Астықты алқаптағы алғашқы орақ
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, аудан шаруалары күзгі жиын-терім науқанына белсене кірісті. Жақында ғана күрішке алғашқы орақ түсті. Ащы тер шыққан сайын алтын дән төгіле кетті. Үйілген меруерт астық қырманға одан сайын көрік берді. Осылайша сары алтынға оранған егістік алқаптары диқандардың бір жылдық маңдай тері мен табанды еңбегінің жемісін паш етуде. Ел экономикасының тірегі, азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі саналатын алғашқы орақ науқаны басталып, дала тынысы жандана түсті. Бұл – Жер-Анаға сіңген әрбір тамшы тердің ақталған сәті.Қызылсары қырман басына қатар тізілген заманауи комбайндардың гүрілі мен алтын түстес сабақтардың сыбдырына ұласқан бұл көрініс әрбір тұрғынның жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Биылғы маусым ауа райының әртүрлі құбылмалы жағдайларына қарамастан, шаруалардың қажырлы қайраты мен озық агротехнологияларды тиімді пайдалануының арқасында мол өнімнің негізі қаланады деп күтілуде. Алғашқы орақ науқанының салтанатты түрде ашылуы тек қана техникалық науқан емес, бұл – ата-бабамыздан келе жатқан еңбек пен молшылық дәстүрінің сабақтастығы. Дала төсінде басталған бұл игі іс елдің ырысын еселеп, қамбамыздың астыққа толатынын айқын көрсетеді.
Жақында Қазалы ауданында егінге алғашқы орақ түсті. Дала төсіндегі қызу еңбекті алғаш болып Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» шаруа қожалығының шаруалары бастады. Шаруа қожалығының егіс алқабында өткен орақ салу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандағы зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты. Егінге орақ салу рәсімі басталмас бұрын Алмасбек Әбілқасымұлы дала еңбеккерлерін егінге орақ түсуімен құттықтап, Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
– Бүгін Өздеріңізбен бірге егінге алғашқы орақ салу рәсіміне арналған аудандық «Дала күні– 2026» шарасына жиналудамыз. Бұл – тынымсыз еңбектің жемісін көріп, ел ырысын еселеуге бағытталған жауапты кезеңнің бастауы. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі саласы. Халықтың әл-ауқатын, табысын арттыруда, бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті құруда саланың маңызы өте зор. Ауданымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа-райы мен топырақ құрамына бейімделген күріш – жалпы біздің өңіріміздің негізгі дақылдарының бірі болып табылады. Биыл аудан бойынша 12 мың 475 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріштің көлемі 2447 гектарды құрады. Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысының, үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіп, үлкен қолдаулар жасалды. Бүгінде ирригация жүйелерін жетілдіру, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану және егісті әртараптандыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру тапсырмасына сәйкес биыл ауданымызда күріш көлемін өткен жылмен салыстырғанда 3189 гектарға қысқартылды. Биыл аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен су тапшылығының алдын алу мақсатында аудан көлемінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2026 жылы аудандағы сол жағалау алыбының 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен жұмысын бастауға 801,8 миллион теңге (жоба құны 2 миллиард 589,5 миллион теңге) және «Нартай» каналына механикалық тазалау жұмыстарына 179,2 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан 2026 жылға «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту 2-кезеңі» жобасы аясында каналдарды бетондау жұмыстарына 7 каналдың құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтініп тапсырылды. Қазіргі уақытта жобаларды қаржыландырылу күтілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру бағытында әрі қарай да жұмыстар жалғасатын болады. Егіншісі мәрт, жері жомарт – аудан дихандары ортақ абырой, ел мерейі ісінде қашан да ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Ала жаздай еткен еңбектеріңіз ақталып, қамба астыққа толсын, қырмандарыңыз таси бергей! Баршаңыздың еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Алдағы «Алтын Дән» мерекесінде зор табыстармен кездесейік, – деді аудан басшысы.
Дала төсінде өткен жиында ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген мәртебелі еңбек адамдары марапатталды. Одан соң Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, ақ батасын беріп, егін орағының лентасы салтанатты түрде қиылды.
«Дала кемесі» атанған комбайндар өз жұмыстарын бастап кетті.Күрішке орақ салу рәсімі аудан әкімінің төрағалығымен «Дала күні» семинар-кеңесіне жалғасты. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов күріш жинауға дайындық туралы баяндап берсе, егінді суармалы сумен қамтамасыз ету, су ақысы төлемдерінің барысы және су жолдарына жасалатын жөндеу жұмыстарына байланысты «Қазалысушар» өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Жанбай Садық сөз қозғады. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жаздың шіліңгір ыстығына қарамастан нәтижелі жұмыс жасаған дихандардың еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар алдағы міндет ел ризығын шашпай-төкпей, жауын-шашынға ұрындырмай егінді жинап алу керегін жеткізді. Осыған сәйкес егілген егінді ысырапсыз мерзімінде жинап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов және ауыл әкімдері мен шаруашылық басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудандық полиция бөліміне ауыл әкімдері мен ветеринария қызметкерлері тығыз жұмыс жасап, егістікке түсіп, қараусыз, бағусыз жүрген малдардың иелеріне тиісті шара қабылдауды тапсырды.
Иә, қырман басында тынымсыз еңбек етіп жатқан механизаторлар мен агрономдардың әрбір күні санаулы. Таңғы шық кеппестен жұмысқа кірісетін дала тружениктерінің басты мақсаты – пісіп жетілген өнімді шашып-төкпей, сапалы жинап алу.Алғашқы орақтың сәтті басталуы алдағы күндерге деген сенімді нығайта түседі. Жердің жомарттығы мен адамның еңбегі ұштасқан жерде береке әрдайым мол болмақ. Бұл науқан тек бір шаруашылықтың ғана емес, бүкіл өңірдің, тұтас елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын маңызды қадам.
Әне, іске кіріскен комбайн күннің тас төбеге шыққанына қарамастан сабағы күнмен шағылысқан Сыр маржанын оруда. Иә, маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген еңбек адамының жемісті еңбегі көп-ау, көп...
Айнұр ӘЛИ













