Ерікті болу – еріккеннің ісі емес
Қазіргі таңда еріктілік қызмет жаңа сипат алып, қоғам өмірінің ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналып отыр. Әсіресе жастардың бұл іске деген қызығушылығы мен құлшынысы көңіл қуантады. Олар қоғамға пайда тигізуді, айналасына жанашыр болуды өмірлік ұстанымына айналдырып келеді.Естеріңізде болса, 2020 жыл елімізде Волонтерлар жылы болып жарияланған еді. Сол бастама ел ішінде үлкен серпін беріп, еріктілік мәдениетінің дамуына жол ашты. Содан бері бұл игі іс тоқтап қалған жоқ, қайта жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мазмұны тереңдей түсті. Бүгінде бұл бастаманың жалғасып келе жатқанына алты жылға жуықтады. Қазіргі таңда елімізде әрбір сегізінші азаматтың еріктілік қызметке қатысатыны айтылып жүр. Ал енді аудандағы еріктілік деңгейіне келсек, бұл бағытта да оң өзгерістер бар екені байқалады.
Әйтеке би айтқан «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауға найзаң тисін» деген ұлы қағиданы өмірлік бағытына айналдырған жандардың қатарында қазалылық еріктілердің орны ерекше. Олар қоғамның әр саласында белсенділік танытып, игі бастамалардың ұйытқысына айналып жүр. Қуантарлығы, ауданда ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген еріктілердің қатары жыл сайын артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда 1800-ге жуық жас ерікті бар.
«Бүгінде орталық жанынан құрылған «Біз біргеміз» еріктілер тобы 2022 жылдан бері жұмыс істеп, бүгінге дейін біршама қайырымдылық істердің басынан табылып жүр. Қазір оның құрамында шамамен 50-ге жуық адам бар. Ал тақырып бойынша ерекше белсенді еріктілер саны шамамен 105 адамды қамтиды. Еріктілер өз жұмыстарын бірнеше маңызды бағытта жүзеге асыруда. Атап айтсақ, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп қоймай, қайырымдылық акцияларына атсалысып келеді. Сондай-ақ аудандық және ауданнан тыс шаралардан да қалыс қалған емес.
Мұнымен қоса, ауданда тағы бір белсенді еріктілер қозғалысы – «Жас бастау» бастамасы да табысты жұмыс істеуде. Бұл топ жас кәсіпкерлерден құралған, құрамында 6 белсенді азамат бар. Олар пандемия кезеңінен бастап бүгінге дейін түрлі әлеуметтік акцияларға ұйытқы болып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырған бұл жандар қоғамдағы жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарды да дәріптеп жүр.
Орталықта сондай-ақ жаңадан қосылып жатқан жастарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерімен бөлісетін белсенді әрі жігерлі жастар шоғыры қалыптасқан. Олар ерікті болуға ниет білдірген әрбір жанды жылы қабылдап, ортақ іске жұмыла кірісуге әрдайым дайын. «Жақсылық жасау – жүректің ісі» деген қағиданы ұстанған бұл еріктілер қоғамға пайдасын тигізуді басты мақсат санайды», – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.
Нұрбек Нысанбекұлының айтуынша, аудандағы ерікті жастар әрқашан елге пайдалы істің бел ортасынан табылып, жақсылықтың жаршысы болып келеді. Олар тек бір бағытпен шектелмей, қоғам өмірінің түрлі саласына белсене араласып, өздерінің жауапкершілігі мен жанашырлығын тұрақты түрде көрсетіп жүр.
Жуырда өткен республикалық референдум кезінде де еріктілер жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілетін танытып, ерекше белсенділік көрсетті. Олар сайлау учаскелеріне келушілерге бағыт-бағдар беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар қарт адамдар мен қозғалысы қиын азаматтарға қолдау көрсетіп, тегін такси қызметін үйлестіріп, олардың дауыс беру процесіне еркін әрі қолайлы қатысуына жағдай жасады. Бұдан бөлек, еріктілер қоғамдық тәртіптің сақталуына да өз үлесін қосып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар ел ішіндегі бірлік пен тыныштықты нығайтуға бағытталған бастамаларға белсене араласып, халықпен тығыз байланыс орнатты.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында да аудан жастары ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Олар сенбіліктерге қатысып, қоғамдық орындарды тазалау, айналаны көркейту, жасыл желек отырғызу сияқты игі істерді тұрақты түрде жүзеге асыруда. Мұндай бастамалар ауданның экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.
Ерікті жастар тек науқан кезінде ғана емес, үнемі игі істердің басынан табылуға тырысады. Қақаған қыс мезгілінде де олар көшеде еңбек етіп жүрген қызметкерлерге ыстық шай ұсынып, қамқорлық көрсетіп жүргеніне жиі куә болып жүрміз. Алайда олардың жұмысы тек сусын таратумен шектелмейді. Қайырымдылық бағытындағы іс-әрекеттері де кең ауқымды. Олар көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға тұрмыстық қажетті заттармен қолдау көрсетіп, тұрақты түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, жастардың ортақ еңбегі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлестерін қосуда.
Ерікті жастар тек қоғамдық іс-шаралармен ғана айналысып қоймай, өздерінің бос уақытын да тиімді өткізуге де тырысады. Орталықтың ортақ жоспарына сай олар спорттық және зияткерлік ойындар ұйымдастырып қоймай, бір-бірімен достық байланыстарын нығайтуда.
«Қуантарлығы, осы істің басы-қасында жүрген жастар өте белсенді, жалынды. Бірі уақытын бөліп көмектессе, бірі жаңа бастама көтеріп, қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Осындай қарқын барда еріктілер қатары азаймай, керісінше жыл сайын артары сөзсіз. Жүрегі ел деп соққан әр жасқа жол ашық. Ниет болса, мүмкіндік табылады. Ең бастысы, бейжай қалмай, қолдан келгенше жақсылық жасау», – дейді Нұрбек Нысанбекұлы.
Ерікті болу – еріккеннің ісі емес. Ол – адамдықтың ең биік өлшемі, елге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Қай заманда да қоғамды алға сүйрейтін –осындай бейжай қарамайтын, жүрегі мейірімге толы жандар. Ендеше, ерікті болуды әрбір азамат өмір салтына айналыру керек-ақ. Сонда ғана елдің де еңсесі биік, болашағы баянды болмақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














