Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күлкі – көңіл айнасы

Күлкі – көңіл айнасы

Қазақтың әзіл мен оспақты қоржынына салып, қалт етсе қалжың айтып, маңайын мәз-мейрам ететін мінезі бар. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз де халқымыздың әзілді өнер, күлкіні көңілдің шырағы санағанын аңғартса керек.
Сол бір есті дәстүрдің үзілмей, сахна төрінде жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Қазалыда жыл сайын ұйымдастырылатын облыстық әзілқойлар сайысы – соның айғағы. Өткен бейсенбіде Абай ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен кезекті өнер додасы көрерменге күлкі сыйлап қана қоймай, әзілдің ар жағында үлкен ой жататынын тағы бір танытты.
Бұл жолғы байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, әнші Кенже-Әлі Асқар Мақсатбайұлының 70 жылдық мерейтойына орайластырылып, «Күліп өткізген күн – бақыттың бастауы» деген атаумен өтті.
Мерекелік шараның шымылдығын Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Әлиев ашып, мерейтой иесіне жүрекжарды тілегін жеткізді. Өнер жолында жеті белесті артқа тастаған Кенже-Әлі Асқардың ел мәдениетіне сіңірген еңбегіне тоқталып, шығармашылық жолына жоғары бағасын берді.
Өнер додасының мақсаты – мерейтой иесінің шығармашылық жолын дәріптеу, әзіл-сықақ өнерін кеңінен насихаттау, өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін шыңдау, сахна мәдениетін қалыптастыру және көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Байқау шарты бойынша 30 жастан асқан, әзіл-сықақ және драма үйірмелерінің мүшелері бақ сынады. Қатысушылар өз өңірлерінде танымал жергілікті әзіл орындаушыларының шығармаларын монолог жанрында бес минут көлемінде орындап, сахнадағы шеберліктерін ортаға салды.
Әрине, әзіл айту – жай ғана күлдіру емес. Оның астарында өмір шындығы, адам мінезі, қоғам тынысы бар. Сондықтан қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне ғана емес, әзілдің мазмұны мен мағынасына, сахна мәдениетіне, көрерменмен жұмыс істей білуіне де мән берді.
Өнерпаздардың өнерін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, әнші Кенже-Әлі Асқар, Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Райса Тасыбаева және байқаудың демеушісі әрі ұйымдастырушысы Нұрлыбек Сүлейменов бағалады.
Күлкілі кешке Қазалы, Қызылорда, Сырдария және Жалағаш аудандарынан барлығы тоғыз өнерпаз қатысып, өзара бақ сынасты. Әрқайсысы сахнаға өзіндік өрнегімен шығып, тапқырлығы мен актерлік шеберлігін көрсетті. Бірі өмірден алынған оқиғаларды әзілге арқау етсе, енді бірі қарапайым тұрмыстық жағдайларды ұтымды жеткізіп, көрерменді ду күлкіге бөледі.
Сайыс соңында үздіктердің есімі аталып, жеңімпаздар марапатталды.
Бас жүлде Қазалы қаласы орман шаруашылығының еңбек ардагері Құтеке Сәдуақасқа бұйырды. Бірінші орынды Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылының «Әзілоспақ» театрының жетекшісі Айбек Есқараев иеленді. Екінші орынды Қызылжарма ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Гүлмира Үрмашова еншіледі.
Ал үшінші орынды Сырдария ауданы Тереңөзек ауылынан келген Әділ Ерғали мен Қазалы қаласы Лахалы ауылының өкілі Нақып Досжанов өзара бөлісті.
Өнер додасына қатысып, сахнада өнер көрсеткен өзге де өнерпаздар Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік кештің соңында мерейтой иесі Кенже-Әлі Асқардың туған-туыстары мен достары ұйымдастырушыларға, қазылар алқасына және байқауға қатысқан өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді.
Күлкі – жеңіл нәрсе көрінгенімен, жақсы әзілдің жүгі ауыр. Ол көңілді көтеріп қана қоймай, ойға жетелейді. Ал халықты күлдіре жүріп, ойландыра білетін өнердің өміршең болары сөзсіз.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

12 қыркүйек 2026 ж. 17 0

Күлкі – көңіл айнасы

12 қыркүйек 2026 ж. 18

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930