"Сыр тұлпары": Жас жүйріктің бағы жанғалы тұр

Қазір тәуелсіз елдің түкпір-түкпірінде ат шаптырып, аламан құрып отырған қауым көп. Соған сай талай жүйріктің де атағы ел аралап жүр. Бір анығы, бүгінгі қазақ жабыдан ат жаратпайды. Бәйгенің бәсі биік, қарқыны қатты. Таза қанды жылқылар дес берер емес. Бірақ сол таза қанды жылқыны тек алыс-жақын шет елдерден алдыртып, баптап жүрген атбегілер «қолтума» өсіруге аса құнтты емес. Неліктен? Сұрақ көп, жауабы да әрқалай.
Тақырыпқа тереңірек тағы айналып келерміз. Ал бүгінгі түйін: Сыр жүрегі – Қызылорданың мерейтойға үлкен әзірлікпен келуі. Соңғы бес жылда жаңашылдыққа жол салған, еліне ел қосылып Арқа төсіндегі Астанадай сол жағалауға жаңа қала салған, айта берсек жетістігі жоталы өңірдің ұлттың сара сайысы – ат спортына да ерекше көңіл бөлгенін талай жұрт тағы бір танығалы тұр. «Қызылорданың ипподромы өзгелерге үлгі болса керек» деп еді әуелден-ақ атбегі қауым. Міне, сол ұлт өнерін ұлықтауға қызмет ететін орын сенбіде дүлдүлдер дүбіріне бөленеді.