Елге қызмет еткен еңбек иесі
Қазалының құнарлы топырағы талай еңбек адамын тәрбиелеп, ел абыройын асқақтатты. Сондай жанның бірі – Қазалы жерінде өмір сүріп, маңдай терімен абыройға бөленген білікті маман Реметулла Мұсаев еді.Ауыл шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек еткен азаматтың өмір жолы мен қызметі туған жерге адал қызмет етудің айқын үлгісі болып қалды.
Реметулла Мусаұлы 1930 жылы дүниеге келді. Жастайынан еңбекке жақын болып өскен ол болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстырды. 1953 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп, алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруды мақсат етті.
Еңбек жолын 1954 жылы Қазалы ауданының ХХІІ партсъезд атындағы совхозында агроном болып бастаған ол бұл салада алты жыл табанды еңбек етті.
Егіншілік пен шаруашылықты ұйымдастыру ісіндегі біліктілігі, жауапкершілігі мен іскерлігі басшылық тарапынан жоғары бағаланып, 1960–1962 жылдары сол совхоздың бас агрономы қызметіне тағайындалды.
Жер-Ананы – тек еңбек нысаны емес, тіршілік көзі, аманаты деп санайтын ол әрбір дәннің өсіп-өнуіне, әрбір егіннің берекесіне жауапкершілікпен қарады. Қазалының табиғатын, топырақ ерекшелігін, су мен еңбек үйлесімін терең түсінген агроном өз білгенін шаруашылықта нақты іске асыра білді. Ауыл шаруашылығы маманының еңбегі – көзге бірден көріне бермейтін, бірақ елдің тұрмыс-тіршілігін алға бастайтын өлшеусіз еңбек. «Әрбір дән – үміт, әрбір алқап – аманат», – дейді екен сөзінде.
Жердің құнарын сақтау, егіннің шығымын арттыру, шаруаның маңдай терін ақтау – оның басты міндеті. Ол тек техника мен есепке сүйенбей, тәжірибеге, табиғатты терең тануға және төзімге арқа сүйейді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы күнделікті жұмыс оның өмір салтына айналды. «Жас келсе, іске» дегендей, таңнан кешке дейін егіс алқабында жүріп, жер жағдайын бақылау, өнім сапасын арттыру, еңбек адамдарының жағдайын ойлау – оның басты мақсаты болды. Соның нәтижесінде көптеген істер тындырылды. Егін көлемі артты, өнім сапасы жақсарды, шаруашылық жұмысы жүйеге түсті. Бұл жетістіктердің артында білікті агрономның білімі мен табандылығы тұрды. Ол тек тапсырманы орындап қана қойған жоқ, қиындыққа мойымай, жауапкершілікті абыроймен атқара білді.
1962 жылдан бастап Реметулла Мусаұлы аудандық статистика басқармасында бас агроном қызметіне жоғарылады. Он бір жылға созылған бұл кезеңде ол ауданның ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін талдап, жоспарлау мен есеп жүргізу ісіне белсене араласты. Сала дамуына қатысты нақты деректер мен жүйелі жұмыс сол жылдардағы маңызды нәтижелердің бірі болды.
Статистика басқармасындағы қызметі үлкен жауапкершілікті талап ететін. Ол бұл міндетте тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, аудан көлеміндегі егіс көлемі, өнім түсімі, жер жағдайы секілді маңызды мәліметтердің нақты әрі жүйелі болуына ерекше мән берді. Әрбір деректің артында маңдай тер мен үлкен еңбек жатқанын терең түсінген ол ауыл шаруашылығының шынайы жағдайын көрсетуге күш салды. Соның арқасында аудан бойынша көптеген мәселелер уақытында анықталып, нақты шешімдер қабылданды.
Кейіннен шаруашылықты басқару ісі сеніп тапсырылып, ол совхоз директоры қызметіне тағайындалды. Бұл кезеңде ол білікті маман ғана емес, іскер басшы ретінде де танылды. Ұжымды ұйымдастыра білуі, еңбек адамымен тіл табыса алуы, тәртіп пен әділдікті қатар ұстануы шаруашылықтың алға басуына жол ашты. Басшы ретінде әр істің басында жүріп, шаруашылықтың дамуына бар күш-жігерін жұмсады.
1973 жылы Октябрь совхозының директоры қызметіне тағайындалды. Шаруашылықты басқаруда тәртіп пен талапты бірінші орынға қойған Реметулла Мусаұлы ұжыммен тіл табыса отырып, істі алға бастыруға күш салды. Ел тағдырына бейжай қарамай, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған еңбек адамы коммунистік партияның қатаң тапсырмаларын бұлжытпай орындауды – әрбір маманға үлкен талап пен төзімділік жүктеді. Осындай сын сағатта өзі де кәсібіне адал болып, бар уақытын жауапкершілікке жұмылдырды. Алайда арада бір жыл өткен соң мезгілсіз дүниеден өтті.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Реметулла Мұсаевтың аудандық деңгейдегі жауапты қызмет пен шаруашылық басшылығындағы кәсіби білімі мен адамдық болмысының үйлесім тапқанын айқын көрсетті, соңында елге сіңірген еңбегі мен өнегелі жолын қалдырды.
«Реметулла Мусаұлы осы уақыт аралығында өз ісін сүйген маман ғана емес, ауыл еңбеккерлеріне бағыт-бағдар беретін ақылшы, тәжірибесімен бөлісетін ұстаз іспетті еді», – дейді көзін көргендер. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында ел еңсесі тіктеліп, несібесі молаяды.
Ауыл шаруашылығы маманының маңдай терімен атқарған әрбір ісі – жерге сіңген еңбек, халыққа тиген пайда.
Еңбектің қадірі – оның ұзақтығында емес, елге берген пайдасында. Кейде бір адамның маңдай термен өткен қысқа ғұмыры тұтас бір кезеңге татиды. Аз уақытта айтарлықтай іс тындырған жан еңбектің шынайы қадірін көрсете білді. Өмірден ерте өтсе де, артында қалған игі істері, адал аты мен ел ризашылығы – өлмес мұраға айналды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














