Қажырлы еңбек – құрметке лайық
«Еңбек ер атандырады» дейді дана халқымыз. Расында, қай саланың болмасын өзіне тән жауапкершілігі, қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сол жолда маңдай терін төгіп, бар күш-жігері мен білімі, қажыр-қайратын туған елдің өркендеуіне арнаған еңбек адамдары қай кезде де құрметке лайық.Өткен жұма күні ауыл шаруашылығы саласында өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған «Жалаңтөс» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Құрмет биігіндегі еңбек иесі» атты тағылымды кеш өтті. Ауыл шаруашылығының дамуына 41 жыл ғұмырын арнап, еселі еңбек еткен Абзал Сәрсеновті осы салтанатты шарада әріптестері мен замандастары құрметті еңбек демалысына шығарып салды. Еңбек жолы мен азаматтық болмысы дәріптелген мазмұнды кешке біз де қатысып, маңдай терімен абыройға жеткен еңбек адамына көрсетілген ерекше құрметтің куәсі болып қайтқан едік.
Шара шымылдығы ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Нұрман Бекжанның мерейтой иесінің бейнесіне еніп орындаған әсерлі көркем монологымен түрілді. Одан кейін кеш иесі зор қошеметпен сахна төріне шақырылып, құрметті орыннан табылды.
Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев ашып, аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізді.
– Абзал ағаның өмір жолы көпшілікке жақсы таныс. Ол саналы ғұмырының 41 жылын ауыл шаруашылығы саласына арнап, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын әрдайым ерекше атап келеді. Сол маңызды саланың өркендеуіне адал еңбегімен қызмет еткен азаматтардың бірі – Абзал Сәрсенов. Ол еңбек майданында ғана емес, қоғамдық жұмыстар мен саяси науқандарда да белсенділік танытып, елдің ауызбірлігі мен ынтымағын нығайтуға өз үлесін қосты. Сондықтан оның еселі еңбегін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Елге сіңірген еңбегіңіздің зейнетін көріп, отбасыңызбен амандықта, абырой биігінде ғұмыр кеше беруіңізге тілектеспіз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ізгі тілектен соң Жалғас Оңғарұлы аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың Құрмет грамотасын мерейтой иесіне табыстап, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Салтанатты кеште сөз алған «Жалаңтөс» ЖШС-ның басшысы Қасқырбай Әлімбай да кеш иесін мерейлі құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтап, ұзақ жылдар бойы бірге атқарған еңбек жолынан тағылымды естеліктерімен бөлісті.
– Бұл шаруашылықтың алғашқы қадамын жасап, іргетасын қалаған кезеңдер күні бүгінгідей көз алдымда. Сол бір қиын-қыстау уақытта шағын ғана тұрақжайдан басталған еңбек бүгінде іргелі шаруашылыққа айналды. Сол жолдың басынан бүгінге дейін Абзал осы ұжымның бел ортасында жүрді. Еңбекпен шыңдалды, тәжірибесі толысты, ауылдың өсіп-өркендеуіне аянбай қызмет етті. Болмысы байыпты, мінезі сабырлы, ісіне жауапкершілігі жоғары азамат ретінде әріптестерінің құрметіне бөленді. Қандай істі де тиянақты атқарып, тапсырылған жұмысты соңына дейін жеткізетін еңбекқорлығы көпшілікке үлгі болды. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті жарасқан, ұжымның сыйлы азаматы ретінде абыройы әрдайым биік болды. Енді осы жылдар бойғы маңдай тер мен адал еңбектің жемісін көріп, отбасыңыздың ортасында аман-есен, қадір-құрметке бөленіп жүре беруіңді тілейміз, – деді шаруашылық басшысы.
Одан кейін Қасқырбай Әлімбай мерейтой иесіне ұжым атынан ерекше құрмет көрсетіп, қаржылай сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар өзі тізгіндеп келген қызметтік автокөліктің кілтін салтанатты түрде сыйға тартып, бүгінге дейін қалтқысыз еткен қызметіне шынайы ризашылығын білдірді.
Әдемі естеліктермен өрілген әсерлі кеште Абзал Сәрсеновпен ұзақ жылдар бойы иық тірестіре еңбек еткен әріптестері мен замандастары жүрекжарды лебіздерін білдіріп, оның елге сіңірген еңбегі мен азаматтық тұлғасына ерекше тоқталды. Атап айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған Күнтілес Назымбеков пен кезінде «Алшын» шаруашылығын басқарып, кеш иесімен үзеңгілес қызмет еткен Есенкелді Мәли сөз алып, бірге өткізген еңбек жолындағы жарқын сәттерді тебірене еске алды.
Олар Абзал Төреахметұлының қай қызметте де жауапкершілікті басты ұстаным етіп, елдің игілігі мен халықтың мүддесін әрдайым бірінші орынға қойғанын ерекше атап өтті. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, әділдігі мен қарапайым болмысы, еңбекке деген адалдығы оны әріптестері арасында сыйлы, көпшілік алдында беделді азамат деңгейіне көтергенін айтты. Сонымен қатар жас мамандарға ақыл-кеңесін аямай, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, олардың кәсіби қалыптасуына жол көрсеткен тәлімгерлік қасиеті де ерекше құрметке лайық екендігі тілге тиек болды.
Шараға арнайы ат басын бұрған замандастары мен достары да өткен күндердің жарқын естеліктерімен бөлісіп, Абзал Төреахметұлының адамгершілік қасиеттеріне, қарапайымдылығы мен еңбекқорлығына тоқталып, құрметті еңбек демалысына шығуымен шын жүректен құттықтады.
Кештің сәнін аудан өнерпаздарының әуелете шырқаған әсем әндері мен жүрекке жеткен жырлары келтірді.
Салтанатты шара соңында сөз алған Абзал Төреахметұлы жиналған көпшілікке, әріптестері мен замандастарына, ұйымдастырушыларға және өзіне құрмет көрсетіп келген барша ағайынға шынайы алғысын білдірді. Ол еңбек жолында бірге жүрген азаматтарға ризашылығын жеткізіп, қай кезде де ел сенімін ақтауға тырысқанын айтып өтті.
«Туған өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, оған адал қызмет ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Мен де өмір жолымның ең мағыналы, ең мазмұнды жылдарын осы Жалаңтөсте өткізіп, ел игілігі үшін еңбек еткеніме ризамын. Бүгінде ауылымыздың ажарын арттырып, шаруашылықтың дамуын одан әрі жалғастыратын жас мамандарға үлкен сенім артамын», – деді ардагер.
Кәсібилік, табандылық және қарапайымдылық – Абзал ағаның өмірлік ұстанымына айналған асыл қасиеттері. Адамдық болмысын биік қойып, кәсіби міндетіне әрдайым зор жауапкершілікпен қараған ол шаруашылықтағы сан жылғы жемісті еңбегін қимастықпен аяқтады. Ендігі кезекте абыройлы еңбектің зейнетін көріп, маңдай термен жеткен жетістіктерінің рахатына бөленетін, отбасының жылуы мен қыздарынан тараған ұрпақтың қызығын көретін өмірінің жаңа, шуақты кезеңі басталғалы отыр.
Айта кету керек, Абзал Төреахметұлы Сәрсенов биыл желтоқсан айында 65 жасқа толмақ. Ғұмырын адал еңбекпен өріп, азаматтық тұлғасына қылаудай кір жұқтырмай, абырой биігінен көрініп келе жатқан оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай тағылымға толы.
Абзал Төреахметұлы еңбек жолын «Қызыл ту» күріш совхозында дәнекерлеуші-слесарь болып бастап, жастайынан маңдай термен еңбек етудің қадірін түсінді. 1980-982 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, әскери қызметтен үлкен өмір мектебінен өткен азамат ретінде елге оралды.
1983 жылы Шымкент совхоз-техникумын «агроном» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылдың сәуір айынан бастап туған жеріндегі «Қызыл ту» совхозында агроном болып еңбек жолын жалғастырды. Білімі мен іскерлігінің, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжым арасында зор беделге ие болып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосты.
1996 жылдан бастап 2016 жылға дейін жиырма жыл бойы бас агроном қызметін абыроймен атқарды. Осы кезеңде күріш шаруашылығын дамытуға, өнімділікті арттыруға, жаңа агротехнологияларды тиімді енгізуге және еңбек ұжымының кәсіби әлеуетін көтеруге аянбай еңбек етті. Тәжірибелі маман ретінде жас агрономдарға бағыт-бағдар беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
2017 жылдан бастап 2025 жылға дейін «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарып, шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, өндірістік көрсеткіштердің артуына және ауыл шаруашылығының өркендеуіне қомақты үлес қосты. Басшылық қызметте де іскерлігімен, әділдігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, әріптестері мен ауыл тұрғындарының зор құрметіне ие болды.
Ұзақ жылғы табанды еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болып, саладағы кәсіби біліктілігі мен жемісті еңбегі жоғары бағаланды. Сонымен қатар 2022 жылы Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталып, бұдан бөлек аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген марапаттардың иегері атанды.
Бүгінде Абзал Төреахметұлы – тек білікті маман ғана емес, берекелі әулеттің тірегі, ардақты жар, аяулы әке. Өмірлік серігі Гүлсім Құлтановамен бірге қыздарын қияға қондырған бақытты ата-ана атанып отыр. Балалары жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша ел игілігі жолында абыроймен еңбек етіп келеді.
Қош. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығының өркендеуіне, туған жердің дамуына арнаған азаматтың еселі еңбегі мен ел алдындағы абыройлы жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала бермек.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














