Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық медицина мен шұғыл көмектің үндесуі

Отбасылық медицина мен шұғыл көмектің үндесуі

Заманауи денсаулық сақтау жүйесі білім мен тәжірибенің тоғысқан жерінде дамып келеді. Дәстүрлі түсінікте отбасылық дәрігер барлық аурудың бастапқы сатысын емдейтін жалпы тәжірибе маманы болып есептелсе, бүгінгі таңда маңызды саланың шекарасы кеңейді. Отбасылық медицина тобына әртүрлі бейіндегі жоғары санатты мамандардың, соның ішінде реаниматолог-анестезиологтар мен инфекционистердің интеграциялануы пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасын түбегейлі жақсартатын маңызды қадам.
Реаниматолог-анестезиолог әдетте ауруханалардың қарқынды терапия бөлімшелерімен байланыстырылады. Алайда бұл маманның отбасылық денсаулық сақтаудағы орны ерекше.
Үй жағдайында немесе амбулаториялық деңгейде кенеттен жүрек тоқтап қалу, анафилактикалық шок, тұншығу немесе ауыр жарақаттар орын алғанда, реаниматологтың әдістемелік дағдылары өмір мен өлім арасындағы шекараны сақтап қалуға көмектеседі.
Төсек тартып жатқан, тыныс алуы бұзылған немесе ауыр аурулардың соңғы сатысындағы науқастардың туыстарына үйде арнайы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырады.
Онкологиялық немесе ауыр неврологиялық аурулармен ауыратын отбасы мүшелеріне созылмалы ауырсыну синдромын бақылау бойынша тиімді ұсыныстар береді.
Үйде ауыр науқасы бар отбасыларға алғашқы көмек көрсету элементтерін, жасанды тыныс алу және жүрекке массаж жасау техникасын үйретеді.
Міне осындай керемет салада өмірлерін тоғыстырған ерлі-зайыптылар Қазалы теміржол ауруханасында халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді.
Атап айтқанда, Бақытбек Оңбосынұлы мен Перизат Серікқызы тағдырларын медицина саласымен және бір-бірімен мәңгілікке байланыстырған өнегелі отбасы. Ақхалаттылардың өмір жолы мен кәсіби ұстанымы нағыз адалдықтың, жауапкершіліктің және ерен еңбектің жарқын үлгісі. Болашақ дәрігерлердің алғашқы қадамы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында басталды. Білім қуа жүріп танысқан жастар ортақ мақсат пен мамандықтың қадірін түсініп, жүрек қосып, берік отбасының іргесін қалады.
Бүгінгі таңда өнегелі шаңырақ Қазалы ауданының денсаулық сақтау саласында ерекше құрметке ие, алға қойған мақсаттары айқын, ел алғысына бөленген ардақты жандар.
Бақытбек 2014 жылы аталған жоғары оқу орнын жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын сол жылы туған жеріндегі Қазалы теміржол емханасында бастаған болатын. Кейіннен анестезиология және реанимация мамандығы бойынша арнайы даярлық курсынан өтті. Содан соң екі жыл резидентурада оқып, реаниматолог-анестезиолог маманы атанды.
Қазір Қазалы теміржол ауруханасының жансақтау бөлімінде күндіз-түні тыным таппай қызмет етіп келеді. Оның жауапкершілігі мол мамандықты таңдауы кездейсоқ емес. Бала кезінен ақ халат киіп, дертке шалдыққандарға қол ұшын созуды армандаған Бақытбектің маңызды салаға келуіне отбасылық дәстүр де үлкен әсер етті. Оның ағалары Сахи мен Ғалымжан Төлегеновтер де медицина саласын таңдаған. Бірі ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп құрметті зейнеткерлікке шықса, екіншісі тіс дәрігері ретінде халықтың алғысына бөленіп жүр. Үлгілі әулет үшін дәрігерлік мамандық ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қасиетті аманат.
Ал оның жары Перизат екі жылдан кейін терапевт мамандығын иеленіп, халыққа білікті медициналық кеңес беруді бастады. Заманауи медицина талаптарына сай білімін ұдайы жетілдіріп отыратын ол ересектер мен балалар арасындағы жұқпалы ауруларды емдеу ісін терең меңгеру мақсатында екі жылдық резидентураны сәтті бітірді.
Бүгінде инфекционист мамандығының қыр-сырын игеріп шықты. Перизаттың жаңа қадамы отбасылық медицинаның шеңберін одан әрі кеңейте түсуде. Инфекционистің отбасылық денсаулықты қорғаудағы маңызы да айрықша. Себебі инфекциялық аурулар кез келген отбасының тыныштығын бір сәтте бұзуы мүмкін. Ол отбасылық тәжірибеге қатысуы эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Отбасы мүшелерінің біреуі жұқпалы аурумен (мысалы, вирустық гепатит, ішек инфекциялары және қызылша мен туберкулез немесе басқа да қауіпті вирустар) ауырған жағдайда, инфекционист инфекцияның басқа отбасы мүшелеріне, әсіресе балалар мен қарттарға таралуына жол бермеу үшін шұғыл ошақтық іс-шаралар жүргізеді. Әрбір отбасының ерекшелігіне, созылмалы ауруларына және жас ерекшеліктеріне қарай жеке вакцинация күнтізбесін құрады.
Жылдар бойы жасырын немесе созылмалы түрде өтетін инфекцияларды (мысалы, герпес вирустары, бруцеллез, паразитарлық аурулар) анықтап, отбасының барлық мүшесін кешенді сауықтырудан өткізеді.
Жыл сайынғы тұмау, ЖРВИ және басқа да вирустық инфекциялардың өршу кезеңінде отбасылық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, алдын алу шараларын үйлестіреді.
Бақытбек өзінің еңбек тәжірибесінде ежелгі ойшылдардың даналығына сүйенеді. Дәрігердің айтуынша, науқастың айығып кетуіне ықпал ететін ең басты факторлардың бірі – адамның өз бойындағы жазылуға деген құлшынысы мен өмірге деген шексіз махаббаты. Сенека Луцийдің «Егер іс-әрекеттеріңізде емделуге деген құлшыныс болмаса, жалғыз дәрігердің емі нәтиже беруі екіталай» деген сөзін алға тартқан ол күн сайын әртүрлі тағдырмен бетпе-бет келеді. Кейбір жан ауруға бой алдырып, өздерін тастап жіберсе, енді бірі ауыр хәлде түссе де, өмірге құштарлығы мен қайсарлығының арқасында дертті лезде жеңіп шығады. Дәрігерлер науқасты аман алып қалу үшін негізгі үш қаруды, яғни емдік сөзді, дәрі-дәрмекті және ота жасау тәсілін қолданады. Әрбір науқаспен жылы сөйлесіп, жанына медеу болуға тырысатын дәрігерлер науқастың тез арада сауығып шығуына үнемі сенім артады.
Перизат өз кезегінде дәрігерлік кәсіптің қасиеті мен жауапкершілігі туралы терең ойларын бөліседі. Оның пайымынша, егер адам нағыз дәрігер атағын алса, бар жан-тәнімен медицинаға беріліп, ғылымдағы танымын арттыруы тиіс. Қасиетті Құранда Алла тағаланың адамның кеудесіне екі жүрек жасамағаны айтылғандай, бір уақытта екі түрлі кәсіптің шебері болу мүмкін емес. Бизнеспен немесе басқа да істермен қатар айналысқан дәрігер науқасқа толық көңіл бөле алмай, салдарынан адам денсаулығы зардап шегуі ықтимал. Сондықтан бұл отбасы бар білімі мен жігерін және уақытын қасиетті медицина саласына арнауды басты мақсат етіп қойған. Жұмыс орнындағы басшылық тарапынан да әрдайым қолдау көрсетіліп, сала мамандарының біліктілігін арттыру курстарына қатысуына жағдай жасалуы олардың кәсіби өсуіне зор мүмкіндік береді.
Үйлесімді жұп кәсіби міндеттерін атқарып қана қоймай, отбасының ұйтқысы болып отыр. Олар жұмыстың қажырлылығы мен қиындығына қарамастан, тәрбиелі де үлгілі ата-ана атанып, өмірден көрген-білгенін төрт баласына дарытып келеді. Дәрігерлік ортаның тәртібі мен адамгершілік қағидалары олардың отбасылық өміріне де берік негіз болған. Ибн Синаның «Дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдансаң, дәрігерге пысқырып та қарамайсың» деген даналық сөзін өмірлік ұстаным еткен әулет әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, ауырмайтын жол іздеуге, денсаулықты бала күннен бастап қастерлеуге шақырады. Қос ақхалаттының еңбегі мен өмір жолы бүгінгі жас маман үшін нағыз кәсібилік пен адамгершіліктің шексіз көрінісі.
Ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс барысындағы ауыр жағдайларға мойымай, күйзеліске төзімділік танытып, кез келген науқастың өмірі мен денсаулығы үшін күресуге әрдайым дайын тұрады. Адам анатомиясын терең меңгерген қос дәрігер кәсіби шеберліктерінің арқасында қаншама науқастың өміріне араша түсті. Қайтадан өмірге деген сенімін оятты. Олардың осындай ерен еңбектері мен кәсіби жетістіктері көптеген аудандық, облыстық марапатпен бағаланды. Әріптестері арасында үлкен абыройға ие болды.
Тәуекелдерді басқарудағы синергия – бұл екі маманның отбасылық медицина жүйесінде бірігуі медициналық көмектің профилактикалық бағытын күшейтеді. Инфекционист қауіпті жұқпалардың алдын алып, иммунитетті көтеру жолдарын қарастырса, реаниматолог кез келген асқыну немесе төтенше жағдай туындағанда сапалы шұғыл көмек көрсету алгоритмін дайындайды. Нәтижесінде отбасы әрқашан медициналық қорғауда болып, аурулардың асқыну қаупі едәуір төмендейді.
Заманауи медицинаның басты мақсаты – аурудың алдын алу және әрбір адамның өмір сапасын жақсарту. Отбасылық дәрігерлер құрамында реаниматолог-анестезиолог пен инфекционистің болуы салауатты, қауіпсіз және әлеуметтік тұрғыдан қорғалған орта қалыптастырудың кепілі.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

12 қыркүйек 2026 ж. 16 0

Күлкі – көңіл айнасы

12 қыркүйек 2026 ж. 15

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930