Қызылордада мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі мен стандартқа сәйкес қолданылуы бойынша облыстық семинар өтті
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздік символы!» тақырыбында облыстық семинар өтті.Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерді қолдану және орналастыру тәртібін түсіндіру, осы бағытқа жауапты қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, рәміздерді қастерлеу және оларға құрметпен қарау мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Семинарға Қызылорда қаласы және аудан әкімдерінің идеология саласына жетекшілік ететін орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары және жауапты мамандар қатысты.
Шара барысында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын басты мемлекеттік нышандардың бірі ретіндегі маңызына тоқталып, оларды заңнама талаптарына сәйкес қолдану мен орналастырудың өзектілігін атап өтті.
«Биылғы жыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде айтулы өзгерістермен басталып, жаңа кезеңге қадам басқан жыл болды. Жаңа Конституция қабылданып, ел дамуының негізгі бағдарларын айқындайтын маңызды шешімдер айқындалды.
Осы өзгерістердің барлығы қоғам өмірінің барлық саласына, соның ішінде Мемлекеттік рәміздерге де байланысты жаңа міндеттер жүктейді.
Сондықтан оларды белгіленген талаптарға сәйкес пайдалану және тиісті деңгейде орналастыру – әрбір мемлекеттік орган мен ұйымның жауапкершілігін талап ететін маңызды міндет», – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Сонымен қатар, семинарға арнайы шақыртылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының бас сарапшысы Нұргүл Аубакирова «Мемлекеттік рәміздерді қолдану және орналастыру тәртібі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында мемлекеттік рәміздерді орналастыруға және қолдануға қойылатын талаптар, оларды пайдалану тәртібі, сондай-ақ осы бағыттағы заңнамалық нормалар кеңінен түсіндірілді.

Айта кету керек, облыс көлемінде құқық қорғау органдары, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері мен сала мамандарының қатысуымен мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен орналастырылуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді.
Мониторинг барысында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы мемлекеттік рәміздердің белгіленген талаптарға сәйкес орналастырылуы зерделеніп, түсіндіру және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі.
Облыстық семинар соңында қатысушылар тақырып бойынша пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Семинар жұмысы мемлекеттік рәміздерді қолдану саласындағы жауапты мамандардың біліктілігін арттыруға және осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға бағытталған практикалық алаң ретінде қорытындыланды.













