбылыспен әрқилы күресіп жатқанын атап өтті. Кейбір мемлекеттердің талабы бойынша 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге күніне 1 сағат лимит қоятын жаңа функция енгізілуде, Tik-Tok-та кәмелетке толмағандардың деректері сақталғаны үшін айыппұл салынады. 13 жасқа дейінгі балаларға күніне 30 минутқа дейін меже қойылған, оны ата-анасының рұқсатымен 1 сағатқа дейін арттыруға болады. Кейбір елдер бұл платформаны өз аумағында толығымен жауып тастады.
– Көтеріліп отырған мәселе өскелең ұрпақтың тағдырына теріс әсер етенінін ескере отырып, шұғыл шаралар қабылдау керек деп есептейміз. Осы орайда Tik-Tok және өзге де әлеуметтік желі әкімшілігі тарапынан ұлттық заңнамамыздың талаптарын орындауы және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысына мониторинг жүргізу керек. Анықталған кемшіліктер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйеніп, тиісті шаралар қабылдануы тиіс, – деп атап өтті сенатор.
Сенатордың көтерген мәселесі тиісті орынға жетті ме, білмедік?! Бірақ елде соңғы уақытта Tik-Tok платформасының жұмысы бәсеңдеген. Яғни аталған әлеужеліні қолдану үшін VPN қосымшасы міндеттелген. Демек, елімізде Tik-Tok-ты жою жұмысы жолға түсті деген сөз.
Жалпы ғаламторды, әлеуметтік желіні түбегейлі жою қажет деген ойдан аулақпыз. Тек дұрысын алып, бұрысынан алыстау қажет. Яғни, жастардың санасын улайтын, теріс тәрбие беретін контентке шектеу қойылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Серік АҚМЫРЗА