Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өрілген өмір

Еңбекпен өрілген өмір

2025 жыл – ел тарихында «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде ерекше аталып өтуде. Бұл бастама маңдай терімен, адал еңбегімен ел дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолына терең үңілуге, өскелең ұрпаққа үлгі етіп ұсынуға тамаша мүмкіндік.
Осыған орай, Ғани Мұратбаев мемориалдық музей ұжымы еңбек майталманы, Социалистік жарыс жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Қожабике Қалданқызы Әбдіхалықованың өнегелі ғұмырын дәріптеу мақсатында арнайы жұмыс жүргізіп, апайдың келіні Гүлнұр Құлниязованың көмегімен құнды құжаттар мен марапаттарды музей қорына қабылдап алдық. Бұл материалдар бір ғана адамның емес, тұтас бір дәуірдің, ауыл еңбеккерінің шынайы шежіресі.
1946 жылы Қазалы ауданы, Сарыкөл ауылдық кеңесіне қарасты Мәдениет колхозында қарапайым қазақ отбасында дүние есігін ашқан Қожабике Қалданқызы Әбдіхалықова – адал еңбегімен ел есінде қалған ардақты ана, білікті маман, еңбек майталманы. Ол Кеңес дәуіріндегі «еңбек адамының» шынайы бейнесі, шын мағынасындағы жұмысшы маман иесі еді.
Қожабике 1962 жылы №90 Абай атындағы 8 жылдық мектепті тәмамдаған соң, ауылда еңбекке араласып, 1964 жылдан бастап Абай колхозында қатардағы жұмысшы ретінде еңбек жолын бастайды. Қолынан кез келген шаруашылық жұмысы келетін еңбекқор жас қыз 1970 жылы егіс бригадасында звеновод болып, күріш өсірумен айналысады. Әрбір атқан таңын егіс басында қарсы алып, еңкейген кешін қырманға дейін жалғайтын, ол күріштің әр гектарынан 50-80 центнерге дейін өнім алып, ауылдағы үздіктер қатарынан көрінді.
1970 жылдардың ортасында Қазалы қаласындағы СПТУ-34 кәсіптік училищесінде арнайы 3 айлық курсты бітіріп, механизатор мамандығын алып шығады. Бұл ол заманда әйел баласы үшін сирек таңдалатын мамандық болатын. Дегенмен Қожабике “Беларусь” тракторын еш қиындықсыз меңгеріп, күрішті селкімен егіп, күзде жинап, өнімді қырманға тасып, қойшылардың мал азығын дайындауға дейін атқарды. Бұл да нағыз жұмысшы маманның белгісі.
Еңбегімен көзге түскен Қожабике Қалданқызы 1973 жылы КПСС мүшелігіне қабылданып, 1974–1987 жылдар аралығында аудандық және облыстық Советке депутат, облыстық партия конференциясы мен кәсіподақ конференциясының делегаты, пленум мүшесі болды. Бұл жұмысшы табының қоғам өміріне белсене араласуының жарқын көрінісі еді.
Тынбай төккен маңдай тері мен адал қызметінің өтеуі ретінде ол «Құрмет» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Қола» медаль, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атағы және «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Қызылорда облысының «Таңдаулы күрішшісі» атанып, 1 және 2-дәрежелі «Ана» ордені, 2010 жылы «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған.
Қожабике апай еңбекпен қатар отбасы тәрбиесіне де үлкен көңіл бөлді. Жолдасы екеуі жеті бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. 1992 жылы зейнетке шыққан соң немере бағып, шөбере сүйіп нағыз бақытты, дана әже дәрежесіне жетті.
Отбасы мүшелерінің айтуынша, Қожабике Қалданқызы өте ұқыпты, тәртіпті, бастаған ісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын табанды жан болған. Ауыл ішіндегі мәселелерге де бейжай қарамай, жастар арасындағы түсініспеушіліктерге ақылын айтып, ел арасына татуластырушы болып жүрген. Екі енесін бағып-қаққан, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқор бола білген көреген келін ретінде де ұрпағына үлгі көрсетті.
Оның өмірлік басты қағидаларының бірі – адал еңбек пен туған ауылына деген сүйіспеншілік еді. «Ауылды сүй, еңбекті құрметте, ешкімнің ала жібін аттама» деген қарапайым ұстанымды өзі ғана емес, балалары мен немерелерінің бойына да сіңіре білді. Еңбектің қадірін, адамдықтың парқын өмірімен дәлелдеп өткен ардақты жанның өнегесі бүгінде ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталып келеді.
Қожабике Қалданқызы Әбдіхалықова 2024 жылдың қараша айында өмірден озды. Артында өшпес өнегесі мен музей қорында сақталған тарихи мұрасы қалды. Еңбегімен елге сыйлы болған ардақты ананың есімі әлі талай ұрпақтың жүрегінде құрметпен аталмақ.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің
ғылыми қызметкері


09 тамыз 2025 ж. 46 0

Еңбекпен өрілген өмір

09 тамыз 2025 ж. 47

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031