Белгілі продюсер театр басшысына назын жеткізді
Гүлзира Айдарбекова Шаншар театрының басшысы айтқан сынға жауап берді. Продюсердің айтуынша, оның еш ақталатындай кінәсі жоқ.
Бұған дейін берген сұхбатында Уәлибек Әбдірайымов Қайрат пен анасына ренішін білдірген еді. Олар шақырылған жерге келмеді деп өкпесін айтты. Алайда Айдарбекованың айтары басқа, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Маған Уәкең хабарласып концертке келуімізді сұрады. Біздің ол кезде тапсырыстарымыз болған. Сондықтан мен нақты барамыз деген жоқпын. Тіпті бара алмай жатсақ ұят болады деп, жарнамаға Қайратты түсірмедік. Егер ақшасын келісіп, барамыз деп уәде берсек ренжуіне болар еді. Бұл жерде менің де, Қайраттың да кінәсі жоқ. Уәкеңнің адамы 2-3 рет жазды. Кейін басқа адамдар хабарласып қоймаған соң тойдан бас тартып, той иелерінің ақшасын екі есе қайтарып бердік те, концертке бармақ болдық. Себебі ЭКСПО деген соң Уәкеңнің адамдары деп ойладым. Сөйтсем олар мүлде басқа біреулер екен. Бұл жағдайды да Уәкеңе түсіндірдім", - деді Айдарбекова.
Айтуынша, Қайратқа мүлде ренжудің реті жоқ. Себебі Қайрат тапсырыс алмайды.
"Ол өзінің ертең қайда жол жүретінін, қайда ән айтатынын да білмейді. Оны мен, көмекшілері жоспарлаймыз", - деді анасы.
stan.kz