Тілдер күні – рухани бірліктің мерекесі
Фото:
ашық дереккөзден алынды
Қазақстан халқы үшін 5 қыркүйек – ерекше күн. Бұл дата елімізде Қазақстан халқы тілдері күні ретінде аталып өтеді. Мереке қазақтың ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп, ұлттық руханият пен тілдің қадірін айқындай түседі.
Әр халықтың тілі – оның тарихы мен мәдениетінің айнасы. Тіл арқылы ұрпақтар сабақтастығы сақталып, дәстүр жалғасады. Қазақ тілі – біздің мемлекетіміздің мемлекеттік тілі, ұлттың айбыны мен мерейі. Тәуелсіздік алғаннан бері тіл мәртебесін көтеруге, оның қолдану аясын кеңейтуге ерекше мән берілуде.
Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың әрқайсысының ана тіліне құрмет көрсетіліп, мектептерде оқытылып, мәдени орталықтар жұмыс істейді. Бұл – Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, достықты арттыратын құндылық.
Тілдер күні – әр азаматқа ана тілін қадірлеуді, мемлекеттік тілді дәріптеуді еске салатын мереке. Ана тілімізді ардақтап, өзге тілдерді де үйрену – өркениетті қоғамға тән қасиет. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұлағатты сөз осы мерекенің мәнін айқындайды.
Тіл – халықтың жаны, елдіктің негізі. Тілдер күні – барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтарға, рухани бірлікке шақыратын мереке. Сондықтан әрқайсымыз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, болашақ ұрпаққа таза әрі бай қалпында жеткізуге атсалысуымыз қажет.
Күлпараш УРАЗАЛИЕВА,
Қазалы аудандық соты әкімшісінің жетекші маманы