Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендіктің айбыны, ұлттық тұтастықтың кепілі

Егемендіктің айбыны, ұлттық тұтастықтың кепілі

Қазалы ауданында Қазақстан халқы тілдері күні және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» атты мемлекеттік және идеологиялық салмағы зор, мазмұнды іс-шара өтті. Елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды конституциялық реформалар мен Жаңа Конституциямызда мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, оның мемлекет құрушы фактор ретіндегі рөліне айрықша мән берілгені белгілі. Осы орайда Ата заң деңгейінде бекітілген саяси өзгерістер аясында ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен жиынды аудандық «Қазақ тілі» қоғамы жоғары деңгейде ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырып келеді. Бірлестіктің жүйелі жұмысының арқасында бұл атаулы күн жай ғана мереке емес, аудан көлеміндегі мемлекетшілдік сананы бекітетін, ұлттық рухты оятатын стратегиялық маңызы бар жиынға айналды.
Мерекелік кеш шығармашылық тұрғыдан өте жоғары деңгейде дайындалып, көрерменге бағдарламалық мазмұны терең, арнайы тақырыптық өнер түрлері көрсетілді. Сахна төрінде Ұлт ұстазының өшпес мұрасы мен Алаш қайраткерлерінің тіл үшін күресін сипаттайтын театрландырылған қойылымдар қойылып, «Ананың тілі», «Қазақ тілі», «Жаса, қазағым!» әндері мен Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесі ұлттық нақышта шырқалды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Президенттің мемлекеттік тіл саясатына қатысты берген тікелей тапсырмалары мен еліміздегі тілдік ортаны дамыту бағытындағы оң өзгерістерге кеңінен тоқталды.
«Қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік символы ғана емес, ол – жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің басты тірегі. Бүгінде Президент саясатының арқасында елімізде мемлекеттік тілді дамытудың мүлдем жаңа, жасампаз кезеңі басталды. Бұл оң өзгерістер мен Ата заңымыздағы жаңа талаптар біздің Қазалы ауданында да іс жүзінде көрініс тауып отыр. Ресми іс-қағаздардың сауатты жүргізілуінен бастап, жас ұрпақтың ана тілінде білім алуына дейінгі барлық сала осы саяси бағытқа сай өркендеуде. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – ұлттық қауіпсіздігіміз бен егемендігіміздің кепілі», – деді аудан басшысы.
Мерекенің ең салтанатты сәті – ана тілінің мәртебесін өсіруге, Президенттің тіл саясатын жергілікті жерде іске асыруға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Сан саланың майталмандары жиналған кеште ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген білім беру саласының жетекшілері жоғары дәрежелі «Абай аманаты» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында №276 орта мектептің директоры Дархан Алдабергенов, №78 орта мектептің директоры Гүлдәурен Жүргенова, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мафруза Тикеева, №2 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасы меңгерушісі Анар Кеулімжай және №91 орта мектептің бастауыш ұйымының төрайымы Индира Жәлімбетова бар.
Сонымен қатар мемлекеттік тілді ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналдырып, күнделікті жұмысында белсенділік танытқан бірқатар тіл жанашырлары Аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Атап айтқанда, №16 мектеп-лицейдің оқу ісінің меңгерушісі Ғалия Ахметова, Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мeктептің кітапханашысы Ұлдана Ақбай, №266 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанасыл Есеналиева, Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Набат Жұбанова, С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуаныш Жанпейісов пен №23 «Қарлығаш» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Раушан Қоянбай және аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі Айнұр Қазмағамбетова сынды азаматтардың еңбегі ерекше атап өтілді.
Қоғамда мемлекеттік тілдің саяси мәртебесін көтеруге қоғамдық ұйымдар да зор үлес қосып келеді. Осы ретте ана тілінің жанашырларына Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хаты табыс етілді. Олардың қатарында Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжазира Изатова, Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясының бастауыш ұйым төрайымы Шынар Пірманова, Аудандық Қорқыт ата атындағы өнер мектебінің бастауыш ұйым төрайымы Ғазиза Сүлейменова және №100 орта мектептің бастауыш ұйым төрайымы Ақынсара Дауылова игі марапаттың биігінен көрінді.
Ана тілінің қолданыс аясын мемлекеттік органдар мен бұқаралық деңгейде кеңейтуде аудандық белсенді қауым да шет қалған жоқ. Салтанатты кеште Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының Алғыс хатымен бір топ белсенділер марапатталды. Олар: №24 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанаркүл Есенжолова, №7 «Балдырған» бөбекжай балабақшасының сарапшы-тәрбиешісі Жадыра Садықова, Аудандық көпбейінді орталық аурухананың мейіргерлері Айсұлу Арықбаева мен Бақытгүл Әлібаева, Аудандық теміржол ауруханасының нейроинсульт бөлімінің аға мейіргері Айнұр Маханбеталиева, Аудандық Арал-Сарыбұлақ мекемесінің бастауыш ұйым төрайымы Іңкәр Асанова, №134 мектептің кітапханашысы Маржан Садибасова және Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері Гүлназ Қарасай.
Аудан орталығында өткен бұл мазмұнды шара тілдің – ұлттық код, мемлекеттік тірегіміз екенін тағы бір мәрте айқындап, Ата заңдағы және Президент саясатындағы тілдік басымдықтарды іс жүзінде орындау әрбір қазалылықтың қасиетті борышы екенін паш етті.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
12 қыркүйек 2026 ж. 15 0

Күлкі – көңіл айнасы

12 қыркүйек 2026 ж. 15

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930